«Сұранысты өтейтін біз бармыз». Tentek дүкенінде қандай кітаптар сатылады?

Tentek, кітап, балалар шығармашылығы
Малика Кохан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Baribar.kz тілшілері Tentek баспа үйінің басшысы әрі балаларға арналған кітаптар шоурумының басшысы Малика Коханмен кездесті. Маликамен балалар шығармашылығы туралы, кітап оқу мәдениеті жайлы түсінік пен қазіргі оқырмандардың талғамы туралы сөйлесіп қайтты.

Малика Кохан — Tentek Pusblishing House тәуелсіз баспа үйінің негізін қалаушы әрі бас редакторы. Жақында ол ұжымымен бірге балалар әдебиетін сататын Tentek кітап шоурымын ашты.

Tentek, кітап, балалар шығармашылығы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Көптеген тәуелсіз басылым жеке шоурумын ашқанды дұрыс көреді. Бұл — өте жиі қолданылатын практика. Біз де уақыт өте осының дұрыс шешім екенін түсіндік. Өйткені біз шығаратын кітаптар өзге үлкен дүкен сөрелерінде көлеңкеде қалып қоймаса екен деп алаңдаймыз. Сол үшін оқырман нақты біздің баспаның кітабын сатып аламын деген мақсатпен арнайылап келетін жер болғанын қаладық. Адамдар кітапты парақтап, оқып көріп, баспаның жұмысымен толық таныса алуы үшін осындай кішігірім дүкен жасауды жөн көрдік, — дейді Малика кітап дүкенінің ашылуы туралы.

Малика Кохан осылай елдегі балалар шығармашылығына, балалар әдебиетіне назар аударатындар саны артарына сенеді. Себебі ол балаларға арналған арнайы кітап дүкендері көп емес дейді.

Tentek, кітап, балалар шығармашылығы
Малика Кохан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Расын айту керек, алпауыт кітап дүкендерінде біз басып шығаратын кітаптар көзге байқалмай қалады. Себебі мұндай дүкендерде Ресей басылымдарының немесе жергілікті басылымдардың танымал кітабы көп. Дегенмен бұл дүкеннің көбі оқырманды тақырып алуандығымен қуантады дей алмас едім. Сондықтан кітаптарымыз өз бетінше бөлек сөреде, тіпті бөлек дүкенде сатылғанын қаладық. Бәлкім осылай балалар шығармашылығының дамуына да үлес қосармыз. Кітап — баланың дамуы үшін маңызды құралдың бірі, — дейді баспагер.

Малика Коханның айтуынша, дүкен ашылуына түрткі болған тағы бір себеп бар. Ол елде шетелдегі тәуелсіз басылымдардың кітабы көп сатыла бермейтінін байқаған.

Бізде «РОСМЭН», «Эксмо» және тағы басқа осы сияқты кітап әлеміндегі алпауыт ойыншылардың кітабы көптеп сатылады. Бірақ бұл басылымдар онсыз да кең танылған, саудасы да жүріп тұр. Бұл басылымдар ескі әдебиетті қайта басып шығарып та отырады. Айтпағым, мұның бәрі — ешқашан жоғалып кетпейтін, үнемі табуға болатын дүние. Бірақ Ресейде бұдан бөлек көптеген тәуелсіз басылым бар, бірақ олар Қазақстанда көп танылмаған. Бірақ, меніңше, дәл сол баспалардың кітаптары бала үшін расымен қызық. Ол кітаптар шынымен-ақ маңызды, көп айтыла бермейтін тақырыптарды көтереді. Оның ішінде саясатқа, экологияға және денсаулыққа, мектептегі буллиңгіге қатысты қазіргі мәселелер де қамтылып жатады. Біз дүкенімізде осы баспалардың да кітабын ұсынуды жөн көрдік, — дейді ол.

Tentek, кітап, балалар шығармашылығы
Малика Кохан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Баспагер мұндай кітаптардың бағасы шамалы жоғары болады дейді. Бірақ оның себептері бар.

Уақыт өте бұл кітаптар қазақшаға аударылғанын қалар едім. Қазір Steppe&World баспасы осы істі қолға алғанына қуаныштымын. Бірақ аударма деңгейінде қалып қоюға да болмайды. Кейінірек Қазақстанда тұратын авторлар да осы тақырыпта қазақша кітап жазып шығарса, тіпті керемет болар еді. Қазір дүкенде бір жағынан осындай дүниенің бар екенін халыққа жеткізе алатынымыз қуантады. Әрине, оқырман үшін бұл кітаптардың бағасы кішкене қымбаттау болып көрінуі мүмкін. Бұған, бірінші кезекте баспа үйінің ішкі саясаты әсер етеді. Тәуелсіз баспа үйлері кітапты аз тиражбен басып шығарады. Тираж аз болған сайын, тауар құны жоғары бола береді, — дейді Малика Кохан.

Tentek дүкені — ерекше стильде, келген адамға үйдегідей жылу сыйлайтын атмосферамен әрленген. Дүкен дүйсенбі мен сенбі аралығында ашық болады. Мұнда кітаптың алуан түрі ұсынылған.

Tentek, кітап, балалар шығармашылығы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Tentek, кітап, балалар шығармашылығы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дүкенде 16 жасқа дейінгі балаларға арналған кітаптар қойылған. Бірақ бұл — шартты көрсеткіш. Меніңше, бұл кітаптар ересектерге де қызық болады. Себебі, кітапты ата-ана мен бала арасындағы диалог құралы деуге болады. Мысалы, дүкенде сайлау жүйесі туралы кітап бар. Ол жерде аңдар әлеміндегі таққа талас туралы баяндалады. Бірақ баласына кітапты оқып отырып, ата-ана да өзінің саяси сауатын ашып, базалық дерек ала алады, — дейді Малика Кохан.

Дүкенде сатылатын кітаптардың сапасы ерекше, визуал жағынан да жақсы ойластырылған. Малика бұл кітаптарды дүкендегі ұжымымен бірге таңдайды.

Біз қызық, ерекше кітаптарды жақсы көреміз. Дүкенде қойылатын кітаптарды ұжымдағы қыздар — Екатерина Болатова және Жәмилә Әбілжановамен бірге таңдаймыз. Дүкенде фентези кітаптар жоқ, себебі бұл жанрды кез келген дүкеннен табуға болады, олар өте көп. Бізде жасөспірімдерге арналған шынайы өмірге жақын кітап пен кішкентай балаларға арналған визуал тұрғыдан әдемі кітап көп, — дейді ол.

Баспагер кітап дүкенін ашу қаншалық өзекті екенін сұрайтындар мен кітап оқитындар азайып кеткенін айтатындар көп дейді.

Кеңес үкіметі заманында кітап оқитындар көп болды, ал қазір кітапты жаппай оқымайды деген қате ой бар. Ол кезде де кітапқа қызықпайтын адам қаншама еді. Бірақ ол заманда кітап арқылы орыс тілін үйрету, адамдарға идеологияны сіңіру деген бір мақсат болды. «Қазір жастар кітап оқымайды» деген сөгіс сөз де осыдан туып отыр. Бірақ кітап оқитындардың азайған түгі жоқ. Бәрі тек отбасына байланысты. Үйде ата-ана кітап оқыса, бала да оқиды. Өзі мүлдем кітап оқымайтын ата-ана баласын кітапқа қызықпайды деп жазғырмауы керек. Мұндайда бала есейген соң, өзі қызыға бастауы мүмкін, — дейді Малика.

Малика жаңадан ашылған кітап дүкенінің оқырмандары туралы да айтты. Ол барынша ауқымды аудиторияны қамтығысы келеді.

Еліміздегі кәсіп иелерінің басты кемшілігі — барлығын орталықтандыруға тырысатыны дер едім. Ал өз басым Tentek-тің кітаптарын тек қаланың «алтын шаршысында» тұратын ата-ана сатып алғанын қаламаймын. Әрине, біздің кітаптарымызды дәл мен сияқты ата-ана сатып алатынын түсінемін. Бұл — өзі миллениал, бала тәрбиесіне қызығатын, өзі кітап оқитын әрі баласының қазақша сөйлегенін қалайтын буын өкілдері. Қазақстанда барлық ата-ананың кітап дүкенін аралап, баласына керек-ау дегенді кітапты таңдап жүруге шамасы, уақыты жоқ екенін де түсіну керек. Себебі жай ғана отбасын асырау үшін күндіз-түні жұмыс істеуі керек адам көп. Сондықтан бұл топ өкілдері «барахолка» базарына барып, қалтаға қатты салмақ салмайтын бояу қағазын немесе бір кітап сатып ала салуы бек мүмкін. Сол үшін де Tentek дүкенінің сатып алушылары кім дегенде үнемі халықтың өмір деңгейі артса екен деген ой келеді. Сатып алушылардың экономикалық жағдайы жақсарып, балаларына пайдалы әдебиет алуға сұраныс пайда бола қалса, сол сұранысты өтейтін біз бармыз, — дейді баспагер.

Малика дүкен жұмысымен қатар, баспа үйіне де жетекшілік етеді. Дүкеннің ашылғанына көп бола қоймаса да, тәуелсіз баспа Қазақстан нарығында екі жылдан аса уақыт жұмыс істеп келеді.

Tentek, кітап, балалар шығармашылығы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бірінші жыл баспа үйіміз үшін ерекше белсенді әрі табысты өтті. Өте көп кітап шығардық, демеушілер де тез табылып жатты. Ал екінші жылы бірнеше ірі жоба алдық. Жұмыс әлі жүріп жатыр. Сондықтан қорытындысын шығаруға әлі ерте. Дегенмен Chevron-ның қолдауымен «Шумақ жіп» комиксін шығардық. Tentek zhurek сериясы аясында «Тамшы Акваның саяхаты» деген шағын кітап жарық көрді. Жақында «Сәлем, Астана» дүкендерде сатыла бастады. Сонымен қатар балаларға бейімделген қаржылық сауат туралы кітапты үш тілде басып шығардық, — дейді баспагер.

Tentek дүкеніндегі үздік бес кітап

Tentek баспа үйінің шоурумы былтыр желтоқсанда ресми ашылды. Көп уақыт бола қоймаса да, Малика оқырман жиі алатын үздік кітаптар тізімі бар дейді.

Бұған дейін айтқанымдай, дүкенде ерекше, сапалы әрі эксклюзив кітаптар ұсынылған. Үздік бестікті таңдау сондықтан қиын болуы мүмкін. Бұған қоса біз барлық кітапты аса мұқият таңдаймыз. Сол үшін дүкенде ортаңқол кітап жоқ екенін бірден айта кетейін, — дейді ол.

«Шыбын» — Тоня Шипулина

Tentek, кітап, балалар шығармашылығы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл — кішкентай бала туралы кітап. Оның әкесі алкоголь ішеді. Бірақ Тоня Шипулина — мұндай жағдайлардан трагедия жасағанды ұнатпайтын жазушы. Оның кітаптары сонысымен де қызық. Ішкіш әке дегенге оқырман әуелде біртүрлі сезімде болып, кітапты оқығысы келмеуі мүмкін. Бірақ бұл — жасөспірім баланың атынан баяндалатын, сондай мейірімге толы кітап.

«Әлканың күміс тұмары» — Нұрайна Сәтбаева

Tentek, кітап, балалар шығармашылығы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл — қазақ фольклорымен ұштасқан, «Қызыл кітапқа» енген жануарлар туралы кітап. Ақпаратқа толы, балаларға да, ересектерге де қызық хикаялар жинағы.

«Сәлем, Алматы» — Гүлнәр Наурызбай және Сима Омарқұлова

Tentek, кітап, балалар шығармашылығы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл кітап та — біздің бестселлеріміз. Бұл кітапты «Меломан» дүкенімен бірге шығардық. Сондықтан бұл — ортақ бестселлер. Қала туралы иллюстрацияланған алғашқы бағдар кітапта 1936 жылғы ескі әуежайды, 1940 жылы негізі қаланған Шет тілдер институтын, 1950 жылы тұрғызылған «Қазақстан» кинотеатрын, 1955 жылғы «Жазушылар одағын» және көптеген басқа қызық дүниені табуға болады. 

«Қала деген — Мен» — Ирина Озымок

Tentek, кітап, балалар шығармашылығы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл — қаланың абаттандырылуы туралы өте әдемі кітабы. Авторы — украин жазушысы. Қала құрылысы туралы балаға түсіндіруге арналған өте жақсы құрал деуге болады. Өз басым, Қазақстанның урбанистикасы жайлы осындай кітап жазылғанын қалар едім.

«Выборы зверей» кітабы

Tentek, кітап, балалар шығармашылығы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл балаларға сайлау дегеннің не екенін түсіндіруге арналған өте қызық, күлкілі жазылған кітап. Оқиға желісі де оқырманды баурап алады. Кітап бойынша, олардың патшасы болады, бұл — арыстан. Өзіне бассейн жасау үшін өзенді жауып тастайды. Сосын басқа жануарлар неге жағдайды қолға алмасқа деп, өз кандидатурасын ұсына бастайды. Сайлау жүйесін осынша жеңіл түсіндірген кітапты білмейді екенмін. Біздің елдегі балаларға өте пайдалы кітап деп есептеймін.

Дүкенде түрлі жастағы балаларға арналған бұдан өзге де көп кітап бар. Малика Кохан мұнда  келген әр адам өзіне керегін табатынына сенімді.

****

Тағы оқыңыз:

Әлихан Бөкейхан шетел әдебиетін қазақшаға қалай аударды?