Не болды?
Кейінгі кезде елімізде неке қиып, отбасын құрған жастар саны азайып, ажырасуға шешім қабылдаған отбасы саны артып келеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Finprom.kz дерегінше, 2026 жылғы үш айда 21,6 мың неке тіркелген. Биылғы көрсеткіш 2025 жылғы деңгейден 3,9% төмен. Бұл — кейінгі 20 жылдағы ең төмен нәтиже. Мысалы, 2021 жылғы бірінші тоқсанында Қазақстанда 32,3 мың неке қиылған. Содан бері некелесетін жандардың саны жыл сайын төмендеп келеді. Нәтижесінде некелесу коэффициенті де азайған. Егер бес жыл бұрын мың тұрғынға шаққанда 6,9 неке тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 4,25-ке дейін төмендеді.
Үш айда 11,2 мың отбасы ажырасқан
Биылғы қаңтар-наурыз айында елде 11,2 мың жұп ажырасқан. Былтыр бұл көрсеткіш 10,2 мың болған еді. Бұл — ажырасу бойынша кейінгі жеті жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Неке санының азаюы қалада да, ауылда да байқалады. Биыл қалаларда 14,5 мың, ауылдарда 7,1 мың неке тіркелген.
Алматыда неке қиғандар да, ажырасқандар да көп
Елімізде ең көп неке Алматы қаласы мен Түркістан облысында қиылған. Әр қалада шамамен 2,3 мың неке рәсімделсе, Астанада бұл көрсеткіш 2,1 мыңға жеткен. Ал ең төмен нәтиже Ұлытау облысында тіркелді, мұнда 241 неке ғана қиылған.
Ажырасу көрсеткіші бойынша да Алматы (1,2 мың) көш бастап тұр. Одан кейін Астана мен Қарағанды облысы бар. Сарапшылардың пікірінше, бұл көрсеткіш азаматтадың отбасын құруға деген көзқарасының өзгеруі мен қоғамдағы жаңа әлеуметтік түсінік қалыптасуының нәтижесі.
Контекст
Естеріңізге салайық, биыл ерекше күнде неке қиюға өтінішті қашан беру керек екені белгілі болды.
