Медиада соғыс кадрлары, зорлық-зомбылық тақырыбы, өлім-жітім жаңалықтары жарияланады. Оқырман суық хабарлардан травма алуы ғажап емес. Ал зорлық-зомбылық жаңалықтарын оқыған қыз-келіншектер үрей, уайым, мұң немесе шарасыздық сезімін бастан кешуі мүмкін. Baribar.kz тілшісі психолог Миргүл Бимағамбетовамен сұхбаттасып, медиадағы жаңалықтардан травма алмау үшін не істеуге болатынын сұрады.

– Медиада жарияланған соғыс кадрлары, өлім-жітім жаңалықтары адам психикасына әсер ете ме?

– Міндетті түрде әсер етеді. Психоанализ ілімі бойынша, адам бойында өлімге және өмірге деген құштарлық болады. Өмірге деген құштарлық – қуаныш, махаббат, жағымды сезімдерді сезіну, ал өлімге деген құштарлық – күйзеліс, агрессия, ашу-ыза.

Медиадан ауыр жаңалықтар оқыған кезде адам бойында өлімге деген құштарлық артуы мүмкін. Ол жаңалықтар қалай әсер етеді десеңіз, мысалы, соғыс кадрлары мен өлім-жітім жаңалықтарын жиі оқитын адам ашушаң болып, басқа адамдарға тиісе береді. Осындай сәтте адам «Менде не болып жатыр?» «Соғыс кадрларын көрген соң өз жан-дүниемде соғыс болып жатыр ма?» деген сияқты сұрақтар қойып, өзін түсінуге тырысуы керек.

– Медиадағы жаңалықтардан травма алмау үшін не істеу керек? 

Травмасыз өмір сүру мүмкін емес. Осындай әлеуметте өмір сүргендіктен, жаңалықтан басымызды алып қаша алмаймыз. Сондықтан да автобустың адамдарды қағып кеткенін немесе бір адамды бір адамның өлтірген видеосын барынша  көрмеуге тырысу керек. Бұл жаңалықтарды құлақпен естіп, болмаса мәтін түрінде оқыған абзал. Өйткені адам психикасындағы қайғылы, ауыр нәрселерге төтеп бере алатын қорғаныс механизмі жұқа болуы мүмкін.

Бірақ менің байқауымша, адамдар осындай жауыздықтың, зорлық-зомбылықтың жанына ауыр тиетінін біле тұра көреді. Кей адам зорлық-зомбылық жаңалығы шықса, видеосын іздеп, фотосын табуға тырысады. Бұл жерде мазохизм радикалы жатыр. Сондықтан адам өзін танып, өзі үшін ауыр тиетін жаңалықтарды қысқаша ғана оқуы керек. Егжей-тегжейлі таныспағаны жөн.

– Зорлық-зомбылық жаңалықтарын оқыған қыз-келіншектер үрей, уайым, мұң немесе шарасыздық сезімін бастан кешуі мүмкін. Осындай жағдайда қыз-келіншектер не істеуі қажет? 

– Әуелі мынаны айтқан дұрыс. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі көп уақытқа дейін қалыпты жағдай ретінде қабылданып келді. Мысалы, айналамыздағы адамдар, әсіресе постсоветтік кезеңді көрген адамдар жанұясында, балалық шағында тұрмыстағы зорлық-зомбылықты «қалыпты жағдай» деп қабылдаған. Психикасы осылай қалыптасқан адамдар қоғамда өте көп. Өйткені ол – күйзеліс кезеңі. Біздің мемлекетте тұрмыстағы зорлық-зомбылық өте жаһанды түрде болды. Сондықтан қазіргі таңда бұл мәселенің беті ашылып, қиын болса да, жан түршіктірер жағдай болса да талқыланып жатқаны сөзсіз пайдалы. Өйткені бұл жағдай қалыпты жағдай емес. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық болмауы керек, болмауы үшін ашық айтылуы керек. Жабулы қазан жабулы күйінде қалмауға тиіс.

Әр адамның бойында мазохизм түсінігі, мазохизм радикалы бар. (Мазохизм – өзін қор көру және өзін қорлатуға деген құштарлық – ред.) Осындай жаңалықтан мазохизм радикалы өршіп кетпеуі үшін адам өзіне-өзі есеп беріп, өзін-өзі талдап, өзін-өзі бақылап отыруы керек. Қыз-келіншектерге психологиялық сауат қажет. Әр адам өз бойындағы мазохизм радикалын түсініп, қаншалық дертке әкелу қаупі бар екенін ұғынуға тиіс. Жаңалықтағы зорлық-зомбылық тақырыбы аса қатты әсер етіп, күйзеліске түсірсе, адам өз тарихын зерттеуі қажет.

Миргүл Бимағамбетова, психолог.
Миргүл Бимағамбетова. Фото жеке архивінен.

– Қыз-келіншектерге зорлық-зомбылық көрсеткен жаңалықтарды естіген ер адамдардың реакциясы қандай?

– «Біздің елімізде зорлық-зомбылық жаңалықтарына ер адамдардың реакциясы қандай?» деген сұраққа нақты жауап беру қиын. Өйткені біз — мемлекет ретінде, ұлт ретінде, кімдік ретінде енді қалыптасып жатқан қоғамбыз. Қоғамда миллиеналдар бар, альфа ұрпақ бар… Соның ішінде 20-25 жастағы жас жігіттердің зорлық-зомбылық жаңалықтарына реакциясы айыпталушыны кінәлау, жауапкершілік сезіну, әйел адамға жасалған зорлық-зомбылықтың дұрыс емес екенін түсіну деп айтар едім.

Әйелге жасалған зорлық-зомбылықты жаңалыққа шығарғандағы мақсат – мұндай жағдайдың қалыпты жағдай емес екенін көрсету, заң жүзінде жазасыз қалмайтынын дәріптеу, зорлық-зомбылықты жақсы көретін, қалыпты санайтын ер адамдарға, кемі, «мұндайды істесем, жазаланады екем» деген түсінікті қалыптастыру. Ал осындай жаңалықтар арқылы жігіттің жан-дүниесін, қалыптасқан психикасын өзгерту мүмкін емес. Ол үшін ер адам өзімен жұмыс істеп, рефлексия өткізіп, психологқа барып, талқылап, жанын емдеуге тиіс.

– Ментал саулығымызға қалай көңіл бөлген жөн?

– Адамдар жағымды комедия көріңіз, таза ауа жұтыңыз, серуендеңіз деген сияқты кеңестерді біледі. Интернеттен де табуға болады. Әуелі психологқа бару керек. Психологқа баруға қаражат болмаса, интернетте түрлі тест бар. Адам өз бойындағы жасырын құпияларды зерттеп, талдауы керек. Бұл – бірінші кеңес. Екіншісі, жанұя қарым-қатынасында қандайда бір жасырын, құпия мәселелер болуы мүмкін: бір отбасында суицид туралы айтылмай жатады, бір отбасында ата-бабасы зорлық жасайтын адам болған шығар. Осындай отбасыларда мәселе табу болып, көп нәрсе айтылмайды.

Мысалы, қыз балаға жанұяда әлімжеттік жасалған шығар немесе әкесін қинау мәселелері болған шығар, тағы басқа. Бұл жағдайлар — отбасының ортақ дерті. Сөзбен айтылмаса да, әкесінің қабағынан, шешесінің жанарынан білініп тұрады. Бұл жағдай балаға міндетті түрде әсер етеді. Сондықтан қазан ашылуы керек, өкініш эмоциясы, аяушылық эмоциясы бөлініп, «қайғы» деген ат берілуі қажет. Сонда ғана дерттен арылуға болады.

Қысқасы, қандай табулар бар екенін ашып, соған ат беріп, арылу процесі жүруге тиіс. Әрине оны психологпен жасаған оңайырақ немесе тестілер арқылы түсінуге де болады.

***

Тағы оқыңыз:

Жер сілкінісінен кейінгі синдром. Үрейден қалай құтыламыз?