Жер сілкінісінен кейінгі синдром. Үрейден қалай құтыламыз?

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
23 қаңтар күні сағат 00:09-да Алматыда жер сілкінді. Қала тұрғындары дүмпуден кейін де үй тербеліп тұрғандай болатынын, қатты қорқып қалғанын айтып жатыр. Baribar.kz тілшісі психологтармен сөйлесіп, жер сілкінгеннен кейінгі үрейден қалай құтылуға болатынын сұрады.

«Психикасы әлсіз адамдар қиналып қалды»

Психолог Гүлзат Қанат жер сілкінісіне адамдардың реакциясы әртүрлі болды дейді. Оның сөзіне қарағанда, жер сілкінгеннен кейін психикасы әлсіз адамдар қиналып қалған.

Гүлзат Қанат
Гүлзат Қанат. Фото жеке архивінен

«Адамдардың реакциясына қарап-ақ, психикасы қаншалық сау екенін білуге болады. Бірінші деңгейдегі адамдар саспай, дайындалып барып, көшеге шықты. Олар қауіпті сезіп, қыс екенін түсініп, қалың киім киіп, телефон, қуаттағыш, құжат деген сияқты керек-жарағын ала шықты. Ұйықтап жатқан жерінен ішкиіммен атып шыққандар да болды. Сасқанынан дірілдеп, үйден мүлдем шыға алмай қалғандар да бар. Бірден қашып кетуден басқа ештеңені ойлай алмай қалғандар мен мүлдем ештеңе істей алмай қалған екі топтың психикасы әлсіздеу деуге болады», — дейді ол.

22-нен 23 қаңтарға қараған түні болған жер сілкінісі бес балл деңгейінде сезілген. Гүлзат Қанат дүмпуден қорқып қалған адамдар көпке дейін жер үнемі тербеліп тұрғандай сезініп, іштей үрейленіп жүруі мүмкін дейді.

Бұл үрей бекер емес. Мұндай қорқыныштың себебі бұған дейінгі үреймен байланысты болуы ғажап емес. Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда болған адамның сол кездегі реакциясы талқыланбай қалса, қазір сол үрейі екі есе болып шығуы мүмкін. Сондай кезде адам шок халінде де тым ұзақ жүріп қалады, — дейді психолог.

Сонымен қатар бала күнінде біреу тастап кеткен, жол апатына ұшыраған немесе басқа да ауыр оқиғаны бастан кешкен адамдар да жер сілкінісінен кейін қиналып қалуы мүмкін. Психолог адам осы мәселенің бәрін уақытында айтып шығармағаны үшін осылай болады дейді. Себебі кез келген қорқынышты жағдай адамның өткен шақтағы үрейін, эмоциясын қайта қозғайды.

Гүлзат Қанаттың айтуынша, жер сілкінісінен қатты қорқып қалғандар мен эмоциялық шоктан әлі шыға алмай жүргендердің тағы бір мәселесі — өлімнен қорқу.

Жер сілкінісі — өліммен бетпе-бет келетін кез. Алматыда жер сілкінгенде де дүмпудің қанша балға жететінін ешкім білмеді. Басымызда үлкен бір белгісіздік болды. Адам қай отбасында дүниеге келетінін, қай ұлт болатынын білмейді. Дәл сол сияқты, қалай өлетінін де білмейді. Сондықтан психикасы сау адам жер сілкінісін, жаңағы айтқан белгісіздікті салқынқанды қабылдай алады. Кішкентайында жақыны қайтыс болғанда балаға ата-анасы өлім дегеннің не екенін түсіндірді ме, соған қарау керек. Бала кезінде өлімнің не екенін түсінбеген адамдар болады. Олардың санасында өлім тек қорқынышты жағдай болып қалуы мүмкін. Жер сілкінгенде сол адамдардың қорқынышы — өліммен бетпе-бет келіп, сасып қалУы. Кейін сол қорқыныш бірнеше күн бойы ойынан кетпей, түнде «Жер сілкініп қала ма?» деген үреймен ұйықтай алмайды, — дейді ол.

«Қалыпты өмірге орала алмай жүргендер психолог көмегін алсын»

Маман жер сілкінгеннен кейін әлі қалыпты өмірге орала алмай жүргендерге психолог көмегін алуға кеңес берді.

Жер сілкінгеннен кейін психологтар қауымдастығы арнайы топтық дәрістер өткізіп жатыр. Бұл сол дүмпуден қатты шок алып қалған азаматтар үшін ұйымдастырылды. Әрине, жеке адаммен сөйлесіп шер тартқандай болмайды. Бірақ 10 минутта адам мазалаған сұрағын қойып, оған жауап алып үлгереді. Бастысы — іштегі уайымды шығару, жүктен құтылу, — дейді Гүлзат Қанат.

Психологқа барғысы келмейтіндер жақын адамымен әңгімелесуіне болады. Жанын түсінеді-ау деген адамға іштегі уайымын, неден  қорқып, не нәрседен үрейленіп жүргенін айтуы керек.

Мұны былай түсіндіруге болады: бірнәрсе айтқыңыз келіп тұрғанда біреу аузыңызды жауып, қымтаса қандай күй кешесіз? Физикалық қысым болғандықтан, дүрбелеңге түсесіз. Ал бұл жағдайда адам өз аузын өзі жауып, қорқынышын басуға тырысып тұр. Сондықтан ауыртпалығы бірдей, — дейді маман.

Психолог біреумен әңгімелесуден қашатын адамдарға іштегісін шығару үшін жазу практикасын қолданып көруге кеңес берді. Ол үшін адам қолына парақ алып, бар уайымын, ойын жазып шығуы керек.

Жер сілкінгенін балаға қалай түсіндіру керек?

Жер сілкінгенде кішкентай баласы бар ата-анаға екі есе жауапкершілік жүктеледі. Олар әуелі өз қорқынышын жеңуі керек, содан соң баласын қорқытып алмауға тырысуы керек.

Балалар психологы Әсем Ілесбай ата-ана мұндайда барынша салқынқанды болмаса, бала өмір бойғы травма алып қалуы мүмкін дейді.

Әсем Ілесбай
Әсем Ілесбай. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Үш жасқа дейінгі бала не сезініп жатқанын түсіне бермеуі мүмкін. Ал үш жастан асқан бала өзінің қорыққанын біледі. Бала бес жастан асқанда абстрактілі ойлау қабілеті дамиды. Олар осы кезде желден, бораннан, найзағайдан қорқады. Сондықтан бес жастан асқан балалар жер сілкінгеннен қатты қорқып қалуы мүмкін», — дейді ол.

Маманның айтуынша, баланың қатты қорқып қалғанын оның іс-әрекетінен білуге болады. Бала жалғыз ұйықтауға қорыққанын, тамақ жеуден бас тартқанын елемей қоюға болмайды.

Бала қатты қорқып қалса, түнде төсекке жіберіп қоюы мүмкін. Эмоцияларды қорыта алмағанда, қауіпсіздікті толыққанды сезіне алмағанда баланың іші өтуі мүмкін, — дейді психолог.

«Баламен сөйлескенде ананың да, әкенің де рөлі зор»

Әсем Ілесбай бала үрейленіп қалмауы үшін ата-ана онымен дұрыстап сөйлесуі керек екенін айтты. Мұндайда ананың да, әкенің де рөлі зор.

Балалар бейсаналы түрде «Анам өзін қауіпсіз сезінбесе, мен де өзімді қауіпсіз сезіне алмаймын» деп есептейді. Сондықтан ата-ана балаға барынша қауіпсіз аймақта екенін сезіндіруі керек. Жанында екенін айтып, ештеңе болмайтынына сендіруі керек. Әкенің де рөлі зор. Әкесі не істейтінін білмей, аңтарылып қалса, баланың қорқынышы үдей түседі, — дейді маман.

Әсем Ілесбай ата-аналарға кез келген жағдайды балаға ашық айтып түсіндіруге кеңес берді. Жер сілкінгенде де не болып жатқанын жасырмай айту керек.

Бала бәрін түсінеді. «Балам, қазір тез үйден шығып, ашық алаңға баруымыз керек. Сол кезде бізге ештеңе болмайды» деу керек. Иә, бала болған соң міндетті түрде «Шықпасақ не болады?» деп сұрайды. «Шықпасақ, үй құлап кетеді, астында қаламыз» деуге мүлдем болмайды. «Үйде қалып қойсақ, жарақат алып қалуымыз мүмкін» деуге болады. «Қорықпа, қорғансақ, ештеңе болмайды» деп позитивті мәнде түсіндіру керек, — дейді маман.

Психолог жағдай қалыпқа келген соң, жай күндері балаға жер сілкінісі не екенін түсіндіру керек дейді. Ол үшін сол кездерде мұндай апаттың зардабы қандай болатынын түсіндіру үшін баламен бірге кітап оқып, мультфильмдер көруге болады. Демек, жер сілкінісі туралы мүлдем айтпауға болмайды.

Айта кетейік, Алматыда қаңтардың 22-нен 23-не қараған түні жер сілкінді. Оқиғадан 44 адам зардап шекті. 19 нысанға зақым келген.

***

Тағы оқыңыз:

Мектепке жиылған халық. Алматы тұрғындары жер сілкінгенде не істеді?