Қазақстанның жас ғалымдары” жобасының демеушісі – “Kcell“. “Кселл” АҚ – ұялы дауыстық байланыс қызметтерін, сондай-ақ, қысқа хабарламаларды жолдау, мультимедиалық хабарлама алмасу, сонымен бірге, деректерді тарату, оның ішінде Интернетке кіру қызметтерін ұсынатын компания.

Ғылым жолы, білім жолы

Ғылымда 2002 жылдан бері жүрмін, яғни бакалаврдың 3-курсынан бастап лабораторияда жұмыс істедім. Кейін факультетке кафедраға ауыстым. Қазіргі таңда бір лабораторияны өзім басқарып отырмын. Биотехнология  кафедрасының меңгерушісімін.

Аида Қыстаубаева
Аида Қыстаубаева ©SZK.kz

Мектепте биология мен химияны тереңдетіп оқытқаннан бастап, ғылымға деген қызығушылығым оянды. 9-сыныпта «Дарын» республикалық олимпиадасына қатыстым. Онда ғылыми жобаларымызды қорғадық. Сол кезде биологияны өте қатты ұнаттым. Оның үстіне біздің мектепте биология мен химия пәндерінен осы ғылымдардың кандидаттары сабақ берді. Мектеп бітірген соң мамандық таңдау кезінде ойланбастан биотехнологияны таңдадым. Себебі, биотехнология — бүкіл ғылымның тоғысқан саласы.

Аспирантурада жасаған жұмысым ары қарай кандидаттық диссертациямды қорғауға септігін тигізді. Ол кезде дисбактериоз індетінен қорғайтын пробиотикалық препараттар жасадық. Кейін оны клиникаға дейінгі сынамалардан өткіздік. Жуырда дәріханалардың сөрелерінен біздің препараттарды көре аласыздар.

Судағы микрофлора, ірі қара мал немесе ғылыми жұмыстар

Қазіргі уақытта бірнеше салада ғылыми жұмыстар жасап жатырмыз. Біріншісі экологиялық салада: шаруашылық келісім арқылы «ҚазТрансОйл» компаниясымен жұмыс істеп жатымыз. Ол жерде сулардың құрамындағы микроорганизмдердің мөлшерін қадағалаймыз және құбырлардағы тат шақырушы микрооргнаизмдерді анықтаймыз. Егер бір құбырда таттану процесі жүріп жатса, соны дер кезінде компанияға хабарлаймыз. Олар құбырды ауыстырады.

Одан басқа мұнаймен ластанған топырақтарды тазартауға арналған препараттарды жасаймыз.

Сондай-ақ, Ғылым және Білім министрлігінен ұтып алған жобаның жетекшісімін. Ол — ауыл шаруашылығына арналған жоба. Ірі қара малдар шөпті жеген кезде оның бәрі қорытылып, барлық пайдалы заттары малдың бойына дарымайды. Әсіресе, қыста малдарымызды қатты арықтатып аламыз. Ал, қыс мезгілінде Голландия немесе басқа да елдердегі малдармен салыстырып қарасақ, олардың малдары қыстан еш арықтамастан бірқалыпты шығады.

Оның себебі — ірі қара малдың жеген шөбін толығымен сіңіре алмауында. Сол себепті біз бірнеше микроорганизмдердің ассоциациясынан құрылған препарат жасап жатырмыз. Ол жем-шөпке араластырылып беріледі. Препараттағы бактериялар өзінің бойынан целлюлозаны ерітетін фермент бөліп шығарады. Ірі қаралардың асқазанында ондай фермент жоқ. Ал препараттың нәтижесінде жем-шөп тез қорытылып, оның барлығы малдың бойына толығымен дариды. Ешқандай зияны жоқ. Сол себептен Білім және Ғылым министрлігі бізге қаражат бөлді. Биыл бұл препаратты жасап жатқанымызға үшінші — соңғы жыл.

Препараттарды ауыл шаруашылығында бірнеше рет тексердік. Қолданып көрген шаруалар: «Осы дұрыс екен. Баяғыда осыны жасауымыз керек еді»,- деп, жақсы пікірлерімен бөлісіп жатыр. Қолымызда патентіміз бар. Яғни, жоба патенттелген.

Аида Қыстаубаева, лаборатория
©SZK.kz

Бұл препараттарды тауықтарға да бейімдеп жасап жатырмыз. Себебі, тауықтар сальмонеллезбен ауырмас үшін оларға көптеген антибиотиктерді салады. Ал, антибиотик салынған тауықты жесеңіз, ол етпен бірге сіздің ағзаңызға түседі. Себебі, ол тауықтың етінде болады. Сол себепті, қазіргі кезде қазақстандық тауықтың етін тек еліміздің ішінде ғана сатуға мәжбүрміз. Бойында антибиотик көп болғандықтан экспортқа шығара алмаймыз. Есесіне, ел ішінде сатып, халықтың бауырына зияны тиіп жатыр. Осының шешімі бар. Біз ірі қараға арналған препаратқа Bacillus subtilis бактерияларын қосамыз. Ол өзінің бойынан сальмонелла микроорганизмін өлтіретін биологиялық антибиотик бөліп шығарады. Оның ешқандай зияны жоқ. Соның нәтижесінде тауықтар сальмонеллезбен ауырмайды және ондай тауықтың етін экспорттауға болады. Қазір бұл препараттарды да фермаларада тәжірибеден өткізіп жатырмыз. Фермерлер де оның пайдалы екенін айтып жатыр.

Аида Қыстаубаева
Аида Қыстаубаеваның өнертабыстарына патенттер ©SZK.kz

Біз енді осы препараттарды үлкен масштабта сатылымға шығармақпыз. Бағалары қарапайым шаруаларға қолжетімді болады. Себебі, антибиотиктердің бағасынан екі есеге арзан. Әрине, көп адамдар антибиотиктердің әсері бірден болатынын айтып, біздің өнімге күмәнмен қарайды. Сол себепті ауыл шаруашылығындағы мамандарды оқыту, білімдерін жетілдіру керек. Неге шетелдегі тауықтар бактериалды препараттарды ішіп ауырмайды? Ал, біздікілер неге антибиотикке ғана жүгінеді? Соны түсіндіретін семинарларды өткізу керек. Бұл да қолға алынады.

Аида Қыстаубаева
Бактериалды целлюлоза ©SZK.kz

Біз қазір бактериалды целлюлоза да алып жатырмыз. Ол – пленка. Бактериялар өздері сол пленканы бойынан бөліп шығарады. Оны адам күйіп қалғанда, апликациялық жапқыш ретінде қолдануға болады немесе пленканы түрлі бактериялармен байытып, жасартқыш маскаларды шығаруға, жазылмайтын жараларға жабыстырып, жазуға болады. Тіпті шетелдерде сондай пленкадан киім жасап киіп жүр екен (күліп). Біз ондай бағытта емес, медицина саласындағы қасиеттерін зерттеп жүрміз.

«Инго» препараттарына бірнеше мемлекет қызығып отыр»

Арықтағысы келетін немесе уланып қалған адамдарға арналған «Инго-1», «Инго-2» наносорбентті препараттарын да жасадық. Олар белсендірілген көмір сияқты. Бірақ белсендірілген көмір барлық токсиндерді сіңіре алмайды. Ал, наносорбенттер өз бойына барлық токсиндерді жинап алады. Белсендірілген көмірдің тек 5-6 бумасын жеген кезде ғана сондай эффект береді, бірақ шашырап бүкіл ішектің бойына жиналып қалады. Ал біздің препараттар токсиндерді комплексті түрде жинайды да, сыртқа шығып кетеді.

Аида Қыстаубаева
Аида Қыстаубаева ©SZK.kz

Ол тек біздің ғана жұмысымыз емес. Біз оны химиктермен біріге отырып жасадық. Идея авторы — Жану проблемалары институтының химигі Зұлхайыр Мансұров. Ал оны микроорганизмдермен байытып, биологиялық қасиеттерін тексерген біз – менің жетекшім Советская Ирина Станиславқызы екеуіміз. Зерттеу жұмыстарымыз екі жылдай уақытқа созылды. Препараттарды лабораторияда түрлі сынақтардан өткізіп, кеміргіштерге беріп көрдік. Қанша токсинді шығарып тастайды, ағзаға зияны бар ма – бәрін зерттедік.

Осы препараттың халықаралық патенті бар. Оған Жапонияда, Америкада қатты қызығушылық танытып отыр. Себебі, Жапониядағы Хиросима, Нагасакиде болған жарылыстардан кейін токсинмен уланған адамдар әлі де бар. Соларды емдеу үшін жапондар бізден препаратты қалай жасайтынымызды сұрап отыр. Ол — өте үлкен, ауқымды жоба. Болашағы зор деп ойлаймын. Бұл препараттар қазір айналымда жүр, дәріханаларда бар.

Адамның көңіл-күйін көтеретін препарат немесе болашаққа жоспарлар мен идеялар

Мен лактобактерияларды өте қатты жақсы көремін (жымиып). Өйткені, ең бірінші осы сүтқышқылды бактериялармен жұмыс істеген кезде, (олар пробиотикалық бактериялар деп аталады), олардың өте үлкен мүмкіндігі бар екенін түсіндім. Себебі, адам туылған кезде ең бірінші сүт ішеді. Сол сүттің нәтижесінде сәбидің бойына пробиотикалық бактериялар дарытады. Ол бактериялар кішкентай нәресте ауырмауы үшін барлық жағдайды жасап, қорғайды. Бірақ жылдан-жылға бұл бактериялар азаяды. Себебі, адам өскен сайын неше түрлі жаман әдеттер қалыптастырып, темекі тартады, арақ ішеді, әртүрлі антибиотик дәрілерді қабылдайды, тағы да басқа. Ал, ол бактериялар тым азайып кететін болса, тоқ ішектегі токсин бөлетін бактериялар көбейіп, улану сияқты белгілер пайда болады. Себебі, адамның иммунитетіне лактобактериялар мен бифидобактериялардың тобы жауап береді. Осы бактерияларды ары қарай зерттеу – менің арманым.

Аида Қыстаубаева
Аида Қыстаубаева ©SZK.kz

Бір ғылыми мақаладан оқып қалдым: лактобактериялар біздің көңіл-күйімізге де әсер етеді екен. Яғни, сіздің көңіл-күйіңіз нашар болатын болса, бір-екі стақан айран ішіп немесе йогурт жеп алсаңыз, көңіл-күйіңіз жақсарады. Таңертең тұрып йогурт жесеңіз, күнімен көңіл-күйіңіз жақсы болып жүреді. Осы бактериялардың концентрациясын жасап, адамның көңіл-күйін көтеретін бір препарат шығарсам деп ойлаймын. Себебі, адам көңіл-күйін көтеру үшін темекі тартып, арақ немесе энергетикалық сусындарды ішкенше, лактобактерияны көптеп ішетін болса, денсаулығына зиян келтірмес еді. Қазіргі кезде наркотик немесе алкогольді алмастыратын зат жоқ, бірақ оған сұраныс бар. Егер сондай препаратты шығарсақ, адамдар тек қана пайдалы заттарды қабылдап, наркотиктен өздері бас тартып, салауатты өмір салтына көшер еді.

Биотехнология мамандығына оқуға түсушілерге

Биыл биотехнология мамандығына ең жоғары 140 баллмен оқуға түсуге болады деп отырмыз. Ал, төменгі деңгейі әлі белгісіз. Өткен жылдары қазақ тобына ең аз дегенде 94 баллмен, орыс тобында 89 баллмен грантқа түсуге болатын. Биыл балдардың шкаласы өзгеріп кетті. Бірақ оқуға тапсыруға келген балалардың балдарына статистика жасап отырмыз — бәрінікі жоғары. Жалпы ақылы бөлімге түсу үшін шектік балл өзгерген жоқ – 60 балл. Бізде әл-Фараби олимпиадасына қатысқан балалар мен көпбалалы отбасынан шыққандарға оқу ақысына 15 процент жеңілдік беріледі. «Алтын белгімен» бітіріп, бірақ конкурстан өте алмай қалған балаларға университетте арнайы квота бөлініп, тегін алып жатыр.

Аида Қыстаубаева
Аида Қыстаубаеваның жазған оқулықтары ©SZK.kz

Биылғы жылға бөлінген грант саны әлі белгісіз. Бірақ, ҚазҰУ-ға көп бөлінеді. Себебі, ҚазҰУ қазір жақсы жобалар жасаудың нәтижесінде әлемдегі басқа да жоғарғы оқу орындарымен, ғалымдармен байланыс жасап, біздің ғалымдармен өзге елдің мамандары есептесетін жағдайға жетті. Шетелден көптеген студенттер оқуға келеді, ғалымдары да келіп, лекция оқиды. Тіпті, кейбіреуі біздегі білімді жас ғалымдарды өздерінің лабораторияларына шақырып жатыр.

Қазіргі уақытта ғылымның шарықтау шегінде тұрмыз. Барлық жағдайлар жасалып жатыр. Үнемі бізге қажет болатын жақсы құрылғылар басқа оқу орындарымен салыстырмалы түрде алғанда бар. Студенттерге де теорияны ғана оқытып қоймай, білгендерін тәжірибелік тұрғыда істеп көргенін қадағалаймыз. Әр студентке берілген тақырыптары бар. Сол тақырыпты зерттеу үшін студенттер қысы-жазы лабораторияларда жұмыс істеп, нәтижелерін алып жатады.

«Шәкірттерім барлық салада бар»

Мақтанып айтатын шәкірттерім өте көп. Бізде Еркеш Жадыра деген қыз оқыды. Кейін оқуын Назарбаев университетінде жалғастырды. Жақында маған хабарласып, бізден алған білімінің өте пайдалы болғанын, Дубайға PhD-ге түскенін айтты. Докторантураға тапсырған кезде оған біздің мемлекеттік емтиханда қойған сұрақтарымыз қайталанып келген екен.

Біздің көптеген түлектеріміз қазір Назарбаев университеттерінде жұмыс істейді. Олардың өздерінің лабораториялары, жеке жобалары бар. Астанадағы Ұлттық биотехнологиялық орталықта да бірнеше түлектеріміз жұмыс істеп жүр. Одан кейін барлық заводтарға микробиологтар керек. Бізде микробиология саласы өте жақсы жолға қойылған. Қай клиникаға барсам да, біздің түлектеріміз отырады. Үлкен саланың бастықтары, технологтар болып жүр. Мен барлығы үшін қуаныштымын. Биотехнология – болашақтың ғылымы. Ол әрдайым сұранысқа ие болады.

Сұхбаттасқан Әсел Сарқытсуреттер Ақжарқын Қыдырханова

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.