Алматыда «Сәлем, табиғат» иллюстрациялы кітабының тұсаукесері өтті. Бұл — Қазақстанның бес аймағы: Батыс, Солтүстік, Орталық, Оңтүстік, Шығыс Қазақстан облыстарының табиғаты мен сонда мекендейтін жан-жануар, аң-құс туралы баяндайтын кітап. Алты жастан асқан балаларға арналған. Авторы — Майя Ақышева. Кітапты Tentek баспа үйі безендіріп, Meloman Publishing басып шығарды.

Meloman Publishing өкілі Қаракөз Тұрғанова оқырманға табиғат аясына келіп «Сәлем, табиғат» кітабының тұсаукесеріне қатысып жатқаны үшін ризашылық білдірді.

Біз бұл жобаны сериялы кітап ретінде шығарып келеміз. Басында «Сәлем, Алматыны» үш тілде шығардық. Одан кейін «Сәлем, Астана» шықты. Жобаның үшінші кітабы «Сәлем, табиғат» та қазақша, орысша және ағылшынша — үш тілде шықты. Жобаны Tentek Publishing House-пен бірге істеп жатырмыз, бір-бірімізді түсінгеніміз үшін алғыс айтамыз, — деді Қаракөз Тұрғанова.

Оның айтуынша, кітап Қазақстанның табиғаты қандай әсем екенін көрсеткісі келген. Кітап балаларға ғана емес, ересек оқырманға да арналған.

Сәлем, Табиғат
Фото: Равиль Әметов

Өзім қарап отырып, бұған дейін өзіме беймәлім болған аң-құс пен өсімдікті білдім. Жоба кітапты оқыған әр оқырманның жүрегінен орын табады деп сенеміз, — деді ол.

Tentek Publishing House негізін қалаған әрі бас редакторы Малика Кохан кітап оқырман үшін балалық шаққа барып қайтуға және еліміздің аймақтары мен флора-фаунасымен танысуға мүмкіндік береді дейді.

Сәлем, Алматы, Сәлем, Астана
Фото: @Tentekbooks Instagrаm-аккаунты

Мұндай кітапты жасап шығару оңай болған жоқ. Өйткені бұған дейін шыққан «Сәлем, Алматы», «Сәлем, Астана» кітаптарында өзіміз айтқымыз келген белгілі бір орындар болды. Ал «Сәлем, табиғатты» жасарда қолдағы ақпаратты қалай ұсынарымызды білмедік. Біздің де, Майяның да басты мақсаты еліміздің табиғатына сүйсіну ғана емес, оның алуантүрлігін көрсету еді. Жерімізде тау, дала ғана емес, қаншама қорық, біз бұрын соңды білмеген фауна түрлері, сирек кездесетін, жиі ұшырасатын жан-жануар да бар. Оқырман еліміздің табиғаты түрлі-түрлі екенін түсінуі үшін соның бәрін бірдей көлемде жеткізуге тырыстық, — дейді Малика Кохан.

Оның айтуынша, Қазақстанда бар сұлулықты шетелден іздеп кететін адам көп. Редактор табиғатпен ғажап үндесе отырып, сол орындарда жүріп-тұру тәртібін сақтап, олар туралы айта жүргеннен артығы жоқ дейді.

Сәлем, Алматы
Малика Кохан. Фото: Равиль Әметов

Кітапта аң-құстар өздері туралы өзі «айтуы» үшін оларға «дауыс» сыйладық. Кейбір жануар расымен де байыпты. Мәселен, құну (сусардың бір түрі — ред.) салт жүргенді жақсы көреді әрі айарлықтай қауіпті аң. Оған қоса бәріміз онсыз да білетін жануарлар бар. Мысалы, қарақұйрық сортаңды жалағанды ұнатады. Қарақұйрық кітапта өзі туралы салмақты мәлемет беріп жатқан жануарлармен — киікпен, арқармен, түркімен қарақалымен қатар тұрады да «ал мен сортаңды жалағанды жақсы көрем» дейді. Өзіңе арналған жануарды тауып алып, сонымен бірге жүргендей күй кешуге болады, — дейді шығарушы редактор.

Кітапты қазақ тіліне аударған Қуаныш Жұбандық «Сәлем, табиғатты» аударып отырып Қазақстан жан-жануар мен өсімдік түрлеріне бай екенін түсінген. Кейбірінің атауы қызық болғаны сонша, олар қазақшаға қалай аударылады деп басы қатқан екен.

Сәлем, Табиғат
Қуаныш Жұбандық. Фото: Равиль Әметов

Қазақ тіліне аударып жатқандағы басты міндет жан-жануарлар атауын дұрыс аудару болды. Мекен атауын аудару қиын емес. Ал аң-құс, өсімдік атауларын қазақшаға дұрыс аудару үшін біршама жұмыс істедік. Түрлі сөздікті ақтардық, диссертацияларды, соның ішінде қырғыз ағайындардың еңбектерін қарадық. Сөйтіп ең жақсы нұсқаларын таңдауға тырыстық. Кейбір бунақдене мен өсімдік атауы қазақшаға аударылмаған болып шықты. Аудармасы болса да, бірізді емес. Мұндай кітаптар ғылымды, Қазақстан фаунасы мен флорасын танытуға көмектеседі деп ойлаймын. Бұл ғажап эксперимент болды, — дейді Қуаныш Жұбандық.

«Сәлем, табиғаттың» суреттерін Катя Болатова салған. Кітаптағы барлық ақпарат пен жер-су, аң-құс, өсімдік пен бунақдене атауларына Зоология институты және Ботаника және фитоинтродукция институты сараптама жасады.

Сәлем, Табиғат
Фото: Равиль Әметов

Қай жануар суперқаһарман секілді «‎бетперде» тағып алған? Балқаш көлінде қандай құстар мекендейді? Қай таулар шелпекке ұқсайды? Мұндай қызық сұрақтардың жауабын «Сәлем, табиғат» кітабынан білуге болады.

***

Тағы оқыңыз:

«Сұранысты өтейтін біз бармыз». Tentek дүкенінде қандай кітаптар сатылады?