Алматыда «Құдіретті сауыт-сайман» халықаралық көркем фильмінің өндірісін бастау рәсімі өтті. Картинаға әлемге танымал актер Жеки Чан қатысады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Министрліктің мәліметінше, салтанатты іс-шараға ҚР премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, сонымен қатар қазақстандық және халықаралық киноиндустрия өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында Аида Балаева актердің Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға қосып отырған үлесін жоғары бағалап, алдағы түсірілім жұмыстарына сәттілік тіледі.

Сапар аясында Жеки Чан Алматының жас суретшілерімен және Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы түлектерімен кездесіп, шығармашылық жолдағы ізденіс пен еңбекқорлықтың маңызын атап өтті. Кездесу соңында балалар әйгілі актерге өздері салған портреттерін сыйға тартты.

Жоба Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігі мен China Film Group Corporation қолдауымен жүзеге асырылады. Фильм өндірісімен Sәlem Entertainment және Billion Target айналысады. Фильмнің түсірілімі 2026 жылғы шілде-қазан айлары аралығында Алматы қаласында, Алматы және Маңғыстау облыстарында өтеді. Қоюшы режиссері – Роберт Кун. Картина халықаралық прокатқа шығарылады. Жоба Қазақстанның мәдени, туристік және инвестициялық әлеуетін ілгерілетуге, кинотуризмді дамытуға және елімізді әлемдік деңгейдегі киножобаларды түсіруге қолайлы алаң ретінде танытуға бағытталған, — делінген хабарламада.
