Алматыда демалыс күнгі жәрмеңкелер көбейеді

Алматыда демалыс күндері өтетін жәрмеңкелер саны 2,5 есеге артады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматыда азық-түлік инфрақұрылымын дамыту, отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау және тұрғындарды қолжетімді бағамен сапалы өніммен қамтамасыз ету мақсатында демалыс күндері өтетін жәрмеңкелер желісін кеңейту бойынша жүйелі жұмыс жалғасып келеді. Жәрмеңкелер Алматы әкімдігінің және кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының қолдауымен өткізіледі. Ұйымдастырушы – «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ.

2025 жылы Алматының Алмалы, Әуезов, Бостандық, Жетісу және Медеу аудандарында демалыс күндері 430 жәрмеңке ұйымдастырылған. Ал биыл жәрмеңкелер санын 2,5 есеге арттыру жоспарланып отыр. Осыған байланысты 2026 жылдың соңына дейін 1 000-нан астам жәрмеңке өткізу көзделген.

Сонымен қатар Түркістан, Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының, сонымен қатар Өзбекстан мен Тәжікстанның фермерлері қатысатын кеңейтілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл ретте жаңа піскен көкөніс өнімдерін жеткізуге басымдық беріледі, — делінген хабарламада.

Демалыс күнгі жәрмеңкелер өтетін мекенжайлар:

  • Алмалы ауданы – Масанчи көшесі (Гоголь көшесі мен Әйтеке би көшесінің аралығы);

  • Әуезов ауданы – Өтеген батыр көшесі (Абай даңғылынан төмен);

  • Бостандық ауданы – «Қазақфильм» шағынауданы, Исиналиев көшесі;

  • Жетісу ауданы – «Құлагер» шағынауданы, ХҚКО мен әкімдік ғимараты арасындағы автотұрақ;

  • Медеу ауданы – Меңдіқұлов бульвары (Бектұров көшесінің қиылысы).