аяқ киім, аяқ киім таңдау, халюс вальгус, халюс вальгус операция
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Бекзат Бейсенов — травматолог, ортопед. Baribar.kz маманнан әйелдерге аяқкиімді дұрыс таңдаудың маңызын, оның денсаулыққа әсерін сұрады.

Дәрігер қазір табан, аяқ жарақатымен келетіндер көбейгенін айтады. Мұның бірнеше себебі бар.

аяқ киім, аяқ киім таңдау, халюс вальгус, халюс вальгус операция
Бекзат Бейсенов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

15-20 жыл бұрын табанға ешкім көңіл бөлмейтін. Ол кездері нан табу, үйді асырау бірінші орында тұратын. Қазір адамдар денсаулығына көңіл бөле бастады. Соның ішінде аяқтың, табанның саулығына алаңдайтындардың қатары артып келеді. Бірақ біз айналысатын табан хирургиясы кейінгі 5-10 жылда өзекті бола бастады. Екінші себебі — қазір сән әлемінің ерекше қарқынмен дамып жатқаны. Кейде адамдар тауардың қаншалық ыңғайлы екеніне емес, сұлулығына ғана мән беріп кетеді, — дейді ол.

Дәрігердің айтуынша, табан хирургына көбіне қыз-келіншектер келеді. Ол бұл әйелдердің көп жағдайда денсаулыққа қарағанда сұлулықты жоғары қоятынының салдарынан деп есептейді.

аяқ киім, аяқ киім таңдау, халюс вальгус, халюс вальгус операция
Бекзат Бейсенов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Әйелдер өкшесі биік аяқкиімді көп киеді. Ондай аяқкиімнің құрылысы аса дұрыс емес, сондықтан оны бірнеше сағаттап киіп жүруге де болмайды. Мұндайда адамның салмағы тек аяқтың алдыңғы бөлігіне түсіп кетеді. Негізі салмақ толықтай табанға түсуі қажет. Осындайда әдетте аяқ саусақтары зақымданып жатады. Кейде оңай емделіп кетуі мүмкін. Ал кейде жағдай нашарлап, адамдар аяғына ота жасатады, — дейді ол.

Дәрігер аяқкиімнің тар не кең болғаны да денсаулыққа айтарлықтай әсер етеді дейді. Ол тіпті адам аяғының нақты өлшемін білу үшін бір рет арнайы дәрігерге барғаны жөн екенін айтады.

аяқ киім, аяқ киім таңдау, халюс вальгус, халюс вальгус операция
Табан өлшейтін құрал. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Кез келген адам бір рет дәрігерге барып, аяғының нақты өлшемін біліп алуы қажет. Себебі өлшем — аяқкиім таңдағандағы ең маңызды фактор. Бізде табан өлшейтін арнайы құрал бар. Кейде адамдардан өлшемін сұрасаң, «36» дейді. Бірақ табанын өлшесек, басқа сан шығады. Негізі адам отырғанда, тұрғанда аяқ өлшемі бірнеше миллиметрге өзгеріп отырады. Адам тұрғанда табан сүйектері босап, созылады. Әдетте аяқкиім алғанда отырып, киіп көреміз ғой. Кейін жүргенде шын мәнінде аяқкиім аяғымызды қысып тұрғанын байқаймыз. Ал аяқтың сәл қысылғанынан тырнақтардың пішіні өзгеріп кетуі мүмкін. Тым кең аяқкиімді салпақтатып киіп жүрген де дұрыс емес. Адам үлкен аяқкиім кисе, аяғын алға қарай итере береді. Сөйтіп денесінің бар салмағын аяғының ұшына салады. Салдарынан тағы да тырнақтары зардап шегеді. Ал тырнақ оңай қалыпқа келмейді, — дейді маман.

Дәрігердің айтуына қарағанда, аяқкиімнің өлшемімен қатар пішіні де өте маңызды. Аяқкиімнің тек сырт көрінісіне емес, сапасына аса мән беру керек.

Сәнге сай киінген жақсы, әрине. Бірақ сапасы нашар немесе пішіні ыңғайсыз тігілген аяқкиім денсаулыққа зиян. Қазір ең көп кездесетін мәселе — халюс вальгус ауруы. Мұндайда адам аяғының бас бармағы зақымданып, аяқ пішінінен сыртқа қарай ығысып, қисайып кетеді. Бұл әдетте қазір ерекше сәнді саналатын, тіпті классикаға айналып кеткен бас жағы үшкір аяқкиім кигеннен болады. Аяқкиімнің бас жағы кеңдеу болуы керек. Халюс вальгусты емдеу үшін әдетте хирургиялық ота жасалады, — дейді дәрігер.

аяқ киім, аяқ киім таңдау, халюс вальгус, халюс вальгус операция
Фото дәрігердің жеке архивніен

Нарықта мұндай операция құны — бір аяққа шамамен 300 мың теңге. Ал операциядан кейін қалыпқа келуге үш-алты апта қажет болуы мүмкін.

Аяқкиімнің табанына мән беру қажет. Алда жаз келе жатыр, бәрі жеңіл, аяққа іліп кете беретін аяқкиім іздейді. Өндірушілер ерлер аяқкиімін тіккенде тәуекелге бара бермейді, классикалық үлгіде дайындап шығарады. Ал әйелдерге түрлі аяқкиім бар. Қазір әсіресе «балетка» деп аталатын жеңіл аяқкиімдер сәнде. Оған қоса жаздыгүні табаны бір сызық боп тұратын тәпішкелер киетіндер көбейді. Мұндай аяқкиім кимеген жөн. Негізі өкше мен аяқтың алдыңғы жағы бірдей биікте болмауы керек. Аяқкиімнің өкше тұсы 3-4 сантиметр биік болғаны жақсы, — дейді ол.

Ортопед дәрігерге екі аяқкиімді көрсеттік. Маман бірінші суреттегі аяқкиімнің нашар екенін айтты.

аяқ киім, аяқ киім таңдау, халюс вальгус, халюс вальгус операция
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
аяқ киім, аяқ киім таңдау, халюс вальгус, халюс вальгус операция
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл — қазір ең танымал, бірақ ең зиян, ең нашар аяқкиім. Мұндай аяқкиімнен бір айға жетпей саусақтар қисая бастайды. Осыған ұқсас аяқкиімнен қиын болса да, барынша ертерек бас тартқан дұрыс, — дейді ол.

аяқ киім, аяқ киім таңдау, халюс вальгус, халюс вальгус операция
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
аяқ киім, аяқ киім таңдау, халюс вальгус, халюс вальгус операция
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ал мына аяқкиімге келер болсақ, жалпы жаман емес. Алдыңғы жағы кең, аяқ еркін сыяды, саусақтар қысылмайды. Табаны қалың, жұмсақ, иілгіш. Бірақ өкше тұсы тағы бір сантиметрге қалыңдау болғаны дұрыс. Сонымен қатар табанның ортаңғы тұсына дөңес келген арнайы ұлтарақ салу қажет. Аяқкиім алғанда осыған ұқсасын алуға болады, — дейді маман.

Дәрігердің айтуынша, аяқкиімнің тек сыртқы емес, ішкі табанының да қалай жасалғаны маңызды. Көп аяқкиім медициналық талапқа сай келмегендіктен, адамдар арнайы ұлтарақ сатып алғаны жөн.

Аяқкиімді кигенде өкше мен саусақтардың арасындағы ойық жері жерге тиіп тұруы қажет. Аяқкиімнің бұл жері супинатор деп аталады. Аяқкиімде супинатор жоқ болса немесе аяққа жайсыз болса, супинаторы бар арнайы ұлтарақ сатып алуға кеңес беремін. Қазір нарықта ұлтарақтың алуан түрі бар. Бағасы 2000 теңгеден басталып, 70 000 теңгеге дейін кете береді. «Қымбаты жақсы» деп жаңылуға да болмайды. Қатты, каркас ұлтарақтар бар, олар кішкене қымбаттау болуы мүмкін. Бірақ бұрын-соңды ондай арнайы ұлтарақ салып көрмегендерге бұл нұсқа жарамайды. Одан да аяқ ауыруы мүмкін. Жұмсақтау, арзан ұлтарақтан бастаған дұрыс, — дейді ол.

аяқ киім, аяқ киім таңдау, халюс вальгус, халюс вальгус операция
Арнайы ұлтарақ. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қандай аяқкиім киетінін шеше алмайтын адам ең әуелі денсаулығына, өзін қалай сезініп тұрғанына мән беруі қажет. Әсіресе, етеккір кезінде аяқкиімнің өте ыңғайлы болғаны дұрыс.

аяқ киім, аяқ киім таңдау, халюс вальгус, халюс вальгус операция
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Етеккір келгенде өкшесі биік, табаны қатты аяқкиімді мүлдем кимеген жөн. Себебі бұл кезеңде аяқ сіңірлері жұмсарады. Аяққа қатты салмақ түсіп кетсе, салдарынан артрит, артроз болуы мүмкін. Негізі кез келген уақытта ыңғайсыз аяқкиімнің зардабы көп. Аяқкиімнің жыры аяқтың ауруымен бітсе, жақсы. Бірақ біздің денеміз үлкен бір жүйе, ал аяқ — сол жүйенің бір бөлігі, — дейді ол.

аяқ киім, аяқ киім таңдау, халюс вальгус, халюс вальгус операция
Арнайы ұлтарақ. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Маманның сөзіне қарағанда, ыңғайсыз аяқкиім салдарынан зақымданған аяқтың бір сүйегі жылжып, басқа сүйектерді де қисайта береді. Осылай, уақыт өте бел, арқа сүйектерін қозғалтып, остехондроз пайда болуы мүмкін.

***

Тағы оқыңыз:

Ер адам әйелінің жүктілігіне қалай дайындалуы керек?