Қасым-Жомарт Тоқаев «Атаманның ақыры» фильмінің 50 жылдығымен құттықтады

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекет басшысы дарынды режиссер Шәкен Аймановтың және үлкен шығармашылық ұжымның бірлескен күш-жігерінің арқасында өмірге келген бұл туындының отандық кино өнері саласында алатын орны айрықша екенін айтып, оны детектив жанрында түсірілген алғашқы фильмнің бірі деп бағалады.

Президенттің құттықтау хатында «Атаманның ақыры» фильмі тарихи деректерге негізделген шытырман оқиғаларға толы екені, сол заманның ұрпағын отансүйгіштікке, елді қорғау үшін жанқиярлықпен күресуге тәрбиелегені туралы айтылған.

Өзіңіз аталған кинотуындыда чекист Қасымхан Шадияров ролін өте ғажап сомдап шықтыңыз. Арпалысқа түскен қоғамда жауапты қызметкердің өзіне жүктелген құпия тапсырманы орындау жолындағы батырлық пен қайсарлық танытқан іс-әрекетін шынайы көрсете білдіңіз. Сізді аса көрнекті актер ретінде КСРО ғана емес, бүкіл әлемдік кинематография қауымдастығы мойындады. Сонымен қатар қазақстандық әйгілі артистер Елубай Өмірзақов, Нұрмұхан Жантөрин және Алтынай Елеуова да өздері сомдаған ролдерін үлкен шеберлікпен орындай білді, — деп жазылған құттықтау хатта.

Мемлекет басшысы Халық артисіне алдағы уақытта да отандық кино мен театр өнерін және халқымыздың рухани байлығын дамыту жолына үлес қосып, елдің айрықша құрметіне бөлене беруіне тілектестік білдірген.

Құттықтау соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Асанәлі Әшімовке зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына құт-береке тіледі.