Жетісулық жастар «Жетісу тарландары» командасымен кездесті

«Жастарға қызмет көрсету орталығы» ғимаратында өткен кездесуде «Жетісу тарландарын» облыс басшылығы мен жастары атынан Жақсылық Омар құттықтап, өзара әңгімелесті.

 «Жастарға «Айбын» әскери-патриоттық ойыны ұнады, өйткені онда олар өздерін шыдамдылық пен беріктікке сынап көреді, жауынгерлік рухтарын нығайтады, командада жұмыс істеудің не екенін біле алады»,- деді «Жетісу тарландары» клубының жетекшісі Канапиев өз сөзінде.

Жастар жарыстың қызықты болғанын, кездескен кедергілері, жеңіс тұғырына көтерілген сәттегі сезімдері туралы жарыса әңгімеледі, деп хабарлады Алматы облыстық коммуникация қызметі.

Ескерте кетейік, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық жиынға 600 адам қатысқан. Оның ішінде Республикалық «Жас ұлан» әскери мектептерінің, өңірлердегі әскери-патриоттық клуб мүшелері мен Ресей Федерациясының Оренбург Президент кадет училищесінің тәрбиеленушілері қатысты. Алматы облысының атынан шыққан «Жетісу тарландары» командасы 16 өңірден шыққан әскери-патриоттық клуб арасынан жүлделі 1 орынды иеленді.