Энергетика министрлігі Қазақстанда газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізуге арналған Жол картасын әзірлеуге кірісті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ведомствоның мәліметінше, құжат елді табиғи газбен қамтуды жеделдетудің негізгі стратегиялық бағытын айқындайды. Энергетика министрлігі әзірлеп жатқан Жол картасы газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту және халықтың табиғи газға қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
2026 жылы газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту жобаларын іске асыру нәтижесінде тағы 36 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қосылады. 2025 жылдың қорытындысында газбен жабдықтау саласында жүзеге асырылған 84 жоба нәтижесінде 94 елді мекеннің 354 мыңнан астам тұрғыны табиғи газға қол жеткізген. Бір жылдың ішінде елімізде 2 мың шақырым газ тарату желісі салынды. Соның нәтижесінде 20,5 миллион тұрғынның 13,1 миллионы табиғи газ пайдалану мүмкіндігіне ие болды, — делінген хабарламада.
Министрліктің айтуынша, жаңа Жол картасы табиғи газбен қамтылатын халықтың үлесін едәуір арттыруға, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша серпін беруге мүмкіндік жасайды.
