21 желоқсанда қазақ сахнасының абызы, кино және театр әртісі, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімұлы қайтыс болды. Бүгін Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында жұрт Асанәлі Әшімұлымен қоштасты. Әртісті соңғы сапарға шығарып салуға келген халық театрға сыймай қалып, жартысы сыртта тұрды.

Қаралы жиында мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин президент көңіл айтқан хат оқыды. Содан кейін Асанәлі Әшім туралы естелік айтып берді.

Ерлан Қарин
Фото: Таңшолпан Төлеген

Өткен жұмада Алматыға келіп, Асанәлі ағамен кең отырып әңгімелесейік деп кездестік. Жүрсін Ерман аға да бар. Әңгімеміз үш сағатқа жалғасты. Асанәлі аға отырыстан кеткісі келмегендей көрінді, кетуге асықпады. Қоштасып бара жатқанымызда «Аға, келер жолы Алматыға Жаңа жылдан соң ғана келемін. Сонда тағы жолығайық» дегенімде, ағамыз «Ерлантай, біз кезінде жыл санаушы едік, кейін ай санадық, қазір күн санайтын жастамыз. Құдай қаласа дейік» деген еді. Сол күні соңғы рет кездесіппіз, — деп еске алды Ерлан Қарин.

Ол әртістің өнердегі жолы жарқын болғанымен, өмірдегі жолы қиын болғанын тілге тиек етті. Алайда тағдырға өкпесін айтқан емес дейді.

Асанәлі Әшіммен қоштасу
Асанәлі Әшіммен қоштасу. Фото: Таңшолпан Төлеген

Қаламгер Мереке Құлкен Асанәлі Әшім өкпеге де, өлімге де қимайтын азамат болғанын айтты.

Мереке Құлкен
Фото: Таңшолпан Төлеген

Асекең ақын Қасым Аманжолдың мына өлеңін көп айтатын: «Ей, тәкәппар дүние, Маған да бір қарашы. Танимысың сен мені? Мен — қазақтың баласы». Асекең қазақтың жүрегіне керемет кейіпкерлерді жазып кетті. «Қыз Жібек» фильмінде шын Бекежан тіріліп келіп, киноға Асанәлі болып кіріп кеткендей еді. Асанәлі деген Бекежан, Бекежан деген Асанәлі болатын. Айыру мүмкін емес, — дейді Мереке Құлкен.

Жазушының айтуынша, Асанәлі Әшім — қазақ өнерінің шырқау шегіне жеткен санаулы адамның бірі.

Біздің ауылымызда мыңқ етпейтін қара нарлар болатын. Аяғының астында иттер шәуілдеп жатса да, маң-маң басып келе жататын. Асанәлі де өмірге солай келді, өмірден солай өтті. О кісі көрмеген қызықты кішкентай Асанәлі көрсін, — деді қаламгер.

Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс Шәмшә Гүлбендиярова да Асанәлі ағасын еске алды.

Шәмшә Гүлбендиярова
Фото: Таңшолпан Төлеген

Алғаш театрға келгенде Асанәлі Әшім, Әнуар Молдабек, Сәбит Оразбай, Фариза Шәріп, Нүкетай Мышпай, Торғын Тасыбек, Салиқа Қожақ және Баян Имаш сияқты әртістерге қарап, сахнаға икемделдік. Сахнаға қалай шығып, қалай сөйлеу керек екенін көрдік. Асекең өмірде көп нәрсені бастан өткерді, соның бәрін қара нардай көтерді, — дейді Шәмшә Гүлбендиярова.

Оның айтуынша, Асанәлі Әшім отырған жер мереке болатын. Өзі қалжыңдағанда ұнататын.

Ол кісі сахнада да, кинода да ұстасымыз еді. Бірнәрсе ұнамаса, бетің бар, жүзің бар демей, айтып тастайтын мінезі бар. алайда бізге, қыздарға қатты сөйлемейтін. Қайтқанын естігенде басында сене алмадық. Дегенмен ешкім мәңгі жасамайды, — деді актриса.

Театр алында Асанәлі Әшімнің жеке архивінен және сомдаған рөл бейнесіндегі суреттер қойылды.

Асанәлі Әшім
Фото: Таңшолпан Төлеген
Асанәлі Әшім Бекежан рөлінде
Фото: Таңшолпан Төлеген
Асанәлі Әшім
Фото: Таңшолпан Төлеген
Асанәлі Әшім
Фото: Таңшолпан Төлеген
Асанәлі Әшіммен қоштасу
Асанәлі Әшіммен қоштасу. Фото: Таңшолпан Төлеген

Асанәлі Әшімнің табытын сыртқа алып шықты.

Асанәлі Әшіммен қоштасу
Асанәлі Әшіммен қоштасу. Фото: Таңшолпан Төлеген
 "Айгөлек" журналының бас редакторы Қымбат Әбілдақызы
«Айгөлек» журналының бас редакторы Қымбат Әбілдақызы. Фото: Таңшолпан Төлеген

«Айгөлек» журналының бас редакторы Қымбат Әбілдақызы әртісті ағасындай көргенін айтып, өлеңдетіп жоқтау айтты.

намаз
Ер адамдар жаназа намаз оқыды. Фото: Таңшолпан Төлеген
намаз
Фото: Таңшолпан Төлеген

Жұрт Асанәлі Әшімге соңғы рет қошемет көрсетті. Әдетте, әртіс қайтыс болғанда «бұл оның соңғы сахнасы» деп, қол соғып, шығарып салады.

халық, жұрт
Фото: Таңшолпан Төлеген
Бағдат Әшім
Бағдат Әшім. Фото: Таңшолпан Төлеген

Асанәлі Әшімнің әйелі Бағдат Әшім жоқтау айтты. Жұрт әртістің жесіріне басу айтып жатты.

Бас фото: Таңшолпан Төлеген/Baribar.kz