Қазақстанда келесі жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға түсу тәртібі өзгереді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, енді талапкерлер педагогикалық жоғары оқу орындарына түсу үшін ұлттық бірыңғай тестілеумен (ҰБТ) қатар ауызша емтихан да тапсырады. Осылайша, іріктеудің гибридті моделі енгізіледі.
Министрдің айтуынша, қазіргі ҰБТ жүйесі талапкерлердің білімін бағалауда тиімді болғанымен, болашақ мұғалімнің кәсіби және тұлғалық қасиеттерін толық ашып көрсете алмайды. Сондықтан жаңа форматта талапкерлердің сыни ойлау қабілеті, талдау дағдылары, коммуникациясы және оқуға дайындық деңгейі жан-жақты бағаланады.
Ауызша емтихан барысында үміткерлердің балалармен жұмыс істеуге бейімдігі, жауапкершілік деңгейі және педагогикалық қабілеттері басты назарда болады. Сонымен қатар іріктеу жүйесіне халықаралық сарапшылармен бірлесіп әзірленіп жатқан жаңа Admissions Insight Test элементтері де енгізіледі. Бұл талапкерлердің қабілетін кешенді бағалауға мүмкіндік береді, — деді Аида Балаева.
Министр білім беру жүйесіндегі бұл өзгерістерді кезекті реформа емес, сапалы жаңа кезеңге көшу деп атап өтті. Оның айтуынша, басты мақсат — еңбек нарығына бейімделген, білікті әрі жан-жақты дамыған мамандарды даярлау.
Еске салайық, Қазақстанда мұғалімдердің пәндік білімін бағалауға арналған тестілеу жүйесі тоқтатылды.
