ЭКСПО: 17 шілдеде болатын іс-шаралардың тізімі

Сағат 09:30

ЭКСПО-ның Конгресс Орталығында «Сутегі энергиясы: Күделікті өмірде және медицинада қолданылу аясы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Оны Еуроодақтың қолдауымен профессор Хачатрянның клиникасы мен Халықаралық ғылыми-техникалық орталығы ұйымдастырып жатыр.

Хачатрян Ашот Папикович — медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей мен Еуроодақтың еңбегі сіңген өнертапқышы, АҚШ, Қытай мен Ресейде алынған 60-қа жуық патенттердің авторы. Қазіргі таңда оның емдеу тәсілдері АҚШ, Сингапур, Қытайда қолданылады.

Талқыланатын тақырыптар: 

  • Медицинадағы сутегі — созылмалы аурулардың емі: Паркинсон ауруы, аутизм, терінің қатерлі ісігі, сүт бездерінің қатерлі ісігі, меланома, экзема, артрит, гипертония және өзге де мүгедектікке соқтыратын аурулар;
  • Сутегінің тұрмыстық қызметі;
  • Сутегіні косметологияда қолдану.

Сағат 10:45

«Қаржыландырудың «жасыл» апталығында» бизнес-форум болады. Онда Малайзия мен  Астана Халықаралық қаржы орталығы өзара келісім туралы меморандумға қол қояды.

Форум соңы баспасөз конференциясымен жалғасады. Онда:
  • Саид Бакри Саид Абдул Рахман — Малайзияның Қазақстандағы елшісі;
  • Әлібек Нұрбеков — Халықаралық қаржы орталығының басшысы;
  • Зубир Ансори Яхая — Малайзияның қарыз жөніндегі кәсіпорынының директоры;
  • Сайед Ахмад Сайед Мұстафа — «Қаржыландырудың «жасыл» аптасы бағдарламасының директоры, GreenTech Catalyst-тің Бас директоры;
  • Лу Тук Джи — Малайзия павильоны комиссарының орынбасары сөз сөйлейді.

Сағат 11:00

Испания Ұлттық күнінің ресми ашылу салтанаты. Онда испандық танымал қойылым — «Compañía Flamenca» көрермен назарына ұсынылады. Одан өзге «Carros de Foc»  театры да өз туындыларын тарту етпек.

Мерекелік іс-шараның бағдарламасы:

  • 11:30 — «Компаниа Фламенка» қойылымы;
  • 11:45 — «Каррос де Фок» көше театрының шоуы;
  • 17:00 — «Компаниа Фламенка» қойылымы (музыкалық дуэт)
  • 17:30 —  «Дон Кихот Ламанчский» аудармасы дауыстап оқылады;
  • 19:00 — «Компаниа Фламенканың» кешкі шоуы.

«Компаниа Фламенка» 18-21 шілде аралығында күн сайын шоу көрсететін болады.

Айта кетейік, сағат 15:40-та Испания павильонында:

  • Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мен испандық «EUROFINSA S.A.» компаниясының арасында «С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медициналық университеті жанындағы көпсалалы аурухананы салу және іске қосу» туралы меморандум;
  • Қазақстан мен Испания Үкіметтерінің арасында құпия ақпарат қауіпсіздігін бірлесе отырып қорғау туралы келісім;
  • «Қазақстан Авиациялық Индустрия» ЖШС мен «Airbus Defense and Space» компанияларының арасында өзара достастық келісімі;
  • «НК «СПК Астана» АҚ мен испандық «IMASA» компаниясы Астанада құрылыс модульдерін өндіру заводының құрылысы туралы меморандум жасалады.

Одан бөлек, сағат 11:00-де Италия павильонында Сан-Марино Республикасының «жасыл» жетістіктері туралы баспасөз конференциясы өтеді.

Сағат 14:00

ЭКСПО-2017 медиа-орталығында Жапонияның Ұлттық күнін атап өтуге байланысты баспасөз конференциясы өтеді.

Сағат 15:30

Катар мемлекетінің павильонында Golden day өтеді. Павильон қонақтарына концерттік бағдарлама ұсынылады. Онда қазақстандық дарынды саксафоншы Нина Моисеева өнер көрсетеді.

«ЭКСПО-2017» көрмесінің мәдени бағдарламасының аясында:

Сағат 11:00

Ұлттық Академиялық кітапханада араб каллиграфиясының көрмесі өз жұмысын бастайды. Онда Ахмед Карахисари, Махмуд Джалалуддин, Мехмед-Азиз, Мехмед Назиф сынды өзге де каллиграфия шеберлерінің туындылары қойылады.

Атырау облысының мәдени күндерінің аясында «Астана» концерт залында бірнеше көрме ұйымдастырылады. Одан бөлек, сағат 19:00-де Бәйтерек монументінің алаңында Жантөрин атындағы облыстық филармонияның «Нарын» ұлттық аспаптар оркестрі тыңдармандарын тәнті етпек.

Дәл осы уақытта «Жастар» театрында Махамбет атындағы облыстық драма театрының «Сүйінбай» қойылымы көрермен назарына ұсынылады.

Сағат 21:30

ЭКСПО аумағындағы Амфитеатрда Axwell-дің концерті болады.