Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Жазғы лагерьге жолдаманы қалай тегін алуға болады?

Фото: Dreamstime.com

Не болды?

Биыл жазғы демалыста 3,2 миллионнан астам оқушыға оқу-сауықтыру бағдарламасы қарастырылған. Басты назарда әлеуметтік осал топтан шыққан, республикалық және халықаралық олимпиада, жарыстан орын алған балалар тұр. Осыған орай жаз маусымына мемлекет тарапынан түрлі лагерьге тегін жолдама беріледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Балалардың жазғы демалысын қызық әрі тиімді өткізу үшін үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жұмыс жоспарын таныстырды. Биыл елде 11 мыңнан астам демалыс орны, оның ішінде мектеп жанындағы лагерь, маусымдық және жыл бойы жұмыс істейтін сауықтыру орталықтары қызмет көрсетеді. Үш миллион бала мектеп жанындағы лагерьде уақыт өткізсе, 168 мың оқушы маусымдық лагерьде демалады. Ал 44 мыңнан астам бала жыл бойы жұмыс істейтін сауықтыру орталығына жолдама алады.

Тегін жолдама кімдерге беріледі?

Биыл аз қамтылған отбасыдан шыққан 729 мың бала және ерекше білім беруді талап ететін 53 мың бала тегін демалыспен қамтылады. Сонымен қатар ата-анасының қамқорлығынан айырылған оқушылар қала сыртындағы лагерьге тегін жолдама ала алады.

Дарынды балаларға да арнайы қолдау қарастырылған. Халықаралық және республикалық олимпиадада, спорт және шығармашылық жарыста жеңіске жеткен бес мың оқушы республикалық «Балдаурен» және «Бөбек» орталығына жолдама алады. Өңір бойынша тағы 370 мың талантты балаға осындай мүмкіндік беріледі.

  • «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы демалысты коммерция негізде де ұйымдастырады. Демек ата-ана баласын ақылы түрде республикалық лагерьге жібере алады. Өтініш беру талабын орталықтың ресми сайтынан білуге болады.

Алматыда лагерьге кімдер тегін бара алады?

Биыл Алматыда шамамен 3,5 мың бала жазғы сауықтыру лагеріне тегін жіберіледі. Бір баланың 10 күндік демалысына арналған жолдама құны 200 мың теңге және бұл толық мемлекет бюджетінен төленеді.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, лагерьге жолдама мына санаттағы балаларға беріледі:

  • аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар;
  • ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар;
  • ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар.

Жолдаманы қалай рәсімдеуге болады?

Өтінішті класс жетекшісі немесе мектеп әкімшілігі қабылдайды. Бала мектеп ұсынған тізімге енбей қалса, ата-ана жергілікті білім бөліміне жүгіне алады.

Жолдама алу үшін мына құжаттар қажет:

  • ата-ананың немесе заңды өкілдің өтініші;
  • баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
  • жеңілдік санатын растайтын құжат;
  • денсаулық жағдайы туралы анықтама.

Шымкентте лагерьге тегін жолдама алу тәртібі

Биыл Шымкентте 245 мың оқушының жазғы демалысын тиімді өткізу жоспарланған. Оның 11 200-і қала сыртындағы лагерьге жолдама алады. Балалар Ақсу, Машат-Арасан, Үркер, Үш бұлақ, Қазығұрт және Көктөбе-1 сауықтыру лагерінде демалады. Бұл орталықтар Түлкібас пен Қазығұрт ауданында, Шымкент пен Кентау қаласында орналасқан.

Лагерьге өтініш QOSYMSHA жүйесі арқылы онлайн қабылданады. Тегін жолдама ең алдымен аз қамтылған және әлеуметтік осал санаттағы отбасының балаларына беріледі. Іріктеу процесі автоматтандырылған.

Басқа өңірдегі балаларға арналған жолдама

Өзге облыстағы лагерьге жіберу тәртібін нақтылау үшін жергілікті білім басқармасына хабарласып немесе бала білім алатын мектеп әкімшілігімен байланысу қажет.

Ірі компаниялардың қолдауы

Мемлекет қаржыландыратын бағдарламалардан бөлек, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруды ірі компаниялар да қолдап келеді. Мәселен, ата-анасы «Қазақмыс» компаниясында қызмет ететін 1200 бала биыл Бурабайдағы және Балқаш көлінің жағалауындағы «Балдәурен» сауықтыру орталығына тегін бара алады.

Сонымен қатар елімізде балаларға арналған өзге де тегін мүмкіндіктер қарастырылған. Мысалы, Астанадағы TUMO орталығында 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдер генеративті жасанды интеллект, робототехника, бағдарламалау және анимация бағыты бойынша тегін білім ала алады.

Тегін әуе сапары

Балалар туризм және спорт министрлігі жүзеге асырып жатқан Kids Go Free бағдарламасы аясында Қазақстан ішінде тегін ұша алады. Бағдарлама іске қосылғалы бұл мүмкіндікті жеті мыңнан астам бала қолданған. Тегін әуе билетін алу үшін туристер ішкі туризм саласындағы туроператорға немесе жеке агенттікке хабарласа алады.

Контекст

Бейбіт заманның балаларын кімнен және неден қорғауымыз керек? Материалды мына жерден оқыңыз.

Мақалаға реакция