Басты бет / Жаңалықтар /
интернет алаяқ
Иллюстрация: Dribbble.com ©Vladimir Garabas

ІІМ: интернет-алаяқтан зардап шеккендерге 4,8 млрд теңге қайтарылды

Қазақстанда интернет-алаяққа қарсы күрес күшейтілді. Жыл басынан бері құқық қорғау органдары интернет-алаяқ фактілерінің санын 7%-ға азайтып, жәбірленушілерге 4,8 млрд теңгені қайтарды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлайды.

ІІМ мәліметінше, бүгінде кибералаяқ ең көп таралған қылмыс түрлерінің бірі. Қылмыскерлер азаматтарды алдау үшін заманауи технологияларды пайдаланып, түрлі психология тәсілдеріне жүгінеді.

«Біздің басты міндетіміз — қылмыскерлерді анықтап, жауапкершілікке тартумен ғана шектелмей, азаматтарды алаяқтық әрекеттерден қорғауды қамтамасыз ету. Жыл басынан бері интернет-алаяқтықтың саны 7%-ға азайды. Оларды ашу көрсеткіші жақсарды, жәбірленушілерге 4,8 миллиард теңге қайтарылды. Ұлттық банкпен бірлесіп, тағы 2,6 миллиард теңгені заңсыз алуға жол берілмеді», – деді ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Әлібек Оразалы.

Министрлік профилактикалық жұмыстарға да ерекше назар аударып отыр. Жетекші цифрлық платформалармен бірлесіп, азаматтарға кең таралған алаяқ схемалары түсіндіріліп, қауіп-қатер туралы ескертулер жүргізіліп жатыр.

Байланыс операторларымен бірлесіп, 150 миллионнан астам алаяқтық қоңырау да бұғатталған.

ІІМ мәліметінше, ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау және олардың қызметін тоқтату бағытындағы жұмыстар да жалғасып отыр. Шетелдік әріптестермен бірлесіп бірнеше халықаралық алаяқ call-орталығының қызметі тоқтатылып,Қазақстан азамааттарының ақшасын жымқырған ондаған адам ұсталған.

Азаматтардың жеке деректерін заңсыз таратқан интернет-ресурс анықталып, оған қатысы бар күдіктілер де ұсталды.

Министрлік азаматтарға бөгде адамдарға SMS-кодтарды, банк картасының деректерін бермеуге және белгісіз тұлғалардың айтуымен ешқандай қосымшаны орнатпауға кеңес береді.

«Егер сізде кішкене күмән туындаса, әңгімені үзіп, ұйымның ресми нөміріне өзіңіз қоңырау шалыңыз және полицияға күдікті қоңырау туралы хабарлаңыз. Азаматтардың құқықтарын қорғау біздің сөзсіз басымдығымыз болып қала береді. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша жұмыс жалғасатын болады», – деді Әлібек Оразалы.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok