Кейінгі кезде әлеуметтік желіде қазақ эстрадасындағы кей әннің мәтіні қызу талқыланып жатыр. Әсіресе, қыздың қарсылығын романтикалық қадам деп көрсететін немесе «жоқ» деген жауабын «келісімнің белгісі» деп түсіндіретін ән қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Baribar.kz тілшісі желі қолданушыларының пікірін топтап, тыңдарман әннің мәнін қаншалық түсінгенін талдап көрді.
Ән – қоғамдағы көзқарасты қалыптастыратын құрал. Әсіресе, миллиондаған тыңдарманы бар әншінің әр туындысы адам санасына әсер етеді. Көпшілік талқысына түскен Әділет Жауғашардың «Сүй, иә» әнінде «сұлудың жоқ дегені — иә (дегені)» деген жол бар.
Желі қолданушылары дәл осы тіркес қыздың анық айтқан қарсылығын елемей тұрғандай әсер қалдырады деп санайды.
@santurlioilar деген аккаунт «Біз жігіттерге «қыздың жоқ дегені — жоқ дегені!!!» деп түсіндіріп әлекпіз. Әншілер: Сұлудың «жоқ» дегені — «иә» дегені» деп жазған.

Желі қолданушылары мұндай мәтіндер махаббатты емес, адамның жеке шекарасы мен еркін таңдау құқығын бұрмалайды деп есептейді. Олардың пікірінше, ән мәтіні жай ғана ұйқас емес, жастардың қарым-қатынас туралы түсінігіне әсер етеді.

Дегенмен бұл әнді бәрі бірдей теріс қабылдаған жоқ. Кей тыңдарман ән мәтінін астарлы мағынада қабылдап, ондағы «жоқ» сөзі қыздың ұяңдығы мен дәстүрлі қазақы тәрбиенің белгісі ретінде қосылған деп түсіндіреді. Олардың пікірінше, әнді тура мағынасында емес, көркем шығарма ретінде қабылдау қажет.
@altyar_77 деген аккаунт мынадай пікір білдіріпті:
Қыздың еркелеп саған «жооооқ» деп тұруы да мүмкін ғой, «иә» деп айтуға ұялып. Сондай сәттерде «жоқ» дегенін «иә» деп санауға болады, — дейді қолданушы.

Кей желі қолданушылары мұны қыздар тарапы да салған трендтің салдары дейді. Басында қарсылық танытып, кейін ер адамға үміт бергенін көрсететін бейнежазбада «жоқ» сөзінің романтикалық белгісі жасырын түрде бар деп жазады.
Биыл ақпан айында ақпарат және мәдениет вице-министрі Евгений Кочетов қыз алып қашуды насихаттайтын әндер жайлы пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай шығармаларды орындамау немесе мәтінін өзгерту жөнінде әртістерге ұсыныс берілуі мүмкін. Ал былтыр қазан айында ішкі істер министрі Ержан Сәденов мұндай әндерді дұрыс емес деп бағалаған еді. Қоғамда «Өнерге цензура қажет пе?» деген сұрақ та екі түрлі пікір туғызады. Алайда мұндай туындыларға қатысты заң жобасы әзірше қабылданбады.
- Естеріңізге салайық, қылмыстық кодекстің 125-бабы бойынша, адам ұрлау — заңсыздық. Бұл әрекет үшін төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Өнер белгілі бір құбылысты тек сипаттап қоймай, оны қалыпты құндылық ретінде насихаттауы мүмкін. Егер ән мәтінінде қыздың қарсылығы әзіл немесе махаббаттың бір бөлігі ретінде көрсетілсе, мұндай ой жастар арасында да қалыпты әрекет секілді ой қалдырады.
***
Тағы оқыңыз:
Гендер теңсіздігі: Алып қашу туралы әндердің қоғамға ықпалы бар ма?
