— Малика ханым, жуырда Tentek баспасына бір жыл толды. Алғашқы жыл баспа үшін жемісті болды ма?

— Менің ойымша, табысты жыл болды. Әрине, қазіргіден де көп нәрсеге үлгеруге, кітап шығару ісінде барынша біраз іс тындыруға болар еді. Алайда біздің бір жыл ішінде істегеніміз өте маңызды жұмыс болды. Қиындықтарға тап болсақ та, қол қусырып отырмадық.

— Өз тәжірибеңізден Қазақстандағы тәуелсіз баспа қандай проблемаларға кезігетінін және оны қалай еңсеретінін айтып беріңізші…

— Қазіргі кездегі басты мәселе сол, кітап шығаруға қаражат табу оңай емес. Біз жұмыстың бәрін өз мойнымызға аламыз, бірақ мамандарымыздың еңбегіне жақсы ақы төленуі керек. Қазіргі уақытта кітап басып шығару біраз қаржыны қажет етеді. Бақытымызға орай, біздің жұмысымызға сенген ұйымдар бар. Кітаптарымыздың бірін «Дара» қайырымдылық қоры, тағы бірін «Меломанның» өзі қаржыландырды.

Малика Кохан
Tentek Publishing House баспасының негізін қалаушы және бас редакторы Малика Кохан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сонымен бірге мәтінмен жұмыс істейтін білікті мамандарды, соның ішінде корректорлар мен әдеби редакторларды табу да қиын, бірақ уақыт өте келе біздегі мамандар да осы саладағы машығын дамытады деп сенемін және өзіміз де бұған барынша тезірек жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

Кітап шығару саласында 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Мен сияқты жас баспагерге бұл аз уақыт емес. Осы саладағы кәсіби мектебімнің өте алуан түрлі болғанына қуанамын. Сондықтан кітап шығару ісіндегі барлық кезеңді: қолжазбаны оқудан, макетті беттеуден бастап кітапты басып шығарып, оны түптеуге дейін жақсы білемін.

— Бүгінге дейін қандай кітаптарды басып шығардыңыздар?

— Осы уақытқа дейін шығарған кітаптарымыздың әрқайсы әртүрлі. Олар түрлі оқиғаны баяндағанымен, бір нәрсе біріктіріп тұр. Олар қазақстандық балалар туралы және қазақстандық балаларға арналған.

Tentek баспасы, кітап, балалар әдебиеті
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бүгінге дейін сегіз кітапты басып шығардық. Ең алғашқысы — «Таныс болайық! Батыр», бірақ бұл толықтай біздің баспаның кітабы емес, біз оны басып шығаруға дайындадық. Ал өзіміз жеті кітап шығардық.

Тоня Шипулинаның «Шыбын», Нұрайна Сәтбаеваның «Әлканың күміс тұмары», Мәдина Баренованың «Майя», кішкентай бүлдіршіндерге арналған Tentek Jurek кітап сериясы бойынша басылған Мәдина Баренова мен Айша Сырымбаеваның «Балалық шақ деген не?», Гүлшат Манаштың «Қып-қызыл әңгіме, қап-қара нүктелер» және Полина Качалинаның «Мои первые слова» дейтін алты кітабымыз шықты. Жақын арада иллюстрациялары бар «Сәлем, Алматы!» деген Алматы бойынша гид-кітапшамыз жарық көреді. Бұл «Меломанмен» бірлескен жобамыз болмақ.

— Кітаптарды не үшін бірден екі тілде басып шығарамыз деп шештіңіздер?

— Мен қазақстандық оқырмандардың орысша немесе қазақша кітаптарды бөлек-бөлек сатып алғанын қаламадым. Кітап қай тілде жазылғанына қарамастан, авторларымыздың шығармасы қазақ тілінде сөйлейтін ортаға да, орыс тілінде сөйлейтін ортаға да жеткенін қалаймын. Сонымен бірге қостілді кітап өзім сияқты қазақшаны әлі де жетік білмейтіндердің оны үйренуіне керемет мүмкіндік болады деп ойлаймын.

Tentek баспасы, кітап, балалар әдебиеті
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Бұған дейін Ресейдің баспа нарығында бірнеше жыл тәжірибе жинағаныңызды білеміз. Қазақстанда кітап басып шығару ісін қолға алғанда мұндағы нарықты зерттеп көрдіңіз бе, әлде бірден кірісіп кеттіңіз бе?

— Қазақстанға орала салысымен туған елімде балалар мен жасөспірімдерге арналған қандай басылымдар бар екеніне қызыға бастадым. Балалар шетелден келген кітаптардан өзге не оқи алады?

Қазақстанға келген алғашқы екі жылы OYLA қазақстандық ғылыми-көпшілік журналда қызмет етіп, кейін кітап басып шығару саласындағы коммерциялық жобалармен айналыстым. Бұған қоса осы кезде өз баспамды ашуға дайындалып жүрдім.

Мен елге оралған уақыттан бері көп нәрсе жақсы жаққа қарай өзгерді. Алдағы уақытта бұл өзгерістерге Tentek баспасы да атсалысады деп сенемін.

— Қазіргі нарықтағы кей баспа әлемдік шығармаларды қазақшаға түпнұсқадан тікелей аударуды қолға алса, ал кей баспа жергілікті авторлардың шығармаларын басып шығаруға көмектескісі келеді. Ал Tentek-тің басты мақсаты, ұстанымы қандай?

— Tentek-тің басты мақсатының бірі – кітап дүкендері сөресінде немесе үйдегі кітапханаларда шетелде жазылып, басылып шығып жатқан кітаптар ғана емес, өз елімізде жазылып жатқан кітаптардың да болуына жағдай жасау.

Малика Кохан
Малика Кохан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Баспаның авторларға жасаған үндеуінде фэнтези жанрындағы шығармаларды қабылдамайтынын хабарлады. Бұған не себеп болды? Жалпы авторлардың шығармасына қандай талаптар қойылады?

— Біз фэнтези жанрындағы шығармалардан үзілді-кесілді бас тартып отырған жоқпыз және авторларымыздан түскен қолжазбаның бәрімен танысып, оқып жатырмыз. Алайда қазіргі таңда Tentek шынайы өмірді көрсете алатын шығармаларға ден қойғанын қалар едім.

Менің ойымша, қазақстандық балалардың дәл өздері сияқты қарапайым қатарластарының қалай өмір сүріп жатқаны, қиындықтарды қалай еңсеретіні, қалай достасатыны, отбасымен қалай қарым-қатынас жасайтыны туралы оқи алуы керек.

Шығарма өте сапалы әрі құнды болуы керек және бас редактор ретінде маған қандай да бір сезім сыйласа, сол жеткілікті, басқа талап жоқ.

Малика Кохан
Малика Кохан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Қазақстанның баспа нарығында Tentek-ке бәсеке ретінде кімді көресіз? Өзге әріптестеріңізбен байланысып, тәжірибе алмасып отырасыздар ма?

— Елімізде тәуелсіз кітап шығару ісі енді ғана жолға қойылып келе жатыр. Менің ойымша, қазір бәсекеден гөрі өзара қолдау маңыздырақ сияқты.

Steppe&World баспасының айналысып жүрген ісі көңілімнен шығады. Олар қазақстандық балаларға шетел балалар әдебиетінің классикалық туындыларын қазақшаға аударып беріп жатыр, бұл — тамаша еңбек. Менің бала кезімде мұндай баспа болмағаны өкінішті. Бұл баспа қызметкерлерімен тек кітап туралы емес, кез келген нәрсе туралы сөйлесе аламын.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Биыл қандай кітаптарды басып шығаруды жоспарлап отырсыздар?

— Әзірше «Сәлем, Алматы!» кітабының басылып шыққанын күтіп отырмыз. Ал бұдан кейінгі жұмысымыз баспаға демеуші табу мүмкіндігіне байланысты. Бізде қазір жақсы кітаптар көп, оларды басып шығаруды тағатсыздана күтіп отырмын.

Малика Кохан
Малика Кохан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Балаларға арнап кітап шығару өзін өзі ақтап, табыс әкеле ала ма?

— Ақша туралы айтуға әлі ертерек деп ойлаймын. Қазір жасап жатқан ісіміз болашақта өз жемісін береді деп сенемін. Ал қазір тоқтамай, берілмей, бастаған ісімізді жалғастыра беруіміз керек. Алда қаншама жақсы кітап күтіп тұр, сондықтан авторларымыздың кітабы шығып, оқырманына жетуі үшін қолдау табу маңызды.

— Әңгімеңізге рақмет!