Етеккір қанша күн және қандай жиілікте келуі керек?

Етеккір — жатырдың шырышты қабатының қалыпты түрде өсіп, өскен бөлігінің қан болып ағып кетуі. Ол қалыпты жағдайда 3-10 күн бойы келеді. Кететін қан көлемі бұрын 60-80 миллилитр болса, қазір 100 миллилитрге дейін жетеді. Қан көлемі қолданылған төсеме арқылы есептеледі. Дегенмен төсемені қанша уақыт сайын ауыстырғаны мен күндізгі немесе түнгі түрін қолданғанын да есепке алу керек.

Алғашқы 1-2 күнде эндометрияның (жатырдың ішкі шырышты қабаты) 60%-ке жуығы қырылып түседі. Сол себепті осы күндері қан құйылып келеді. Қалған күндері қан мөлшері азаяды. Қалыпты жағдайда етеккір осылай келуі керек.

Ол 21-35 күн сайын келуі қажет. Шартты түрде алсақ, бір әйелдің етеккірі 25 күн сайын келіп жүрсе, бірақ әлдебір уақытта осы мерзімнен 7 күн ерте немесе кеш келсе, ол — қалыпты жағдай. Ал 2 не 3 айда бір келуі организмде гормон бұзылысы болып жатқанын білдіреді.

Тағы бір мысал: әйелге 21 күн сайын 3 күннен келсе, онда етеккірдің бір айда екі рет болуы қалыпты. Қалған жағдайда дәрігерге көріну қажет.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Эндометриоз қандай ауру?

Кей қыз-келіншекте алғашқы 1-2 күнде қоңырқай түсті сұйық, үшінші-төртінші күндері қан құйылып, қалған күндері қайта қоңырқай түсті сұйық келуі мүмкін. Мұндай процесс қалыптыға жатпайды. Гормонға тәуелді эндометриоз ауруы белгісі болуы мүмкін.

Эндометриоз кезінде жатырдың шырышты қабаты әдеттегіден де үлкейіп, өзінен кейінгі бұлшықет қабатына еніп өседі. Бұл еніп өскен жасушалар ай сайын етеккірмен бірге түсіп отырады. Етеккірдің соңына қарай қоңырқай түсті сұйық болып кетуі осы жасушалардың кезек-кезегімен түсуінен болуы мүмкін.

Эндометриозбен ауыратын әйелдердің 70-80%-індегі бірінші белгі — етеккір кезіндегі дененің ауыруы. Эндометриозбен әр екінші әйел ауырады. Ол жазылмайды және пайда болу себебі әлі күнге дейін нақты емес. Аурудың тек өршіп кетпеуін қадағалап, бір қалыпты ұстап отыруға болады. Әйел климаксқа жеткенде, етеккір келуге жеткілікті гормон бөлінбейді, сәйкесінше эндометриоз ауруы да жоғалады.

Бұл аурудың бар екенін УДЗ (УЗИ) таппауы мүмкін, дәрігер жалпы клиника белгілері арқылы анықтап береді. Ауру аналық бездерде түзілетін және эндометридің өсуін реттейтін жыныс гормоны эстрогенге тәуелді. Бұл гормон көбеюге бейім, сондықтан дәрігер пациентке эстроген мөлшерін басатын гормон жазып беруі мүмкін.

Дегенмен етеккірдің бұлай келуі кей адамға қалыпты көрінеді. Алайда етеккір келгенде әйелдің еш жері ауырмауы қажет екенін және қанның түсі ойдағыдай болуы керектігін ескеру қажет.

Қанның түсі қандай болуы керек?

Қанның негізгі түсі — қызыл. Ол қынаппен ағады. Ал қынапта қатпарлар бар, сол қатпарда қан тұрып қалады. Тұрған қан қоюланып, қою қызыл түске боялады. Етеккірдің түсі осындай қою қызыл болады. Бірақ қою қоңыр болғаны дұрыс емес. Мұндайда гинекологқа қаралуға кеңес беріледі.

Етеккір
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Қанның аса қою болып түсуі нені білдіреді?

Етеккір кейде кесек-кесек болып, қою болып түсуі мүмкін. Бұл қан қалыпты мөлшерден көп келіп жатқанын білдіреді. Оның себебін анықтау үшін дәрігерге барып, қанның ұю жүйесін тексерту керек.

Кейде бұл — нақты адам үшін қалыпты жағдай. Бұл жайтқа адамның қимылы да әсер етеді. Алғашқы күндері құйылып келетінін айттық, бірақ қан адам тік тұрғанда немесе қимылдағанда жылдамырақ шығып кетеді. Ал адам отырса немесе жатса, қан қынаптағы қатпарларда тұрып қалады. Өйткені қынап тігінен орналасқан, адам отырғанда көлбеу болып, шығуға ыңғайсыз жағдай туады. Артынша қоюланып, кесек болып түседі.

Интим аймағының, бел мен бүйректің ауыруы қалыпты ма?

Етеккір еш жерді ауыртпай келуі керек. Медицинада етеккір келер алдында немесе келіп жатқанда кіші жамбастың ауыруын «альгодисменорея» деп атайды. Ондай кезде бас ауырып, айналады, жүрек айниды. Ол біріншілік және екіншілік болып екіге бөлінеді. Біріншілікке етеккірдің ең алғаш келуінен (мысалы, 13 жас) қазіргі уақытқа дейін ауырып келуі жатады. Екіншілікке жүре пайда болған ауырсынуды жатқызады.

Кіші жамбас астауында қабыну процесі болып жатса, етеккір ауыртып келуі мүмкін. Организм оған реакция береді. Реакция үш кезеңнен тұрады: экссудация, пролиферация, альтерация. Осы кезеңдер біткен соң медиатор бөлініп, жалпы сегізкөз бел өрімі жүйке тамырларын тітіркендіреді. Содан адамның іші немесе төменгі жағы тартып, сыздап ауырады, бірақ нақты қай органы ауырып тұрғанын білмейді.

Дененің ауыруына эндометриоздың да әсері бар екені айтылды.

Дененің ауыруын басатын дәрілердің кері әсері бар ма?

Альгодисменореяның емдеу протоколы бар. Ол бойынша қабынуға қарсы стероидты емес препараттар беріледі. Ондай дәрілер дененің ауыруын басады. Но-шпаның ауыруды басатын әсері жоқ, сондықтан оны ішпесе де болады. Бастысы, төменгі жақтың ауыруын басу емес, ауыруды туғызатын медиаторлардың түзілуін тоқтату керек. Оны Фаниган, Кетонал, Новиган, Ибупрофен сияқты дәрілер жақсы тоқтатады.

Мынаны ескеру қажет. Мұндай препараттар организмде қалып қойса, адам етеккір келген сайын оларды ішпес еді. Кез келген дәрінің организмде алмасу уақыты болады. Сол сияқты қабынуға қарсы стероидты емес препараттарды әр 8-12 сағат сайын қабылдауға болады. Дәрінің кері әсері деген — улану. Бұл препараттарды ішу мөлшерін, уақыт жиілігін сақтаса, адам уланбайды.

Етеккір келерде және келгенде адамның көңіл-күйі өзгере ме?

Өзгереді, мұны «Етеккір алдындағы синдром» деп атайды. Етеккір келер алдында әйел организмінде бірнеше процесс болады. Бөлінетін эстроген және прогестерон жыныс гормондары жатырға ғана емес, адамның барлық мүшесіне әсер етеді.

Етеккірдің бірінші фазасында эстроген көп бөлінеді. Эстроген көбеюді жақсы көретінін айттық. Ол көбейгенде, прогестерон мөлшері азаяды. Прогестерон төмендесе, дене ісуі мүмкін, адамның мінез-құлқы, көңіл-күйі құбылады Болмаса, кейбір микроэлемент жетіспеуінен және қалқанша безі ауруынан да мінез-құлық өзгереді. Овуляция кезінде әйел адамда көп өзгеріс болады, тіпті даусына дейін басқаша болуы мүмкін. Ер адаммен сөйлескенде даусы жіңішкеріп, ерекше нәзік болады.

Екінші фазасында, яғни овуляциядан соң прогестерон бөлінеді. Бұл гормон балансты жақсы көреді, солайша әйелдің көңіл-күйі қалпына келеді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Етеккірді дәрі арқылы қолдан тоқтатуға бола ма?

Бассейнге бару үшін немесе басқа да жағдайға байланысты етеккірді уақытша үзе тұратын немесе тоқтататын препарат жоқ. Емге арналған гормон дәрілері бар. Оны белгілі бір аурумен ауырғанда дәрігер жазып береді. Бұл дәрілерді қабылдағанда организмде гормон өзгерістері болады.

Етеккір келгенде жыныстық қатынасқа не үшін түсуге болмайды?

Жатырдың шырышты қабаты — стерилді аймақ. Жатыр қуысы мен қынапты байланыстыратын жатыр каналы бар. Шырыштың 70%-і түсерде, бұл канал білінер-білінбес кеңейеді де, қан төмен ағып кетеді.

Етеккір келіп жатқанда, жыныстық қатынасқа түсуге болмайды. Себебі жыныс серіктесінің мүшесінде инфекцияның бар-жоғы белгісіз. Инфекция болса, ол жаңағы кеңейген каналдан ары қарай оңай өтіп кете алады. Солайша әйел ауруға шалдығады.

Етеккір кезінде моншаға, ваннаға түспе деген медицинада қандай да бір тыйым жоқ. Дегенмен ол үшін жатырды қорғай алатын бактериялар балансы дұрыс болуы қажет.

Бала босанған соң етеккірдің 1 жыл бойы келмеуі қалыпты ма?

АХГ (адамның хорионикалық гонадотропині) гормоны — әйелдің аяғы ауыр екенін білдіретін гормон. Оның әсерінен мида пролактин гормоны бөлінеді. Пролактин сүт безін баланы емізуге дайындайды.

Одан бөлек функциясы — организмді тағы бір бала көтеруден сақтау. Өйткені организм әуелі осы баланы туып, сосын оны жеткілікті уақытқа дейін қоректендіруі қажет. Осы мақсатта пролактин аналық безде жаңа фолликулды пайда болғызбай тастайды. Жоғарыда айтқан эстроген және прогестерон гормондары осы фолликулдарда көбірек өндіріледі. Фолликул болмағандықтан бұл екі гормонның деңгейі қалыпты күйде қалады да, жатырдағы шырышты қабат өспейді. Содан әйелге етеккір келмейді.

Жүкті болу мен босану — организм үшін күрделі жұмыс. Бала туғаннан кейін әйелге бір жылға дейін етеккір келмейді. Демек пролактин организмді бала босанғаннан кейін қалпына келіп алуға уақыт беріп, оны қорғап тұр.

Бұл гормон бала туғаннан кейін әйел сәбиін есіне түсіргенде, сағынғанда, оны емізіп жатқанда да бөлінеді. Шартты түрде алайық, баланы әр 2 сағат сайын емізсе, гормон тұрақты бөлініп отырады да, әйелге етеккір келмейді. Ал бұл уақыт арасы ұзап, 5-6 сағатқа барса, гормонның да бөлінуі төмендеп, фолликул пайда болады. Солайша әйелге қайтадан етеккір келіп, тағы бір бала көтеруіне жол ашылады.

(Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов)

Тағы оқыңыз:

Қыз-келіншектерді жиі мазалайтын сауалдарға гинеколог жауап берді