Қазақстанда үйдегі зорлық-зомбылықтан 869 адам қаза болды

Кейінгі 4,5 жылда үйдегі зорлық-зомбылықтан 869 адам қаза болды. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.

Министр президент отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген түрі, оның ішінде кәмелетке толмаған балаларға жасалған қастандық үшін жазаны күшейту мәселесін үнемі көтеріп келе жатқанын айтып өтті.

Бүгінгі статистика көңіл көншітпейді. Кейінгі 4,5 жылда үйдегі зорлық-зомбылықтан 869 адам қаза болды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 2 086 фактісі тіркелген. Сондықтан алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу біздің жіті назарымызда, — деді Аида Балаева үкімет отырысында.

Оның айтуынша, отбасыларға жан-жақты көмек беру үшін өңірлерде 68 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді, оның 19-ы уақытша баспанамен қамтамасыз етеді.

Бұл тәжірибе 2019 жылдан бері бар. Жәрдемге мұқтаж азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша көмек көрсетіліп жатыр. Орталықтар психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетумен қатар отбасы институтын нығайтуға жан-жақты қолдау жасайды, — деді министр.

Тек биылдан бері 100 мыңнан астам кеңес берілген.

Дегенмен қазіргі уақытта орталықтар қызметі біркелкі емес екенін мойындаймыз. Осыған байланысты министрлік бірыңғай тұжырымдаманың жобасын әзірлеп жатыр. Жобаның мақсаты – орталықтардың қызметін стандарттау. Тағы бір маңызды бағыты – ведомствоаралық байланыс арқылы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың жағдайына ықпал ету, — деді Аида Балаева.

Ол келесі жылдан бастап отбасын қолдау орталықтарында бірыңғай жұмыс тәсілі енгізілетінін айтты.