Не болды?
Шымкентте кальян өнімін заңсыз жарнамалауға қарсы бақылау күшейді. Заңнама дәмхана мен мейрамханаларда, әлеужеліде зиян өнімді жарнамалауға шектеу қойды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Заң бойынша, кальянға арналған темекі, кальян қоспасы мен темекі өнімін тікелей де, жанама түрде де жарнамалауға тыйым салынған. Бұл талап бұқаралық ақпарат құралымен қатар интернет-платформада жарияланатын жарнама материалына да қатысты.
Мамандардың айтуынша, әлеужеліде кальян бейнеленген фото және видеоны жариялау, оны пайдалануға үндейтін жазба, науқан, жеңілдіктер мен арнайы ұсыныстар туралы ақпарат тарату заңға қайшы келеді. Сонымен қатар мәзірде, баннерлерде немесе сыртқы жарнамада кальянды насихаттау да заңсыздық ретінде тіркеледі.
«Кальян бар», «жаңа дәм», «сыйлыққа кальян», «науқан» немесе «жеңілдік» секілді жазба жанама жарнама ретінде бағалануы мүмкін.
Жарнама туралы заңнаманы бұзған тұлға әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 455-бабына сәйкес жауапқа тартылады. Заңсыз жарнама анықталған жағдайда оны дереу алып тастау талабы бар.
Қала әкімдігі қоғамдық тамақтану орны мен ойын-сауық мекемелерінің иесіне кальянға қатысты жарнаманы әлеужелідегі парақшасынан, мәзірден, баннерден алып тастауды ұсынды. Сонымен қатар блогерлер немесе басқа тұлғалар арқылы жасырын жарнама жасауға болмайтынын ескертті.
Контекст
Естеріңізге салайық, Қазақстанда «көңіл көтеретін» газ азот оксидінің заңсыз айналымына да қарсы күрес күшейді.
