ҰБТ-дан қажетті ұпай жинай алмаған түлектердің тегін оқуға мүмкіндігі бар

Түлектерге білім алу үшін Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары сияқты аймақтардағы оқу орындары таңдалады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Солтүстік Қазақстан облысына сапары кезінде айтты.

Министр аталмыш облысқа сапары кезінде Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылына да барды. Бұл өңірде оңтүстік аймақтарынан қоныс аударғандарға арнайы жатақхана салынған.
“Өткен жылы ішкі көшіп-қонушылар саны 610 мың адамнан асып түсіп, 2010 жылмен салыстырғанда 1,7 есеге көп болды. Осы орайда жұмыс берушілер ұсынған 26 мыңнан астам жұмыс орны бос қалды. Үкімет тарапы жеке іс ашуға немесе қолданыстағы бос жұмыс орындарына орналасуға мүмкіндік беретін сұранысқа ие мамандықтарға оқуға көмектесіп келеді. Бұл ретте, биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуден қажетті ұпай жинай алмаған түлектер, мемлекет есебінен 2,5 жыл бойы техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінде тегін оқи алады. Студентке оқу ақысын төлеп беруден бөлек, ыстық тамақ, үлгеріміне қарай шәкіртақы, ал қала сыртынан қатынайтындарға жол мен тұру шығынын өтейтін қаржы қарастырылған. Демек өзге өңірлерге көшугежол ашық”, — деп атап өтті ол облыстың жаңа тұрғындарымен кездесу кезінде.
Айта кетейік, шара қорытындысында Оңтүстік Қазақстан облысы мен Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктері арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Дереккөзbaq.kz