Алматы облысында ардагерлерге 2 миллион теңгеден беріледі

Ұлы Жеңіс күніне 79 жыл толуына орай Алматы облысындағы жеті ардагерге 2 миллион теңгеден қаржы бөлініп, азық-түлік себеті беріледі.

Бұл туралы Алматы облысы әкімдігі хабарлады.

Әкімдіктің мәліметінше, сонымен қатар тылдағы еңбегі мен қызметі үшін КСРО-ның орден-медальдарымен марапатталған адамдарға, жауынгерлерге, қоршаудағы Ленинград жұмыскерлеріне, концлагерьлердің кәмелетке толмаған тұтқындарына, радиациялық апаттар мен ядролық сынақтардың құрбандары, сонымен бірге соғыс мүгедектеріне 10-нан 50-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлемақы төленеді.

Бұл ретте Екінші дүниежүзі соғысы жауынгерлерінің құрметіне қойылған ескерткіштер назардан тыс қалмады. Облыста Ұлы Отан соғысының 138 ескерткіші болса, оның ішінде 99 ескерткішті әктеу және сырлау жұмыстары жүргізілген. Бұл әрекет рух бірлігін нығайтып, ата-бабаларымызды жадыда сақтауға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, Алматы облысында 1 191 тарихи және мәдени ескерткіш бар, оның 961-і — археологиялық, 230-ы — қала құрылысы және сәулет ескерткіштері.