Алматыда коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге ауысты

«Қазгидрометтің» болжамы бойынша 14 наурыз күні сағат 16.00-ден 15 наурыз күнгі сағат 04.00-ге дейін Алматыда биіктігі 8-10 сантиметр қар аралас жауын-шашын болады.

Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қалада жайлы қозғалысты қамтамасыз ету үшін коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді.

Қардың түсуіне, жолдың нашар көрінуі және жолдағы көктайғаққа байланысты автокөлік жүргізушілерін жылдамдықты азайтуды, бірден тежегішті баспауды, арақашықтықты, бүйірлік аралықты және маневр жасау ережелерін сақтауды сұраймыз. Жүргізушілерге ағаштардың құлау қаупі мен электр желілерінің үзілуіне байланысты көліктерді жол жиегіне қоймауға кеңес беріледі. Жаяу жүргіншілер тротуарлармен жүру кезінде абай болуға тиіс, белгіленген жерлерде ғана көшелерді кесіп өту керек, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, Алматыда күндізгі уақытта қар тазалау жұмысына 463 бірлік техника, 18 мотопомпа мен 1 012 жол жұмысшысы жұмылдырылды. 89 бірлік арнайы техника мен 320 жұмысшының күшімен көлденең арық желілерін тазарту жұмыстары аяқталып жатыр. 14 наурызда түнгі уақытта сыртқа 320 м3 қар шығарылды. Қысқы кезеңде барлығы 367,3 мың м3 қар шығарылды.