5 ақпаннан бастап режиссер Думан Еркімбек пен бас продюсер Біржан Қажығалидің «Ғашықпын саған» фильмі прокатқа шықты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Ғашықпын саған» фильмі — заманауи әлемдегі махаббаттың орны мен өмірдегі рөлін ой елегінен қайта өткізіп, жаңаша бағамдауға тырысқан туынды. Фильм продюсерлері — Жалын Тілеуберген мен Олжас Дәлелхан.
Сюжет бойынша, Алматыға арман қуып келген Еңлік тезірек байып кетіп, ауылдағы анасы мен інісін қалаға көшіріп әкелуді ойлайды. Қыз әкесіз өскен. Оқу мен жұмысты қатар алып жүріп, өмірдің ауыртпалығына қарсы тұруға тырысады. Алайда үлкен қаланың заңы мен күтпеген сынағы көп. Еңлік әнші болуды армандайтын Арман деген жігітпен күтпеген жерден танысып қалады. Бұл кездесу екі жастың өмірін түбегейлі өзгертеді. Еңліктің екі жолдың бірін таңдауы керек — не отбасы үшін еңбек етіп, байлыққа қол жеткізу, не өзі үшін өмір сүріп, махаббатты таңдау.

Бас рөлдерде қазақ киноның жас жұлдыздары – Шұғыла Ешен мен Жасұлан Көпберген ойнайды. Екі актер да былтыр хит болған Qaitadan фильміне түскен еді. Екінші планда танымал актерлер Әбілмансұр Серік, Сағызбай Қарабалин, Аделина Ерәлі, Ерболат Тоғызақ ойнайды.
Сәттілік дегеннің оңай болмайтынын түсіндім. Оның түбінде еңбек, қайсар мінез бен тәуекелге бел буу бар екен. Бұл дүние тәуекелге барып, еңбекпен келген. Қыз-жігіттер барын салды, — дейді бас продюсер Біржан Қажығали.

Режиссер Думан Еркімбек бұған дейін «Қайтадан» фильмін түсірген еді. Соны көрген жұрт «Келесі фильмді де осы бағытта түсіре бермедіңіздер ме?» деп сұраған.
Мұның бір себебі бар. Қазір қыз-жігіттердің арасында ред флаг, грин флаг, «қыздар, жігіттер мынадай болуы керек» деген талап бар. Жеті жыл бұрын келіншегім екеуіміз қыз-жігіт болып, кездесе бастағанда мұндай нәрселер болмайтын. Сол кезде махаббат туралы фильм түсірсек деп армандап едік. Сондай фильм дәл қазір керек деп шештік. Туындымыз шын ғашықтың қандай болатынын көрсете алса, сол бақыт, — дейді Думан Еркімбек.

«Ғашықпын саған» фильмі әсем ән мен музыкаға да толы – картинаның композиторлары Олжас Далелхан («Нурикамал») мен Сұлтан Тұрсынбеков («Болмаған балалық шақ»). Мелодрамада әнші ARShAT-тың бүкіл жастарға «Қатігездеу Алматы» атымен танымал әні, dudeontheguitar-мен бірлесіп шығарған Gashyqpyn sagan әндері шырқалады.

