Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

АЕК артады, дәріні тегін алатындар көбейеді. 2026 жылы не өзгереді?

Иллюстрация: Бекзат Исамберген
АЕК мөлшері артады, зейнетақының шекті мөлшері көбейеді, салық кодексі күшіне енеді. Baribar.kz 2026 жылы елде тағы не өзгеретінін ұсынып отыр.

Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы

Астанада «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммиті өтіп, онда Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Білім мен зерттеулер жылы деп жариялауды ұсынды. Бастаманы ауқымды іс-шараға қатысып жатқан елдердің көшбасшысы бірден қолдады.

Тоқаев
Фото: Ақорда

Қазақстан білім беру инфрақұрылымын жасақтауға және жаңа технопарктер ашуға белсенді түрде кірісті. Осы орайда аспан асты елінің тәжірибесін қолданып зертханалар мен инженерлер академиясын ашқымыз келеді. Кәсіби мамандардың жаңа буыны өңірдің цифрлық, «жасыл», индустриялық трансформациясына түрткі болатын қозғаушы күшке айналады, — деді мемлекет басшысы.

2026 жылдан бастап зейнетақы мен жәрдемақы өседі

«2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң бойынша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақының барлық түрі, базалық және ынтымақты зейнетақылар Қазақстан ұлттық банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сай 10% индекстеледі.

Соған орай, төлем былай өседі:

  • 2025 жылы 171 588 теңге зейнетақы алған азамат 2026 жылдан бастап 192 816 теңге алады;
  • 2025 жылы 63 030 теңге жәрдемақы алған төрт баласы бар отбасы 2026 жылдан бастап 69 330 теңге алады;
  • бес баласы бар отбасы 86 673 теңге (алты баласы барлар — 104 016 теңге; жеті баласы барлар — 121 360 теңге) алады;
  • 2025 жылы 157 280 теңге жәрдемақы алған 10 баласы бар отбасы 2026 жылдан бастап 173 000 теңге алады;
  • бірінші, екінші, үшінші бала туған әйел 164 350 теңге; төртінші және одан көп балаға 272 475 теңге жәрдемақы алады;
  • 1,5 жасқа дейінгі бірінші бала күтімімен айналысатын жұмыссыз ана 24 912 теңге, екінші балаға 29 453 теңге, үшінші балаға 33 951 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға 38 493 теңге алады;
  • I топтағы мүгедектігі бар азаматтың жәрдемақысы 101 702 теңгеден 111 872 теңгеге өседі;
  • II топтағы мүгедектігі бар азамат 81 362 теңгенің орнына 89 498 теңге алады;
  • III топтағы мүгедектігі бар азаматтың жәрдемақысы да 10% ұлғаяды.
теңге, ақша, жалақы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

2026 жылы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш төмендегідей болады:

  • ең төменгі жалақы мөлшері – 85 000 теңге;
  • зейнетақының ең төменгі мөлшері – 69 049 теңге;
  • ең төменгі күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге.

АЕК өсімі және айыппұл

Президент үш жылдық республикалық бюджет туралы заңға қол қойды. Заң бойынша, 2026 жылы АЕК мөлшері 4 325 теңге болады. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 393 теңге көп. Енді Қазақстан азаматтары жаңа заңның 7-бабының 4-тармағы бойынша, жылдамдық арттырғаны үшін мынадай айыппұл төлейді:

  • 10–20 км/сағ аралығында асырса, 5 АЕК (21 625 теңге);
  • 20–40 км/сағ — 10 АЕК (43 250 теңге);
  • 40–60 км/сағ — 20 АЕК (86 500 теңге);
  • 60 км/сағ және одан көп — 40 АЕК (173 000 теңге).
полиция, айыппұл
Фото: Polisia.kz

5 АЕК (21 625 теңге) айыппұл: жүргізушінің куәлігі немесе сақтандыруы болмаса, жолаушы мен жүкті тасымалдау ережелері сақталмаса, жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаса, көлік айдап келе жатып, телефон қолданса, алдыңғы әйнектерді заңсыз қараңғылатса, техникалық байқаудан өтпеген автокөлік айдаған кезде салынады.

Ал 10 АЕК (43 250 теңге) айыппұл мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ автокөлікті айдаса, тоқтау немесе тұрақ ережелерін бұзса, рұқсат етілмеген жерде кері бұрылып кетсе, бағдаршамның қызыл түсіне немесе реттеушінің тыйым салған ым-ишарасына қарамай, қиылыстан өтіп кетсе, теміржол өткелінен тыс жерден теміржол жолын кесіп өту, жабық немесе жабылып жатқан шлагбаум кезінде теміржол өткеліне шыққан кезде салынады.

15 АЕК (64 875 теңге) айыппұл жол бойында басымдық құқығы бар көлікке жол бермесе, жаяу жүргіншілер жолымен, жол жиегімен немесе тротуармен жол қозғалысы ережелерін бұза отырып жүрсе, тежегіш жүйесінде, рөлінде немесе тіркеу-қосқыш құрылғысында ақауы бар автокөлік айдаса, рұқсатсыз қайта жабдықталған автокөлік айдаған кезде салынады.

Тауар мен қызмет бағасы қымбаттайды

  1. Ұялы байланыс және интернет тарифі: сарапшылардың пікірінше, байланыс қызметтерінің бағасы, орта есеппен, 10-15% өсуі мүмкін.

  2. Банк қызметтері және мобайл аударымдар: 2026 жылдан бастап қаржы саласындағы бақылау күшейеді. Салық органдары бөлшек саудадағы «көлеңкелі айналыммен» күресті күшейтеді. Кәсіпкерлік мақсатта жасалған аударымдар қатаң тексеріліп, жеке тұлғалардың карталарына түсетін түсініксіз төлемдерге салық салынуы мүмкін. Базалық мөлшерлеменің өзгеруіне байланысты банк өнімдерінің (несие, бөліп төлеу) шарттары өзгеруі де ықтимал.

  3. Мұнай тасымалдау және жанармай бағасы: 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап «ҚазТрансОйл» компаниясының магистралдік құбырлар арқылы мұнай тасымалдау тарифі күрт өседі. Жаңа баға: 1000 шақырымға шаққанда 1 тонна 6 777,76 теңге (ҚҚС-сыз) болады.

  4. Жылжымайтын мүлікті рәсімдеу (Нотариус қызметі). Пәтер немесе үй сату-сатып алу келісімшарттарын куәландыру құны қалада бұрынғы 7 864–43 252 теңге аралығынан 12 975–51 900 теңге өседі. Баға шамамен 8 600 теңгеге дейін қымбаттайды. Ал ауылда бұрынғы баға 3 932–7 864 теңге болса, енді 6 487–11 677 теңге аралығында болады. Өсім — шамамен, 3 800 теңге.

  5. Компьютерлік техника және электроника: Нарықтағы жедел жады (DDR5) және SSD жинақтағыштардың тапшылығы техника бағасының шарықтауына жеткізіп отыр. Мысалы 16 ГБ жедел жадының (ОЗУ) екі данасынан тұратын жиынтық бар болғаны бір жарым айдың ішінде 40 000 теңгеден 120 000–140 000 теңгеге қымбаттады.

Кәсіпкерлер үшін айыппұл жойылып, рақымшылық жасалады

Қазақстан билігі жаңа Салық кодексін енгізуге дайындық аясында микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін салық рақымшылығын іске қосады. 2025 жылғы 29 желтоқсанда қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) бұл жаңалықты ресми түрде жариялады.

Бизнес
Фото: Business.mybuh.kz

2026 жылғы 1 қаңтардан 2026 жылғы 31 наурыз аралығында кәсіпкерлер ескі қарыздарын жауып, жаңа салық кодексіне «таза парапен» кіре алады.

Келесі жылдан бастап кәсіпкерлерге салық берешегін өтеуде де жеңілдік беріледі. Жаңа салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, егер салық төлеушінің берешегі 1,5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни шамамен 6,5 миллион теңгеден аспаса, оны бір жылға дейін кейінге қалдыруға немесе 12 ай ішінде бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі. Бұл үшін кепілге мүлік қою немесе банктен кепілдік алу талап етілмейді.

Жылжымайтын мүлік салығы

Қазір сатылған пәтер, үй, жер телімі, гараж, саяжай, қойма мен автотұрақ орындарының кез-келгеніне салық салынады. Мүлік сатып алған бағадан қымбатқа сатылса, түскен пайдадан салық төленеді. Ол мүлік сіздің атыңызда бір жылдан ұзақ уақыт болып, содан кейін сатсаңыз, салық төлемейсіз. 

Салық рақымшылығы
Фото: Kazakh-tv.kz
  1. Иелену мерзімі ұзартылды. Енді пәтерді сатып алғаныңызға 2 жыл болғаннан кейін, ал салынып жатқан үйдегі үлесті 3 жылдан кейін ғана салықсыз кері сата аласыз.
  2. Салық прогрессив мөлшерде есептеледі. 2026 жылдан бастап салық пайызы түскен табысқа қарай есептеледі. Салық табысыңыз 8500 АЕК болса (2025 жылы бұл — шамамен, 33,4 миллион теңге) — 10%; одан көп болса, 15% есептеледі.
  3. Үлестерді беру. Құрылыс салып жатқан компаниядан үй үлесін сатып алып, оны қамбатырақ, салықсыз сатқыңыз келсе, 2026 жылдан бастап 3 жыл күтуіңіз керек. 3 жылға дейін сатсаңыз, салық сізге түсетін пайдаға қарай есептеледі. Үй үлесі 2026 жылға дейін сатып алынған болса, бұрынғы ережеге сай 1 жылдан кейін салық төлемей сата берсеңіз болады.
  4. Қай кезде салық төлемеуге болады? Жылжымайтын мүлік сіздің атыңызда 2 жылдан (үй үлесі 3 жыл) көп уақыт тіркеліп тұрса, оны сатқанда салық төлемейсіз. Жылжымайтын мүлікті сатып алған бағаға, не одан арзанға сатсаңыз (уақытына қарамастан), салық төлемейсіз.

Енді жеке куәлікті тегін алуға болады

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке куәлікті алғаш рет алғанда және қолдану мерзімі біткен соң, тегін ауыстыра аласыз. 

Жеке куәлік
Фото: Александр Откин

Жеке куәлік алғаш рет берілген кезде тегін болады. Қолдану мерзімі аяқталған соң, онымемлекеттік баж салығынсыз ауыстырылады, – дейді көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов.

Астанада жүргізушісі жоқ такси іске қосылады

2026 жылы Астанада жүргізушісі жоқ такси пилот жобасы іске қосылады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, көлік министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және inDrive компаниясы осындай меморандумға қол қойған. Елорда Қазақстанда автономды такси сынақтан өтетін алғашқы қалалардың бірі болмақ. Жоба «ақылды қала» стратегиясы аясында жүзеге асады.

Енді докторантураға түсу үшін ағылшын тілін білу міндетті емес

Келер жылдан бастап докторантураға түсетіндерге қойылатын талап өзгерді. Кейбір мамандық үшін ағылшын тілін меңгеру міндетті болмайды. Докторантураға түсетіндерге қойылатын талаптарды қайта қарау мәселесін мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбеткөтерген еді.

Асхат Аймағамбетов
Фото: Newtimes.kz

GPT мен Gemini сияқты құралдар шыққанға дейін бұл талаптар орынды болса, қазір жағдай өзгерді. Білім және ғылым министрлігі ұсынысымды қолдады, — дейді Асхат Аймағамбетов.

Елде тегін ем алатын науқастар саны артады

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік мәні бар аурулар тізімі жаңарып, кеңейеді. Жаңартылған тізімге енген азаматтар мемлекет есебінен медициналық бақылау, дәрі-дәрмек пен зертханалық талдауды тегін ала алады. Жаңа тізімге мына аурумен ауыратын азаматтар кіреді:

  • туберкулез;
  • АИТВ инфекциясы;
  • созылмалы вирустық гепатиттер мен бауыр циррозы;
  • қатерлі ісік;
  • психикалық және мінез-құлық бұзылысы;
  • алғашқы 6 айдағы миокард инфарктісі;
  • жүйке жүйесінің дегенеративтік аурулары;
  • ОЖЖ демиелинизациясы;
  • сирек кездесетін аурулар;
  • эпилепсия;
  • инсульт (бір жылға дейін).

2026 жылы зейнетақының жеткілікті шегі 10% өседі

Орташа есеппен, шекті мөлшерлемелер жасына байланысты 3,72 миллион теңгеден 10,7 миллион теңгеге дейін өсті.

20 жастағы азаматтар үшін бұл көрсеткіш 3,72 миллион теңгеге, 30 жастағылар үшін 5,12 миллион теңгеге, ал 40 жастағылар үшін 6,72 миллион теңгеге жетті. Жас бойынша кестені мына жерден көре аласыз.