Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Кипрде тағы қайда баруға болады? Троодос пен Ларнакаға саяхат

Фото: Жасанды интеллект
Кипрге жасаған төрт күндік сапардың алғашқы бөлімінде Айя-Напаның көгілдір жағажайлары, Махаббат көпірі, Лефкара ауылы, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Хирокития қонысы мен Лимасолдағы алғашқы әсерлеріміз туралы баяндаған едік. Ал бұл бөлімде аралдың мүлде басқа қырын ұсынамыз.
Baribar.kz тілшісі Кипрдің табиғаты, гастрономиясы, шарап мәдениеті мен көне тарихы тоғысқан бағыттарды аралап, аралдың жағажайлардан бөлек тағы қандай қырлары бар екенін көрсетеді.

Үшінші күн. Раушан гүлінің жұпары, тау бөктеріндегі ауылдар және Кипрдің шынайы келбеті

Кипрдегі үшінші күніміз Лимассолдағы қонақүйдегі таңғы астан басталды. Гидіміз сапардың ең қызық бөлігі әлі алда екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, Кипрді толық түсіну үшін міндетті түрде тау бөктеріндегі ауылдарға бару керек. Өйткені аралдың шынайы рухы дәл сол жерлерде сақталған.

Кипрде тағы қайда баруға болады? Троодос пен Ларнакаға саяхат
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

Таңғы ас кезінде қонақүй террасасынан теңізге қарап отырып, кейінгі үш күннің қаншалықты тез өткенін ойлайсың. Бір жағынан Кипрге кеше ғана келгендей әсер қалдырса, екінші жағынан аралдың бірнеше өңірін аралап шыққандықтан мұнда әлдеқайда ұзақ уақыт жүргендей сезінесің.

Таңғы астан кейін автобусымыз Троодос тауларына қарай бет алды. Қаладан алыстаған сайын табиғат өзгере бастады. Жағалаудағы пальмалар мен қонақүйлердің орнын біртіндеп қарағайлы ормандар, жүзімдіктер мен шағын ауылдар басты. Жол бойындағы көріністердің өзі бөлек әсер қалдырады. Кей сәтте Еуропаның бір тау ауылымен келе жатқандай көрінсе, кейде Жерорта теңізіне тән табиғат қайтадан байқалады.

Кипрде тағы қайда баруға болады? Троодос пен Ларнакаға саяхат
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

Агрос — Кипрдің раушан гүлі өсетін мекені

Біздің алғашқы аялдамамыз Агрос ауылы болды. Бұл ауыл Кипрде раушан өсірумен және сол гүлден жасалатын өнімдерімен танымал. Троодос тауларының баурайында орналасқан шағын ғана ауыл алғаш көргеннен-ақ ерекше әсер қалдырады. Таза ауа, тыныш көшелер және айналаны қоршаған жасыл табиғат мұнда өмірдің мүлде басқа ырғақпен өтетінін аңғартады.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Агрос бірнеше ғасыр бойы ауыл шаруашылығымен айналысып келеді. Әсіресе, мұнда раушан гүлін өсіру маңызды кәсіптің біріне айналған. Көктем мезгілінде ауыл маңындағы алқаптар қызғылт түске боялып, мыңдаған турист арнайы осы көріністі көру үшін келеді екен.

Кипрде тағы қайда баруға болады? Троодос пен Ларнакаға саяхат
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

Бір отбасының кәсібі бүкіл елге танылған брендке айналды

Агростағы алғашқы нысанымыз Nikis Sweets кондитерлік дүкені болды. Бұл кәсіпорын Кипрдің түкпір-түкпіріне танымал болғанымен, оның тарихы өте қарапайым басталған.

Бізді кәсіпорын иесі Ники қарсы алды. Ол кәсібінің қалай басталғанын әңгімелеп берді. Оның айтуынша, алғашқы кезде отбасы үйде түрлі жеміс-жидектен тосап дайындап, жергілікті тұрғындарға сатып қана жүрген.

Бәрін шағын асүйден бастадық. Сол кезде өніміміз Кипрдің барлық өңіріне тарайтынын, тіпті шетелге экспортталатынын елестете де алмадық, – дейді Ники.

Кипрде тағы қайда баруға болады? Троодос пен Ларнакаға саяхат
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

Бүгінде кәсіпорында 28 адам істейді. Өнімдері Кипрдің көптеген дүкенінде сатылады әрі бірнеше елге экспортталады. Дүкен ішінде түрлі жеміс-жидектен дайындалған ондаған тосап түрі қойылған. Өрік, шие, інжір, алмұрт, апельсин және басқа да өнімдерден жасалған тәттінің бәрі табиғи әдіспен әзірленеді.

Кипрде тағы қайда баруға болады? Троодос пен Ларнакаға саяхат
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

Ең қызығы – раушан гүлінен дайындалатын тосаптар мен тәттілер. Алғаш естігенде тосаптың мұндай түрі таңғалдырады. Бірақ дәмін көрген кезде неге бұл өнімнің танымал екенін түсінесің.

Никидің айтуынша, Кипр асханасында раушан гүлі бұрыннан бері кеңінен қолданылып келеді.

Раушан гүлінен косметикаға дейін

Агростағы келесі аялдамамыз Tsolakis Rose Water Factory болды. Мұнда раушан гүлінің күлтесінен түрлі өнім дайындалады. Отбасылық бизнесті жалғап отырған апалы-сіңлілер бізге өндіріс процесін көрсетіп, раушан суы қалай алынатынын түсіндірді.

Кипрде тағы қайда баруға болады? Троодос пен Ларнакаға саяхат
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

Көктемде мыңдаған раушан гүлінің күлтесі қолмен жиналады. Кейін арнайы өңдеу арқылы табиғи раушан суы алынады.

Бұл өнім тағам өндірісінде ғана емес, косметологияда да көп қолданылады. Зауытта раушан суынан бөлек сабынд, крем, май және басқа да косметикалық өнім шығарылады.

Кипрде тағы қайда баруға болады? Троодос пен Ларнакаға саяхат
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

Фабрика ішін аралап жүргенде айналаға тараған раушан гүлінің хош иісі ерекше әсер қалдырады. Мұндай иісті парфюмерия дүкендерінен де сирек кездестіресің. Кипр туризмінің ерекшелігі де осында шығар. Мұнда туристерге тек табиғатты немесе тарихи орындарды көрсетпейді. Жергілікті тұрғындардың кәсібімен, тұрмысымен және дәстүрлерімен де таныстырады.

Тау арасындағы тыныштық: Милломерис сарқырамасы

Жолымыз Троодос тауларының қалың жасыл орманының арасымен өтіп, Милломерис сарқырамасына алып келді. Бұл – аралдағы ең биік әрі ең танымал сарқырамалардың бірі. Оның биіктігі, шамамен 15 метрге жетеді. Тау арасындағы соқпақпен бірнеше минут жаяу жүргеннен кейін ағаш арасынан сарқырап аққан судың үні естіле бастайды. Жақындаған сайын ауа салқындап, айналаны ерекше сергектік сезімі билейді.

Кипрде тағы қайда баруға болады? Троодос пен Ларнакаға саяхат
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

Сарқырама маңында біраз аялдап, табиғаттың тыныштығын сезіндік. Мұндай орындарда уақыттың қалай өткенін байқамай қаласың. Теңіз жағалауындағы Кипр демалыс сыйласа, Милломерис сарқырамасы жанға тыныштық береді.

Омодос — уақыт тоқтап қалған ауыл

Милломерис сарқырамасынан кейін жолымыз Омодос ауылына қарай ойысты. Көптеген туристік анықтамалар Омодосты Кипрдегі ең әдемі ауылдардың бірі дейді. Бұл пікірмен келіспеу қиын.

Ауылға кірген сәтте бірден көзге түсетіні – ерекше сәулеті. Тастан салған үйлер, тар көшелер, гүлге көмкерілген аулалар мен көне ғимараттар Омодосқа қайталанбас келбет беріп тұр. Мұнда жүргенде уақыт тоқтап қалғандай әсер қалдырады. Көшеде асығып бара жатқан адам көрмейсің. Туристер де бұл ауылдың тыныштығын бұзғысы келмейтіндей баяу қозғалады.

Кипрде тағы қайда баруға болады? Троодос пен Ларнакаға саяхат
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл
Кипрде тағы қайда баруға болады? Троодос пен Ларнакаға саяхат
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

Омодостың орталығында орналасқан Қасиетті Крест монастыры — ауылдың басты тарихи және рухани нысаны. Шіркеуге кірген кезде оның ғасырлар бойы сақталған ерекше атмосферасы бірден сезіледі. Ішінде көне иконалар мен маңызды діни жәдігерлер сақталған.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл шіркеу Кипр православие шіркеуінің маңызды орталықтарының бірі саналады.

Кипр дастарханының ерекшелігі

Омодостағы серуеннен кейін түскі асқа To Katoi мейрамханасына бардық. Үш күн ішінде байқағанымыз – кипрліктер тағам мәдениетіне ерекше мән береді. Мұнда тамақтану тек қарын тойдыру емес, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасайтын, уақыт өткізетін мәдениетінің бір бөлігі.

Кипрде тағы қайда баруға болады? Троодос пен Ларнакаға саяхат
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

Дастарханға міндетті түрде грек салаты қойылады. Жергілікті халлуми ірімшігі, зәйтүн майы және жаңа піскен көкөністер — кез келген астың ажырамас бөлігі.

Ларисаның айтуынша, кейбір дәстүрлі мейрамханалар қонаққа 30-40 түрлі тағамға дейін ұсынады.

Кипр халқы қонақ үстелден аш кетіп қалғанын ұят санайды, – дейді ол күліп.

Кипрде тағы қайда баруға болады? Троодос пен Ларнакаға саяхат
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

Тағы бір қызық дерек – кипрліктер шайды көп ішпейді екен. Көбіне қыс мезгілінде ғана шай ішеді. Ал күнделікті өмірде су мен табиғи шырындарға басымдық береді. Таңғы астың басты сусыны – дәстүрлі кипр кофесі.

Жүзім алқабындағы ерекше кеш

Кипрде тағы қайда баруға болады? Троодос пен Ларнакаға саяхат
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

Түстен кейін Ktima Gerolemo шарап зауытына бардық. Кипрдегі шарап жасау дәстүрінің тарихы бірнеше мың жылға созылады. Сондықтан бұл ел шарап мәдениетімен де танымал. Зауыт аумағына кірген кезде көз алдыңызға жүзім алқаптары мен төбелер көрінеді. Табиғаты ерекше көркем.

Зауытқа келгенде бізді қызық жағдай күтіп тұрды. Шарап зауытының басшысы дәл сол күні өңірдегі тойлардың біріне шақырылып қойған екен. Ларисаның айтуынша, сол күні аймақта қатарынан үш той өтіп жатқан. Сондықтан жергілікті тұрғындардың көбі мерекелік дастарқан басына жиылып, шарапқа деген сұраныс та әдеттегіден жоғары болған.

Кипрде тағы қайда баруға болады? Троодос пен Ларнакаға саяхат
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл
Кипрде тағы қайда баруға болады? Троодос пен Ларнакаға саяхат
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

Одан кейін бес түрлі шараптың дәмін татып көрдік. Әрқайсының дәмі мен иісі әртүрлі болды. Бұл жерде бастысы — сусынның өзі емес, оның астарында тұрған мәдениет пен дәстүрді түсіну.

Фильмдегідей көрініс

Дәм татып жатқанда аумақта ерекше дайындық жүріп жатты. Сөйтсек, әлгі үш тойдың біреуі осы зауыт аймағында өтеді екен.

Алаң грек стилінде безендіріліп қойған. Ұзыннан ұзын дастархан, гүлдер, шамдар және жүзім алқаптарының ортасында орналасқан алаң дәл кино түсірілім алаңын еске түсірді. Қонақтар біртіндеп жиылып жатты.

Кипрде тағы қайда баруға болады? Троодос пен Ларнакаға саяхат
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Кипрде дәл осындай шарап зауыттарында үйлену тойын өткізген өте танымал. Сол сәтте бұл жердің неге жас жұбайлардың сүйікті орнына айналғанын түсіну қиын емес еді.

Кипрмен қоштасар алдындағы кеш

Кешкі асқа Dionysos Mansion мейрамханасына келдік. Бұл Кипрдегі соңғы кешіміз болатын. Үш күн ішінде көрген әсерді әріптестермен бірге еске алып отырдық. Біріміз Айя-Напаның жағажайларын айтсақ, енді біріміз Лефкара мен Омодостың ерекше атмосферасын сөз еттік.

Кипрде тағы қайда баруға болады? Троодос пен Ларнакаға саяхат
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

Дастарханға тағы да кипр асханасының үздік тағамдары ұсынылды. Теңіз өнімдері, ет тағамдары, жаңа көкөністер мен жергілікті десерттер кештің сәнін келтірді.

Кипрде тағы қайда баруға болады? Троодос пен Ларнакаға саяхат
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

Сапар аяқталуға жақындаған сайын бір ой жиі оралады. Көпшілік Кипрді тек жағажайдағы демалысы бар ел деп қана біледі. Алайда үш күннің ішінде бұл аралдың әлдеқайда бай әрі қызық екенін көрдік.

Мұнда көне өркениеттердің ізі сақталған. Мұнда дәстүрін ұмытпаған ауылдар бар. Мұнда туристі шынайы ықыласпен қарсы алатын қонақжай халық тұрады. Мұнда бір күннің ішінде теңізге шомылып, тарихи ескерткіштерді аралап, тау ауылдарында серуендеп, кешке жүзім алқабында күн батқанын тамашалауға болады.

Кипрде тағы қайда баруға болады? Троодос пен Ларнакаға саяхат
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

Төртінші күн. Ларнака: Кипрдің тарихы мен бүгінгі тынысы тоғысқан қала

Кипрдің ең көне қалаларының бірі — Ларнака. Бұл — аралдағы басты туристік әрі мәдени орталықтардың бірі. Қаланың тарихы 3 мың жылдан асады. Ежелгі дәуірде ол Китион деп аталған және ежелгі грек өркениетінің маңызды қалаларының бірі болған. Бүгінде Ларнака – халықаралық әуежай орналасқан, туристердің басым бөлігі алғаш қадам басатын қала. Мұнда көне тарих пен заманауи өмір салты бір-бірімен үйлесім тапқан.

Кипрде тағы қайда баруға болады? Троодос пен Ларнакаға саяхат
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

Қаланың басты символдарының бірі – Әулие Лазар шіркеуі. Бұл ғибадатхана IX ғасырда салынған, Кипрдегі ең маңызды православиелік қасиетті орындардың бірі. Христиан дәстүрі бойынша, Иса пайғамбар қайта тірілткен Әулие Лазар өмірінің соңғы жылдарын дәл осы Ларнакада өткізіп, кейін осы жерге жерленген деген сенім бар. Кейін оның қабірінің үстіне шіркеу бой көтерген.

Кипрде тағы қайда баруға болады? Троодос пен Ларнакаға саяхат
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

Ларнака көшелерімен аз ғана серуендеп жүріп, қаланың ерекше тынысын тағы бір мәрте сезіндік. Жағалаудағы пальмалар көмкерген әйгілі Финикудес жағалауы, жайлы кафелер мен теңізден ескен самал Кипрдің неге қайта оралғың келетін елдердің қатарына кіретінін түсіндіреді.

Кипрде тағы қайда баруға болады? Троодос пен Ларнакаға саяхат
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

Ларнака халықаралық әуежайынан Air Astana әуе компаниясының тікелей рейсімен Алматыға жол тарттық. Ұшақ көкке көтерілгенде терезеден Жерорта теңізінің көгілдір жағалауы алыстап бара жатты. Төрт күн ішінде Кипрдің ең танымал жағажайларын аралап, көне қалаларын көріп, тау ауылдарының тыныс-тіршілігімен танысып, ұлттық тағамдарынан дәм таттық және аралдың табиғаты мен мәдениетінің қаншалық бай екеніне көз жеткіздік.

Қазақстаннан тікелей рейстердің ашылуы Кипрді бұрынғыдан да жақындата түсті. Бес-алты сағаттан кейін сіз Жерорта теңізінің жағасында жүре аласыз. Ал Кипр сізді көгілдір теңізімен, бай тарихымен, дәмді тағамдарымен және ерекше атмосферасымен қарсы алады. Төрт күн ішінде біз аралдың аз ғана бөлігін көрдік. Бірақ сол уақыттың өзі Кипрдің неліктен миллиондаған туристі өзіне тартып отырғанын түсінуге жеткілікті болды.

Кейбір елдерге барып қайтасың. Ал кейбір елдерге міндетті түрде қайта оралғың келеді. Кипр – дәл сондай елдердің бірі.

***

Кипрге алғашқы сапар: көгілдір теңізден қолөнершілер ауылына дейін

Мақалаға реакция