Биыл талапкерлер ҰБТ-ны 10 шілдеге дейін тапсыра алады. ЖОО-ға құжат қабылдау 20 маусымда басталып, 25 тамызда аяқталады. Ал грант байқауына өтінішті 13-20 шілде аралығында бере алады.
Baribar.kz тілшісі ғылым және жоғары білім министрлігіне ресми сауал жолдап, биыл ЖОО-ға құжат қабылдау мен талапкерлерді іріктеу науқанында қандай өзгеріс болатынын білді.
Педагогика мен медицинаға түсу үшін бұрынғыдай жоғары балл қажет
Талапкерлер арасында ең көп талқыланатын мәселенің бірі педагогика, медицина және IT саласына түсуге қатысты.
Министрліктің мәліметінше, 2026 жылы бұл бағыт бойынша шекті балл өзгермеген.
Ұлттық жоғары оқу орнына түсу үшін талапкер кемі 65 балл жинауы керек. Ал педагогика мамандығына түсу үшін шекті көрсеткіш 75 балл болса, медицина бағытына – 70 балл.
Талапкерлер қазақстан тарихы мен екі бейіндік пәннен кемі 5 балл, ал оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылықтан кемі 3 балл жинауға тиіс.
Педагогикаға арналған жаңа тест биыл енбейді
Биыл педагогика мамандығына түсу үшін Admissions Insight Test (AIT) тапсыру керек деген ақпарат тараған еді. Алайда талапкерлер қосымша емтиханды биыл бастамайды.
2026 жылы ешқандай өзгеріс болмайды. Тест халықаралық стандарт бойынша әзірленіп жатыр және барлық өзгеріс ғылыми зерттеу мен сарапшылар талқысынан кейін ғана қабылданады, — делінген ресми жауапта.
Министрлік бұл тест болашақта тек педагогтерге емес, барлық талапкерге арналған жүйе ретінде қарастырылып жатқанын хабарлады.
Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ұлттық тестілеу орталығы халықаралық ETS ұйымымен бірлесе жаңа форматтағы тест әзірлеп жатыр. Жоба үш жылға жоспарланған.
ҰБТ-дан өте алмаған талапкер не істейді?
Министрлік шекті балл жинай алмаған түлектің оқуға түсу мүмкіндігі сақталатынын айтты.
Қазіргі ереже бойынша, ҰБТ жылына төрт рет өтеді. Негізгі тестілеу кезінде талапкер емтиханды екі рет тапсыра алады.
Талапкер шекті балл жинамаса, тамыз айындағы ҰБТ-ға қатысып, ақылы бөлімге түсуге мүмкіндік алады. Ал тамыздағы тестілеуге үлгермесе, келер жылдың қаңтар немесе наурыз айындағы тестілеуіне қатыса алады.
Министрлік тестіні тапсырғаннан кейін талапкердің жеке кабинетінде әр пәннен тақырып бойынша талдау жарияланатынын айтып өтті. Бұл талапкерге қай тақырыптан қате жібергенін анықтап, келесі тестіге дайындалуға көмектеседі.
ЖИ-ге қатысты пәнді барлық студент оқиды
Сұраныс аз мамандыққа грант та азая ма?
Министрлік мемлекеттік білім гранты еңбек нарығындағы сұранысқа қарай бөлінетінін мәлімдеді.
2030 жылға дейін Қазақстан экономикасына 883 мыңнан астам маман қажет болады. Оның ішінде инженерге сұраныс көп. Болжам бойынша елге 529 977 инженер, 185 491 педагог және 167 826 басқа сала қызметкері қажет, — дейді министрлік.
Сондықтан қазір білім беру грантының 60%-ы инженерлік және ауыл шаруашылығы саласына, 21%-ы педагогика бағытына, ал қалған 19%-ы гуманитар, бизнес, өнер және қызмет көрсету саласына бөлінген.
Министрлік сұранысы төмен мамандыққа бөлінетін білім беру грантын қысқарту жөнінде нақты ақпарат берген жоқ.
Талапкерлерге арналған Talapker AI чат-боты
Биыл талапкерлер үшін жаңа мобайл сервистің бірі ретінде Talapker AI чат-боты іске қосылады.
Министрліктің мәліметінше, бұл Telegram желісінде жұмыс істейтін бот болады. Жаңа жүйе талапкерлерге ҰБТ және жоғары білімге қатысты сұраққа жауап беруге арналған.
Қазір жоба апробация кезеңінде тұр. Сынақ кезінде ақау шықпаса, жүйе қолданысқа беріледі.
Ауыл жастарына арналған квота өзгеріссіз қалды
Биыл ауылдан келген талапкер үшін жаңа жеңілдік немесе қосымша квота әзірленбеген.
Қазіргі тәртіп бойынша, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қажет мамандықтар бойынша ауыл жастарына 35% квота қарастырылған. Ал Үкімет белгілеген өңірге қоныс аударуға ниетті ауыл жастары үшін 3% квота сақталған.
- Егер білім беру бағдарламасына 100 грант бөлінсе, соның 35-і ауылдан шыққан түлектерге беріледі. Қалған 65-і өзге түлектерге қарастырылған.
Шетел университетінің елдегі филиалына түсу тәртібі
Министрлік шетелдегі жоғары оқу орнының елдегі филиалына талапкерді қабылдау талабы әртүрлі екенін айтты.
Әр мекеме ережені өз бетінше бекітеді. Ереже бойынша ҰБТ нәтижесі, бейіндік пәннен емтихан тапсыру, ағылшын тілі деңгейі немесе эссе жазу сынды шарттар болуы мүмкін.
- Бұған дейін түлектердің Малайзия университеттеріне ҰБТ арқылы түсе алатынын жаздық.
Сонымен қатар министрлік қаңтар және наурыз айындағы ҰБТ нәтижесін Қазақстандағы кей халықаралық университет филиалына түсу кезінде қолдануға болатынын айтты.
***
Тағы оқыңыз:
Талапкерлер KazGASA университетінде қабылдау талабы өзгергеніне наразы
