Жігітер қай уақытта қыздардан бойын аулақ ұстауға тырысады?

Ойыңызды ашық білдірмейсіз

Ойыңызды ашық білдіріңіз. Жігіттерді қинап, оларға жұмбақтап сөйлеудің қажеті жоқ.  Егер тура айтуға мүмкіндік болса, неліктен айналшықтап, тұспалдап қана жеткізу керек? Егер сіз: «Менің құрбымның сырғасы қандай әдемі!» — дейтін болсаңыз, ол: «Шынында да, солай екен-ау!» — дейді де қояды. Сұранысыңызды нақтылай түсіп: «Жаным, мен құрбымдікіндей сырға алғым келеді», — деп айтсаңыз сырғаға қол жеткізуге деген мүмкіндігіңіз жоғары болатыны сөзсіз.

Еріңізді құрметтеңіз

Әр жігіт іштей өзін нағыз батыр сияқты сезінеді. Мейлі, олар тау қопармай-ақ қойсын, бірақ отбасын өзі басқаруы тиіс екенін сөзсіз біледі. Ал араларыңызда түсінбеушілік орнамас үшін ішіңізден «Мен өзімді әйел ретінде сыйлаймын. Ал сені еркек ретінде құрметтеймін» деп қайталаңыз. Және сол ойыңызды жүзеге асырыңыз.

Көп сөз…

Күніне ер адам шамамен 3 мың, ал әйел 7 мың сөз айтады екен. 4 мың сөз сол проблеманы шешуге қажет болады. Біз мәселенің мән-жайына сөйлеу арқылы көз жеткіземіз, ешкімге өкпе жақпаймыз (бірақ жігіттер солай ойлайды), жай ғана шешімін іздейміз. Өткен оқиғаларыңыз бен келешектегі жоспарыңыздың түрлі жолдарын айтып, жігіттің шыдамдылығын сынға салудың қажеті жоқ. Сіз олардың тек қана үлкен мәселелерге басын қатыратын, ұсақ-түйекке мән бермейтін, көп сөйлегенді жақтырмайтын жаратылыс екендігін ұмытпаңыз. Сол себепті, оқиғаны қысқа ғана қайыруды үйреніңіз, ал толық нұсқасын құрбыларыңызға қалдырыңыз, олар сөзсіз түсінеді.

Жігітті ең жақын құрбыңыздай етуге талпыну

Барлық ішкі сырыңыз бен рухани сезімдеріңізді бөлісуге ұмтылу, сәндік үлгідегі топтамаларды талқылау, дүкендерді бірге аралау… Әйел заты осының бәрі неліктен еркекке қызық емес деп таңғалады. Неге екенін білгіңіз келе ме? Себебі, сіз тізген әрекеттердің кейбір функциясы жігіттерге тән емес.

Жігіттер жақтырмайтын еркеліктер

— Қымбаттым, мені әлі дайын емеспін, күте тұршы!
— Мен киетін ештеңе таба алмай тұрмын!
— Не ойланып отырсың?
— Мына қызға тесіліп қарамашы…
— Айбек жұбайына 2 мың долларға тон алып беріпті…
— Мен көбірек білемін!
— Қайда болдың? Неге телефон шалмадың?
— Саған кім телефон шалған?
— Сен мені сүйесің бе?!