Батырхан Шүкеновтің жарияланбаған әндері жинақталды

Альбомды шығаруға қажетті қаражат 24 мамыр күні Алматыда әншінің мерейтойына арналған концерттен жиналатын болады.

«Концерттен түскен қаржыға біз мүлдем жаңа әндерден альбом шығаратын боламыз. Оларды толықтай өңдейміз. Бұл әндерді ешкім еш жерден естіген емес. Біреуін ғана Батыр концертте орындаған», — деді Батырхан Шүкенов атындағы қордың директоры Байқанов.

Оның айтуынша, концертте Севара Назархан, Далер Назаров, исландиялық «Mezzo forte» тобы, қазақстандық «Mezzo» тобы және Валерий Меладзе сынды әншілер өнер көрсетеді.

Айта кетерлігі, 26 сәуір күні музыкалық телеарналардан Батырхан Шүкеновтің «Нас исцеляет любовь» деп аталатын әніне түсірілген жаңа клип көрсетіле бастайды.

Батырхан Шүкенов 2015 жылдың сәуір айының соңғы күндерінде 53 жасында өмірден озған болатын.

ДереккөзInform.kz