Басты бет / Жаңалықтар /
Аптап ыстық, жоғары температура, адам миы
Фото: ЖИ

Еуропада аптап ыстық. Жоғары температура миға қалай әсер етеді?

Аптап ыстық тек жайсыздық тудырып қоймай, адамның ми қызметіне де кері әсер етуі мүмкін. Ғалымдар жоғары температураның ойлау қабілеті мен психиканы әлсіретіп, адамды ашушаң қылатынын анықтады. Ыстық күн райы, әсіресе, балалар мен психикалық ауруы бар адамдарға қауіпті. Baribar.kz оқырманға аптап ыстықтың керіс әсері туралы айтып береді.

Жақында Батыс Еуропанының күн райы өзгеріп, қазір тұрғындар аптап ыстықтың басылуын күтіп отыр. Сарапшылар мұндай өзгеріс мыңдаған адамның өміріне қауіп төндіріп, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және денсаулық сақтау саласына зиян келтіруі мүмкін екенін айтады.

Алайда ыстықтың тағы бір аз зерттелген салдары – оның миға әсері. Жоғары температура кезінде көп адамның ойы шашырап, зейіні төмендейді. Кейде бұл адамның өміріне де қауіп төндіруі мүмкін, — дейді ғалымдар

Зерттеулер ауа температурасы көтерілген сайын адамның ашуланшақ әрі ұқыпсыз бола түсетінін көрсеткен.

Ливерпул университетінің когнитивті психологы Кәтрин Томпсон бұл мәселені өрт сөндірушілердің қатысуымен зерттеген. Олар жоғары температурадағы 15 минуттық жаттығудан соң зейін қойып, назар салып жұмыс істей алмаған. Дегенмен салқындағаннан кейін, шамамен 20 минуттан соң олардың когнитив қабілеті қалпына келген.

Аптап ыстық психикалық ауруы бар адамға кері әсер етеді

Ғалымдардың айтуынша, ыстықтың ең ауыр зардабы психикалық дертке шалдыққан адамда байқалады. 2023 жылғы зерттеуде аптап ыстық кезеңінде ауруханаға жатқан психикалық ауруы бар адам көрсеткіші, шамамен 9,7% артқан.

Сонымен қатар Канадада 2021 жылғы жоғары ауа температурасы кезінде өзге аурумен ауыратын жандарға қарағанда шизофрениямен ауыратын адам өлімі үш есе көп болған.

Ыстық күнде адамдар үйден сирек шығып, қозғалысы азаяды, ұйқысы бұзылады. Ал ұйқы режимінің тұрақты болмауы, қозғалыстың азаюы психикалық денсаулыққа кері әсер етеді, — дейді мамандар.

Зерттеу нәтижесі қандай?

Жануарларға жасалған зерттеу жоғары температура мидағы серотонин секілді нейромедиаторлардың деңгейін өзгертетінін көрсеткен. Сонымен қатар аптап ыстық жүйке жасушалары арасындағы байланысты бұзып, миға оттегінің дұрыс жетуіне де кері әсер етуі мүмкін.

Ғалымдар балалар мен жастардың жоғары температураны ересектерге қарағанда ауыр қабылдайтынын анықтаған. АҚШ-та жасалған қызық зерттеу нәтижесі бойынша, ай сайын орташа температура бір градус көтерілгенде, 15–24 жас аралығындағы жастар арасында суицид деңгейі, шамамен 2,97% артқан. Бұл — ересектерге қарағанда екі есе жоғары көрсеткіш.

Басқа зерттеулер аптап ыстық немесе қатты суық кішкентай бала миының дамуына кері әсер етуі мүмкін екенін көрсетеді. 9–12 жастағы балалардың миының ақ затында өзгеріс байқалған.

Зерттеушілер климаттың өзгеруі салдарынан болашақта аптап ыстық жиілей түсетінін ескертеді. Сарапшылардың болжамынша, 2020 жылы дүниеге келген балалар атасы мен әжесіне қарағанда ыстық температураға жеті есе көп куә болады.

Осыған орай, ғалымдар қоғамды климаттың жылынуына бейімдеумен қатар, жоғары температураның адам миы мен психикасына әсерін тереңірек зерттеу қажет екенін айтып отыр.

***

Тағы оқыңыз: 

Қуаңшылық пен аптап ыстық кезінде не істеу керек?

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok