Кейінгі жылдары миллениалдар мен зумерлер арасында red flag — «қызыл жалау» термині ерекше танымал. Ағылшын тілінен аударылған бұл тіркес қарым-қатынаста мәселе барын, бірнәрсе дұрыс емес екенін білдіреді. Көбіне бұл термин қарым-қатынастағы жұбына қатысты бір белгілер мазалағанда қолданылады.

Жұбыңыздың бұл тұстарына мән бермеуіңіз мүмкін. Кейбір қылығын жай ғана темпераменті деп ақтап алуыңыз да мүмкін, кейде бәріне өзіңізді кінәлауыңыз ғажап емес. Бірақ қызыл жалаулар — жай ғана белгі емес, бұл сізге ол адаммен қарым-қатынасқа түспегеніңіз дұрыс екенін білдіретін хабар. Психологтар мұндай белгілерге басында мән берсеңіз, көп бәленің алдын алуға болады дейді. Baribar.kz бұл тақырып туралы Harmonia.kz сервисінің психологы Алтыншаш Матаевадан сұрап білді. 

Алтыншаш Матаева
Алтыншаш Матаева. Фото жеке архивінен

Психолог гендерлік ерекшелігіне қарамастан, қарым-қатынаста екі жаққа да ортақ қызыл жалаулар бар дейді. Ол осы білгілерді байқағанда бұл қарым-қатынас қаншалық сау әрі қауіпсіз екенін ойлана бастау керек дейді.

№1 қызыл жалау. Эмпатия болмауы

Жұбыңыз сөзге келгенде эмпат болып, мұны іс жүзінде көрсете алмағаны — бірінші қызыл жалау. Эмпатия дегеніміз – өзге адамдардың жан дүниесін түсіну мен жай-күйін ұғыну қабілеті. Ол адамның ұзақ уақыттан бері араласып келе жатқан достары, жақындары, көршілері бар ма, жоқ па, соған мән беру керек. Бала күннен келе жатқан достары бар ма? Туыстарымен қарым-қатынасы қандай? Адам ешкіммен ұзақ әрі терең байланыс құра алмаса, яғни түсінісе алмаса, бұл — өте үлкен қызыл жалау. Себебі бұл адам түсінісуге, қарым-қатынас құруға бейімделмеген, тіпті тұрақсыздау болуы мүмкін.

№2 қызыл жалау. Эмоцияның тез өзгеруі

Эмоциясын тез өзгерте салатын адамға да мұқият болу қажет. Мысалы, адам ашуланып тұрып, басқа адамдар келгенде мейірімді бола қалса, «сені жақсы көремін» деп тұрып «қазір қатты ашуланып тұрмын және сені жек көремінге» өзгере салатын болса, бұл да бір белгі. Сау адам эмоциясын бақылай алады, оны таразылап, ойлана алады. Ал эмоцияларына қам жемесе, онымен қоймай эмоциясына басқаларды кінәласа, бұл да — қызыл жалау.

№3 қызыл жалау. Асығыстық

Сау адам қарым-қатынаста ештеңеге асықпайды. Қарым-қатынастың дамуын табиғи ағысқа қалдырады. Кейінгі кезде жылдам өрбіген қарым-қатынаста серігінен ақшалай қарыз сұрайтындар көбейді. Кездесіп жүргеніңізге бір ай болған жігіттің қарызға ақша сұрауы — қызыл жалау. Себебі мұндайда қыз өзін қарым-қатынастағы «құтқарушы» рөлін иемденгенін байқамай қалады. Қарым-қатынаста бір тараптың өзін құтқарушы сезінуі немесе өзінің басылып бара жатқанын сезінуі, жайсыз сезінуі — қызыл жалау.

№4 қызыл жалау. Сексуал қауіпсіздіктің болмауы

Екінші тараптың қалауын ескермей жыныстық қатынасты қалау, серігінің қалауынсыз мүшеқапты қолданудан бас тарту да — қызыл жалау. Мұндай қарым-қатынаста әдетте қыздар қиналады. Тіпті кейде «жыныстық қатынасқа өзім жеткіздім» деп іштейі өзін кінәлауы мүмкін. Жалпы ештеңе бүлдірмесеңіз де, қарым-қатынаста үнемі өзіңізді кінәлі сезінсеңіз, бұл қатынаста бірнәрсе дұрыс емес деген сөз. Сонымен қатар қарым-қатынаста жүктілікке ұмтылыс та болуы мүмкін. Жүктілікті екі жақ та қалап, келісуі керек.

№5 қызыл жалау. Коммуникатив қабілеттердің болмауы

Қарым-қатынаста бір тараптың «көрпені өзіне қарай тарта бергені де» — қызыл жалау. Адам сіздің қызығушылығыңызды, күніңіз қалай өткенін, уайымыңыз бен қуанышыңызды сұрамаса, оның орнына өзі жайлы айта берсе, бұл қате. Өзінің пікірі ғана дұрыс екеніне сенімде болса, бұл қарым-қатынаста баланс жоқ деген сөз. Ер болса да, әйел болса да, жалпы кез келген қарым-қатынаста адам берген нәрсессін өзі де алуы қажет, бұл — белгілі бір деңгейдегі энергия алмасу. Бір тарап тыңдаушы, бір тарап тек ой айтушы болса, соңы ұрыс-керіске ұласуы мүмкін.

№6 қызыл жалау. Гиперқамқорлық

Күндіз-түні есеп талап ететін адамдар болады. Ол кісі хабарласқанда жауап бермесе, айқай-шу да шығады. Мұндай ессіз қызғанышты романтизацияламау керек. Қыздардың көбі мұны қамқорлық деп қабылдайды. Бірақ бұл жерде жұп бір-біріне тәуелді болып қалды деген сөз. Гиперқамқорлық дендеген қарым-қатынаста адам өзіне тәуелді адамға тұлға ретінде қарауды қояды, меншігі деп біледі. Бұл да — қызыл жалау. Сау қарым-қатынаста ешкім ешкімді «жұтып қоймауы» керек. Бұл қарым-қатынаста екі адам болуы қажет.

Сау қарым-қатынас қандай болады?

Мұндай қарым-қатынасқа тән бірнеше жасыл белгі бар:

  1. Бір-бірін түсіну жене қолдау. Жұп бір-бірін тұлға ретінде сыйлап, шешімін, пікірі мен құндылықтарын сыйлауы қажет.
  2. Ашық әрі адал болу. Серіктер бір-біріне сенуі қажет және сау қарым қатынастың кілті — коммуникация. Серіктер сезімін ашық айта алуы қажет. Екі тарап та ойын айта алып, бір-бірін басып тастамауы керек.
  3. Дауды ақылмен шеше білу. Арада кикілжің туса салқынқанды шешіп, жай отырып сөйлесуге тырысу қажет. Агрессияның кез келген түрі құп емес.
  4. Дамимын деген серігін қолдау. Сау қарым-қатынаста адамдар жұп болып та, тұлға ретінде де өсуі қажет. Сондықтан бір-бірінің жеке дамуына қатысты арман-мақсаттарын да қолдай алуы маңызды.
  5. Теңдік жене әділдік. Сау қарым-қатынаста серіктер өзін тең сезініп, екеуіне ортақ шешім қабылдағанда да құқығы тең болуы қажет.

Психолог сау қарым-қатынас екі жақтың бір-бірін сыйлап, сенуіне, қамқорлығына негізіделеді дейді. Мұндай қарым-қатынаста адамдар үнемі қолдайтын біреу барын, өзінің сүйікті екенін және бір-бірінің бақытты болуына үлес қоса алатынын сезеді.

***

Тағы оқыңыз:

Психоаналитик: Жеке шекараны сыйлау – адамның жеке әлемін сыйлау