Қазақстанда жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және атаулы әлеуметтік қолдау жүйесі проактивті форматқа көшеді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкімет отырысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды құрады.
25 маусымдағы жағдай бойынша жұмыспен қамту шараларымен 228 мыңға жуық азамат қамтылған. Оның 85 мыңы – жастар. Ал жыл басынан бері жоспарланған 3,1 миллион сапалы жұмыс орнының 2,9 миллионы қамтамасыз етілген.
«Алдағы жұмыс халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің неғұрлым белсенді моделіне көшуге бағытталатын болады. Мансап орталықтары «бэк-офис» моделінен «фронт-офис» моделіне ауысады. Негізгі басымдық бейресми жұмыспен қамтуды анықтауға, азаматтарды атаулы сүйемелдеуге және оларды тұрақты жұмысқа орналастыруға бағытталатын болады», – деді Асқарбек Ертаев.
Мүгедектігі бар адамдарды да жұмыспен қамтудың жаңа моделі енгізіледі. Бұдан бөлек, платформалық жұмыспен қамтуды заңдастыру, «Күміс жас» жобасын іске асыру, кәсіптік оқыту жүйесін жетілдіру және цифрлық шешімдерді енгізу жалғасады.
Жасанды интеллект жұмыс іздеуге көмектеседі
Министрдің мәліметінше, шілде айынан бастап Маңғыстау және Павлодар облыстарында жасанды интеллект технологияларын қолданатын «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» пилоттық жобасы іске қосылады.
Жоба азаматтарға жұмыс іздеу және мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңілдетуге бағытталған.
Әлеуметтік қолдау жүйесі де жаңарады
Министр әлеуметтік қолдау көрсету тәсілі де өзгеретінін айтты.
«Біз туындаған мәселелерге кейін әрекет етуден оларды ерте кезеңде анықтауға көшіп жатырмыз. Бұл әрбір отбасыға атаулы әрі проактивті қолдау көрсетуге мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді Асқарбек Ертаев.
Осы мақсатта Отбасының цифрлық картасы жетілдіріліп, үй шаруашылықтарының әл-ауқатын бағалау әдістемесі жаңартылады. Мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасу кеңейтіліп, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграция күшейтіледі.
Келесі кезеңде eGov Mobile қосымшасында әр отбасының қаржылық жағдайын ескеретін цифрлық бейіндер қалыптастырылады.
Бірыңғай цифрлық платформа аясында жергілікті атқарушы органдар көрсететін 13 әлеуметтік қолдау шарасын алу процесі автоматтандырылған.
Жыл соңына дейін әлеуметтік қолдау шараларын атаулы қағидаты бойынша тағайындау, қызметтерді eGov Mobile арқылы алу мүмкіндігін кеңейту, бірқатар қағаз анықтамаларды алып тастау және мемлекеттік қолдау шараларын толықтай «Әлеуметтік әмиян» сервисіне енгізу жоспарланып отыр.
