Үйлену оңай, үй болу қиын. Енді отбасын құрған екі жастың арасында түрлі қиындық болады. Жұбайлар қара шаңырақта қалса, келіншек ата-ененің тілін табуы да керек. Baribar.kz редакциясына Фарида деген келіншек хабарласты. Оның айтуынша, барған жерінде оны бәрі түртпектеп, күн бермейді. Күйеуінен де қолдау күтуден қалған. Фариданың жағдайын психоанализ бағытындағы психолог Миргүл Бимағамбетова талдап берді.

«Тұрмысқа шыққан соң бәрі өзгерді»

Фарида 24 жаста. Ол туғанда ата-анасы 18 жаста болған екен. Үйінің тұңғышы, немеренің біріншісі. Содан да болар, өз үйі тұрмақ, туған-туыстың да махаббатына бөленіп, ерке боп өскен. Жеті жыл бойы отбасында жалғыз бала болды. Содан кейін інісі мен сіңлісі дүниеге келген. Дегенмен Фарида махаббатсыз қалған емес.

Өзінің айтуынша, ата-анасы ылғи ұрсысып жүретін, тіпті төбелескен кездері де болыпты. Анасы қызын қанша жақсы көрсе де, ұрып-соғатын, ашуын да, ренішін де қызынан алатын. Бірақ үй шаруасын істетпей, сабағын оқытып, емін-еркін қыдыруына мүмкіндік берген.

Фарида бой жетіп, 21 жасында тұрмысқа шығады. Өзі туып-өскен ортасында «келін, сәлем салу, орамал тағу» деген ұғымдар болмапты. Мұндайдың бәрін тек тұрмысқа шыққан соң көрген.

Күйеуіммен 1,5 жылдай қыз-жігіт боп жүрдік. 21 жасымда тұрмысқа шықтым. Ол менен үш жас үлкен. Күйеуім үйленгенге дейін мінсіз еді. Мінезі, маған деген қарым-қатынасы басқаша болды. Сыйлық, гүл беріп, әрдайым уақытты бірге өткізетінбіз. Мен нені қаласам, соны алып беретін, — дейді Фарида.

Оның айтуынша, тұрмыс құрып, бала туғаннан кейін бәрі өзгерген. Бірінші бала дүниеге келген соң, күйеу алғаш рет қол көтеріпті. «Сенің ата-анаң тіпті ұзатуды дұрыс жасамаған» деп кемсіткен. Бұрынғы өмірін еске салуды әдетке айналдырған.

Күйеуімнің үш әпкесі бар. Өзі — үйдің кенжесі, жалғыз ұл. Оның отбасы өте қазақы. Салт-дәстүрді берік ұстанады. Күйеуім үйленердің алдында ата-енемен бірге тұратынымызды, ерте тұрып, шай құю керек екенін айтты. Оған қатты ғашық болып, бәріне келістім. Бірақ қазіргідей жағдайға тап болатынымды білген жоқпын, — дейді ол.

Фариданың сөзіне қарағанда, қайын әпкелері өзара өте тату, қара шаңырақта жиі бас қосады. Фарида жалғыз келін болғаннан кейін, келіндік қызметін атқарып, шайын құйып, тамағын беріп, дастарханын жаяды. Інісінің үйіне жиі жиналатынына қарамай, келініне бала-шағасын тастап кете береді екен. Фариданың да баласы бар екенін елемейтін көрінеді. Амал жоқ, барлық балаға қарауына тура келеді.

Бірақ қайын әпкелерім риза болған емес. Өмірі түртпектеп жүреді. «Неге самса пісірмейсің, тамақты дұрыс жасамапсың, үйді жөнді жинамапсың» деп кете береді. Жолдасым да әпкелерінің жағына шығып алған. «Сен — келінсің, соның бәрін істеуге міндеттісің» дейді, — деп шағымданады ол.

Фариданың айтуынша, не десе де, қайын әпкелері жақсы адам, адамгершілігі мол. Күйеуі екеуінің арасына түскен емес. Тек олардың түсінігі бойынша, «келін бәрін істеуі керек». Басқа іздейтін мін де жоқ.

Мұның бәріне шыдамай, ақыры анама айтып бердім. Ол енеме хабарласып, екеуі ұрсысты. Осы жағдайдан соң қайын әпкелерім үйге келуді сиретті. Маған ең қиыны сол, өзім қалағандай өмір сүрмеймін. Осы үйде тек қызметшімін. Тұрмысқа шыққалы келіннің міндетінен көз ашпадым. Үйдегілер үшін өмір сүретіндеймін. Әлі күнге дейін «Бүгін не істедің? Түк бітірмепсің ғой» деген сөзден қорқамын. Тағы түртпектей ме деп тамақты да уақтылы пісіріп, үйді де мұнтаздай қылып отырамын, — дейді ол.

Оның айтуынша, екінші проблемасы — күйеуі оған көңіл де, уақыт та бөлмейді. Достарымен қыдырып, үйде бола да бермейді екен. Үйіне тек тамақ ішіп, ұйықтау үшін келетіндей. Күйеуінің тұрақты жұмысы жоқ, болмаған да. Ата-анасының отбасылық бизнесіне көмектесіп жүреді, бірақ өзі істемей, басқаларды жұмсағанды жаны сүйеді екен.

Үйдің кенжесі әрі жалғыз ұл болғандықтан, өзі қалағандай өмір сүреді. Не істесе де, өз еркі. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Қалаған уақытында ұйықтайды, қалаған жеріне барады, өзімен-өзі жүрген біреу. Үйде әйелім бар-ау, балам бар-ау деп ойламайды, — дейді Фарида.

Тағы бір проблемасы сол, төркініне барса да, күйеуінің үйіне келсе де, ешқайсын өз үйіндей көрмейді. Барлық жерде бөтен сияқты. Мұның себебін өзі де білмейді.

Төркініне барса, кеткен қызсыз өмір сүріп үйренгенін байқайды. Ол үйдің жайлылығын бұзатын да сияқты. Сол отбасында туып-өскенін сезіне алмайды. Ал күйеуінің үйінде ата-енеден ұялып, бір жайланып отыра алмайды. Ылғи «бір тірлік істеу керекті» ойлап, мазасы кетеді де, жүреді.

Ата-енемен тұратын келіншектердің ең үлкен проблемасы – өз үйінде үй иесі ретінде сезіне алмайды. Қалаған киімін кимейді, қалаған ісін істемейді. Бір жерге бару үшін енесінен сұрануы да керек, — дейді ол.

Фариданың күйеуі жалғыз ұл болғандықтан, олар ата-енеден бөлек шыға алмайды. Күйеуі «мен үйленгеннен кейін сіздерді бағамын» деп ата-анасына уәде беріп қойған.

«Басты себеп — Фариданың өзіне еркіндік бермеуі»

Психолог Миргүл Бимағамбетованың сөзіне қарағанда, ересек өмірдегі кикілжің, дау-дамайдың түп-тамыры балалық шақта жатыр.

Фариданың қазіргі проблемаларының себебі — күйеуі жағынан және Фариданың жеке травмаларының кесірі. Ата-енесі мен күйеуі тым қатал қарайды, қатты қадағалайды. Бірақ ең басты себеп — Фариданың өзіне еркіндік бермеуі, — дейді Миргүл Бимағамбетова.

Миргүл Бимағамбетова. Фото жеке архивінен

Психологтың айтуынша, Фариданың бойы қорқынышқа толы. Сондағы бұл қорқыныштың арғы жағында “мен ешкімге керек емеспін, жалғыз қалудан қорқамын” деген үрей болуы әбден мүмкін. Бұл — жас келіндер арасында кең тараған жағдай.

Фариданың қорқынышы балалық шақпен тікелей байланысты. Оның әке-шешесі 18-ақ жасында балалы болған, олар бұл жаста ата-ана болуға дайын емес еді. Олар қызы нәресте кезінде өзінің проблемаларымен әуре болып кеткен, содан да Фариданың мінез-құлықының негізі сенімді әрі нық қалыптасуына көңіл бөлмегені байқалады.

Баланың алғашқы бес жасы — мінезінің, өмірге көзқарасынының негізі қаланатын уақыт. Сол уақытта қандай да бір ақау, немқұрайлық, травма болса, болашақта бала өзіне сенімді бола алмауы мүмкін, өзін еркін сезініп, басқалардан тәуелсіз бола алмайды, — дейді маман.

Миргүл ханымның айтуынша, Фариданың да өзіне сенімі аз екені, тұлға болып қалыптаспағаны  көрініп тұр. Қалыпты жағдайда “мен — енді осы үйдің заңды тұлғасымын, бұл үйде менің арнайы орным бар және жауапкершілігім бар» деген оймен күйеуінің үйіне нық қадаммен кіруі керек еді.

Оған қоса әйел «осы үйде өзіме тиесілі құрметім мен мәртебем бар» деп баруға тиіс. Бұл жерде барған жерінің мәдениеті, салт-дәстүрі, менталитеті басқа екенінің ықпалы жоқ. Сондықтан басқа мәдениетке, басқа менталитетке үйреніп, сол ортаға сіңуі үшін қыздың ішкі тірегі болуы керек.

Фариданың анасы 18 жасында, әлі өзі жасөспірім кезінде ана болғанда, келін боп түскен жерінде өзін бөтен сезініп, өз орнын таба алмай біраз жүрген болуы әбден мүмкін. Қызды тәрбиелеген кезде, сол қорқыныш қызға айқын көрініп, қалыпты жағдай ретінде қабылдануы мүмкін, — дейді Миргүл Бимағамбетова.

Фарида ата-анасының кикілжіңін, ұрыс-төбелесін көріп өскенін айтып отыр. Оның сол кездегі балалық психикасында “ата-анам мен үшін ұрсысып жатыр, мен бірдеңені дұрыс істемедім, осылай өмірге ерте келмегенде, олар бақыттырақ болар ма еді” деген ойлар да болғаны ғажап емес. Фарида қазір ата-анасының жанында өзін бөтен сезінуінің түбі осында жатыр.

Психологтың сөзіне қарағанда, анасының тым жас, тәжірибесіз ана болуының салдары, Фариданы бала кезінде кемсіткенінен көрініп тұр. Кішкентай бала қоршаған ортаны, ондағы орнын, бағасын алғашқы уақытта анасының көзқарасы, анасының іс-қимылы арқылы таниды.

Сонда жас ана тәжірибесі жоқ екенінен, баласын кемсітіп, дене тұрғысынан болса да, эмоциялық тұрғысынан болса да, қорласа, баланың өзіне сенімді, өзіндік бағасы төмендейді.

Миргүл Бимағамбетова. Фото жеке архивінен

Фариданың жағдайы да — осы. Жаңа ортаға, күйеуінің үйіне дайындықсыз, өзіне сенбей барғаны, әлімжеттікке көнуі, қорқуы сол балалық шақтағы үрей-қорқыныштармен тікелей байланысты, — дейді психолог.

Оның сөзіне қарағанда, ата-анасынан қысым көрмей, бірқалыпты, еркін өскен қыздар көбіне өзіне әлімжеттік жасауға жол бермейді. Алғашқы қысым басталған кезде-ақ сөзбен түсіндіріп, жағдайды өзгертуге тырысады. Оған қоса өзіне мұндай іc-әрекет көрсетуіне болмайтынын айтып, өзін сыйлауды талап етеді.

Психологтың айтуынша, Фариданың күйеуінің оған көңіл бөлмей, басқа әйелдерге қарауының себебі де, Фариданың өзіне сенбегінінен, өзіне құрметін жоғалтқанынан.

Ашығын айтқанда, көнбіс, мінезсіз, жалтақ адам бәріне ұнай бермейді. “Бұға берсең, сұға береді» дегендей, Фарида көнген сайын, күйеуінің қызығушылығы да азая берген. Міне, Фариданың проблемаларының төркіні — осында, — дейді Миргүл Бимағамбетова.

Психологтың айтуынша, күйеуі де, шамамен, Фаридаға ұқсайды. Толық есеймеген, автономдық жоқ, шын өмірдің ащы-тұщысына дайындық аз.

Ата-анасынан толық сепарацияланбаған. Бұл — жалпы біздің менталитеттің қиындығы. Ата-анасы баласына еркіндік беруге асықпайды. Баласы еркін, дербес болғысы келсе де, онысын ата-анасына айтуға батпайды.

Ол үйде Фариданың күйеуі өзін ересек, сол үйдің авторитетті мүшесі ретінде сезіне ме? Менің ойымша, жоқ. Сондықтан жігіт өзінің маңызын сезінбесе, жанұясының да бағасы түседі, — дейді маман.

Проблеманы қалай шешеміз?

Психолог проблеманы шешу үшін Фарида өзінің бағасын көтеріп, сенімін арттыруы керек. Ол үшін психотерапияға жүгінгені дұрыс. Оған қоса күйеуімен ашық сөйлескені жөн. Фарида өзіне мына сұрақтарды қоюы керек: Отбасының біртұтастығы өзіне керек пе? Керек болса, қорықпай, сенімдірек болуға дайын ба?

Одан кейін дәл сол сұрақты күйеуіне қоюы керек. «Жанұя керек пе? Керек болса, басқа әйелдерге қарамай, Фариданы сыйлап, осы отбасы оның ұясы болуына көмектесе ме?»

Сосын жұбайлар оңаша отырып сөйлескені жөн. Не айтылса да, ұрыспай, төбелеспей, шыдап, тыңдауға тырысып, бір-біріне ұнамайтын қасиеттерін айтуы керек. Жиналған өкпені, ренішті білдіргені дұрыс. Асқан шынайылық  керек. Соңында бір-бірінің ұнамайтын тұсын енді қалай шешсе болатынын байыппен сөйлесуді ұсынамын, — дейді маман.

Психолог Фарида өзінің эмоциялық шекарасын қорғағаны жөн дейді. Әуелі, өзін сыйлап, басқалардан да соны талап етуге тиіс. Өзі сол үйдің толық адамы, заңды қақы бар екенін ойдан шығармағаны дұрыс.

Бірақ дау-дамайдың ушыққанына жол бермеуі керек. Көп жағдайда тәуелсіз боламын деп, жанжалдасып, отбасы бұзылып жатады. Сондықтан артық қылам деп, тыртық қылмау үшін, болып жатқан жағымсыз құбылыстарды өзіне зақым келтірмей шешуге тырысуы қажет, — дейді Миргүл Бимағамбетова.

Оның айтуынша, проблема шешілмесе, психологқа барып, әр ситуацияны жеке-жеке талқылаған дұрыс.

***

Тағы оқыңыз:

«Қиын сәтте жылай алмаймын»: қайғыруды үйренуге бола ма?