Қазақстанда «АрХО-2017» Халықаралық Армия ойындары басталды

«АрХО-2017» ойындарының ашылу салтанатын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің оркестрі бастады. Кейін Халықаралық ойындардың туы көтерілді.

Еліміздің қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов ойынға қатысушыларды құттықтап, жыл сайын қатысушы мемлекеттердің саны артып келе жатқанын атап өтті. Министрдің сөзіне сүйенсек, бұл ойын әскери қызметкерлердің ұрыс тәжрибесін арттырып, елдер арасындағы достастықты арттырады.

Сәкен Жасұзақов "АрХО-2017"
Фото: Руслан Канабеков

«Халықаралық Армия ойындарын өткізу адамдар арасындағы ағайындықты, достастықты арттырады. Оны еліміздің Президенті, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев та қолдайды. Армия ойындары — әлемдік спорт бәсекелерімен қатар тұрған халықаралық масштабтағы үлкен іс-шара. Оны Қазақстанда өткізу — біз үшін үлкен абырой»,- деді Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов.

"АрХО-2017"
Фото: Руслан Канабеков

Ашылу салтанаты кезінде қазақстандық музыканттар барабанда, домбырада ойнап, биден шашу шашты. Қорғаныс министрінің оркестрі өнер көрсеткен кезде «Арлан» ұрыс машиналары мен Т-72Б танктері алаңға шықты.

"АрХО-2017"
Фото: Руслан Канабеков
"АрХО-2017"
Фото: Руслан Канабеков
"АрХО-2017"
Фото: Руслан Канабеков

Аттар арқылы қойылған театрландырылған қойылым көпшіліктің таңдайын қақтырды, шараға келген шетелдік қонақтарды тамсандырды.

"АрХО-2017"
Фото: Руслан Канабеков
"АрХО-2017"
Фото: Руслан Канабеков

Одан кейін десанттар қарулы қоян-қолтық ұрыстың әдіс-тәсілдерін паш етті. Көңіл күйді көтеретін билер мен әндер де болды.

"АрХО-2017"
Фото: Руслан Канабеков

Шараға қатысушы барлық он сегіз елдің командалары арнайы шеруде жүріп өтіп, өздерін таныстырды.

"АрХО-2017"
Фото: Руслан Канабеков

Салтанатты шараның соңында еліміздің ұрыс ұшақтары мен тікұшақтарының әуедегі қойылымы болды.

"АрХО-2017"
Фото: Руслан Канабеков

«Біз «Артиллерия оттарының шеберлері» конкурсына қатысамыз. Оған үш-төрт ай бойы дайындалдық. Мамыр айынан бері осы базада жұмыс істеп жатырмыз. Жеңістен үміттіміз. Былтырғы жылы бірінші орын алдық. Биыл да сол межені көздеп отырмыз. Ойынға қатысып жатқан барлық елдің мүмкіндігі бірдей: техникамыз, тәжірибеміз, дайындығымыз»,-деді аға сержант Фархат Фарисов.

"АрХО-2017"
Фото: Руслан Канабеков

Биылғы жылы Армия ойындары бес: Ресей, Қазақстан, Әзірбайжан, Беларусь, Қытай елдерінің аймақтарында өтеді. Барлығы 28 сайыс бар. Қазақстандағы сайыстар бүгін тамыз айының бірінен басталып, тоғызына дейін  «Отар» базасында өтеді. Олар: «Артиллерия ойындарының шеберлері», «Мергендер шекарасы», «Ұшқышсыз ұшу аппараты сайыстары».

"АрХО-2017"
Фото: Руслан Канабеков

Осы үш сайыста Әзірбайжан, Армения, Бангладеш, Беларусь, Венесуэла, Греция, Зимбабве, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей Федерациясы, Таиланд, Тәжікстан, Өзбекстан мен ОАР сияқты 20 шақты елдерден 400-ге жуық адам қатысады.

Айта кетейік, Халықаралық Армия ойындары Қазақстанда бірінші рет былтырғы жылы өткен еді. Онда еліміздің әскери қызметкерлері Ресейден кейінгі екінші орынды алды. Үшінші орын Қытайға бұйырған болатын.

"АрХО-2017"
Фото: Руслан Канабеков

Биылғы «АрХО-2017» Халықаралық Армия ойындарын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің сайтында және KazSport арнасында тікелей эфирде көруге болады.