Ақмол облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысы талқыланды

Семинар түрінде өткізілген шараға орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ, азаматтық қоғамдық институттарының өкілдері қатысты. Алдымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ӨЖО бас менеджері Әсем Әзірбаеваның баяндамасы тыңдалды. Ол өз сөзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 2022 жылға дейін 107 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғандығын атап өтті. Оның ішінде «Тәрбие және білім» кіші бағдарламалары бойынша — 24 шағын жоба, «Рухани қазына» бойынша – 79 жоба және ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды, ішкі туризмді дамыту жөніндегі іс-шаралар, «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша — 4 жоба қарастырылған.

Семинарда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының республикалық басқармасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының бас менеджері, ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі білім беру бөлімінің бас маманы Стелла Ибраеваның «Тәрбие және білім» атты кіші бағдарламасы, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаеваның еліміздің қасиетті орындарына енген тарихи орындары туралы баяндамалары тыңдалды.

Сонымен қатар, семинарда «Атамекен» кіші бағдарламасы жүзеге асыру мәселесі де сөз болды. Осы орайда, 2017 жылы 4,8 миллиард теңге сомаға бірнеше мәдени, тарихи және әлеуметтік нысандарды қайта құру және салу бойынша 57 жоба жүзеге асырылып келеді. Семинарда  әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұртшылықты, қоғам өкілдерін тарту арқылы келешек ұрпақты отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбилеу, қасиетті жерлерді БАҚ арқылы кеңінен насихаттау мәселелері айтылды.