Мектеп тәлімгерлері Ақжайықта тренинг өткізді

Жазғы демалыс лагері типінде жүргізілген үш күндік семинарға барлық аудан және қала мектептерінен жұмысын биыл бастаған 42 тәлімгер қатысты. Шараның мақсаты: мектеп тәлімгерлерінің кәсіби-педагогикалық ұйымдастырушылық деңгейін арттыру, балалармен жұмыстану барысында түрлі факторлар, көптеген қызмет бағыттарын ескеру туралы түсінік қалыптастыру, бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының қызметіндегі жаңа үрдістермен таныстыру, қатысушылардың шығармашылық белсенділігін, көшбасшылық қабілеттерін дамыту.

Семинар аясында тәлімгерлерге арналған оқу-тренингі, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы қызметінің негіздерін түсіндіру жұмыстары, ойын технологиясы, аэродизайн шеберлік сыныптары оздырылды. Сондай-ақ, мектеп тәлімгерлері дебат клубтарының жұмысын жүргізу теориясы мен практикасын, әлеуметтік жоба жазу үлгілерін, тәлімгерлердің жинақ папкасын талқылады.

Айта кетейік, Республикалық бірыңғай «Жас ұлан» балалар және жасөспірімдер ұйымы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылған. Бұл ұйым қоғамдық ұйым болып табылады. «Нұр Отан» ХДП XIII съезінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның жас азаматтарының басын біріктіретін «Жас ұлан» бірыңғай балалар ұйымының жаңа жүйесін құру керектігін атап өткен болатын.Тәуелсіздіктің жылдығына орай 2011 ж. 6 шілдеде «Елорда күніне» орай «Бірыңғай «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестік құрылды. 26 тамыз күні «Жас ұлан» ұйымының құрылтайы өтті. Ұйымның Кеңес мүшелері, жұмыс жоспары қабылданды, ресми нышандары бекітілді. 2011 ж. 1-қыркүйекте Астана қаласы №66 мектепте Елбасы Н.Ә.Назарбаев » Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының алғашқы мүшелерін салтанатты түрде қабылдады.

Тоқтар Ғабдірешұлы