Мерекеден кейінгі синдром. Жұмысқа қалай кірісеміз?

қаңтар, жұмыс істеу, мерекеден кейінгі синдром
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов
Жаңажылдық демалыстан кейін қалыпты жұмыс ритміне ілесіп кету адамдарға қиын болып жатады. Психологтар мұндайды «мерекеден кейінгі синдром» деп те атайды. Бұл адам тынығып келіп, жұмысқа кіріссе де, жұмыс істеу әдеттегіден қиын болатын кезге қатысты айтылады. Қысқы демалыстан кейін жұмысқа қалай күйзеліссіз кірісіп кетуге болады? Baribar.kz психолог Рада Махамбетованың кеңесін жазып алды.

Мерекеден кейінгі синдром туралы

Психолог Рада Махамбетованың айтуынша, жаңажылдық демалыстан кейінгі жұмысқа кірісіп кетуді қиынсыну — қалыпты нәрсе. Мұның бірнеше себебі бар. Психолог әр жаңа жыл адамға бір жеңілдік сезімін сыйлап қоймай, психологиялық қысымға да ұшыратады дейді.

Жаңа жыл — психологиялық тұрғыдан көпшілік үшін ерекше символикалық маңызы бар мереке. Ескі жылмен қоштасу арқылы біз осы бір жылда не істедім, қандай нәтижеге жеттім, мерекені қалай, кіммен қарсы алам дегенді бейсаналы түрде-ақ ойлап тұрамыз. Осының өзі адамның ойына аздап қысым түсіреді. Осыдан да көп адам үшін демалыстан кейін жұмысқа шығу қиын болып жатады, — дейді ол.

Психолог қалыпты жұмысқа кірісуге неліктен қиналатынымыздың екінші себебі мереке кезіндегі эмоциялар дейді. Мұндайда адам ағзасы «эмоциялық отшашу» күйін кешеді.

Жаңа жылда көп жағымды эмоцияға толы жағдайды бастан өткіземіз. Адамдармен кездесеміз, сыйлық аламыз, алыс-жақын жерлерге саяхаттап, жаңа сезімдерге бөленеміз. Ағзамыз үшін бұл — «эмоциялық отшашу» секілді дүние. Кейін күнделікті өмірге қайта оралуға мәжбүрміз. Бұған қоса адам мерекеден кейін автоматты түрде мерекеден кейінгі және оған дейінгі өмірін салыстырып, қайта көңілі түседі. Миымыз осылай жұмыс істейді, — дейді психолог.

Мерекеде «эмоциялық отшашумен» қатар эмоциялық қажу да қатар жүреді, бұл да жұмысқа ынтанының төмендеуін үдете түседі.

Мерекеге дайындалғаннан шаршау — эмоциялық қажу. Демалыстан кейін де демалыс керек деп кейде қалжыңдап жататынымыз да содан. Сондықтан да демалыстың кейінгі күні мен жұмыстың алғашқы күнін дұрыс жоспарлау өте маңызды, — дейді психолог. 

Фото жеке архивінен

Маманның айтуынша, жұмысқа дайындықты демалыстың соңғы күніне бастап кету керек. Ол демалыста да, соңғы күні де тамақ жеу, ұйқы ретінің дұрыс болуына және дене белсенділігіне көңіл бөлуге кеңес берді. Себебі адамның дене ахуалы да эмоциялық күйге қатты әсер етеді.

Рада Махамбетованың айтуынша, жұмысқа кірісрден бір күн бұрын уақтылы ұйықтап, ерте тұруға, күнделікті әдетіңізді еске алуға қайта дағдылану керек. Сонда жұмыстың алғашқы күнінде адамға қатты салмақ түспейді.

Психолог мерекеден кейінгі синдром психологиялық ауыртпалыққа ұласып кетпеуі үшін, әр адам бірінші жұмыс күнін барынша дұрыс өткізуге тырысуы керек дейді. Сондықтан ол әуелі жұмыс орнын ретке келтіру жөн екенін айтты.

«Жұмыс орнын ретке келтіріңіз»

Принстон ғалымдары зерттеулерінде адамның миы жақсы ұйымдастырылғанын, жинақы ортада жақсы жұмыс істейтінін дәлелдеп берді. Сондықтан әуелі  жұмыс орнын тазалауға 10-15 минут жұмсаңыз: қажет емес қағаздарды тастаңыз, шамды сүртіңіз, компьютердегі қажет емес файлдарды өшіріңіз. Бұл процесс бойдағы алаңдаушылықты және неден бастасам екен деген шашыраңқы ойды сейілтеді, — дейді маман.

Психолог жұмыстың бірінші күнін барынша жеңілдетуге тырысу керек дейді. Істі барынша жеңілінен бастау керек.

Жұмыс басталған соң, істі барынша оңайынан, жеңілінен, ретпен бастаған жөн. Бұл мидың ұмытылған ритмге, белсенділікке қысымсыз кірісуін жеңілдетеді. Алғашқы жұмыс күндерінің біріне көңілге жағымды бір істі жоспарлау да бақыт гормондарын қайта көтеруге мүмкіндік береді, — дейді ол.

«Алғыс тізімін» жасаңыз»

Психолог жұмыстың бірінші күні «алғыс тізімін» жасап көруді ұсынды. Бұл үшін бір парақ алып, жыл бойы болған, есіңізде қалған оқиғалар тізімін жазып шығу керек.

Жаңа жыл мерекесіндегі, жыл бойы болған оқиғаларға алғыс айту тізімін жасау — өте жақсы амал. Осылай, сол уақытты қорытындылап, бейсанада «бұл кезең аяқталды» деген түсінік қалыптасады. Миға да жаңа іске кірісу жеңіл болады. Бұған қоса мұндайда миымыз қанағаттану мен қуаныш сезімін тудыратын дофамин шығара бастайды. Осыдан соң келесі жылға жұмысыңызға, мансабыңызға қатысты жоспар құрыңыз: нақты нені жақсартқыңыз келетінін, қандай қадам жасайтыныңызды және тағы басқасын жазыңыз. Келешекке жоспар, дамуға қатысты қадамдарды нақтылап отыру адам бойында сенімділік сезімін оятады. Сана тұман мен белгісіздіктен қауіптенеді. Сондықтан Жаңа жылдың қарбаласымен жүріп, жоспар құрмай, өткен жылды қорытындыламай жұмысқа шығып кеткенде де, сана жұмыстан «қаша береді», — дейді психолог.

«Өзіңізден көп нәрсе талап етпеңіз»

Рада Махамбетованың айтуынша, алғашқы жұмыс күндерінде ұзақ үзілістен кейін жаттығу залына қайта оралғандай әрекет ету керек. Ол адамдарды «бірінші күннен тау қопарамын» деген биік мақсат қоймауға шақырды.

Жұмыс көлемін бірте-бірте ұлғайтып отырған дұрыс. Істі қарапайым әрі өзіңізге ұнайтын тапсырмалардан бастауға мүмкіндік беріңіз. Бұл бірінші жұмыс күніндегі күйзеліс деңгейін төмендетеді. Күнделікті жұмыс жоспарына үш пункттен артық іс қоспаған абзал. Әдетте, психологтар жұмыс күнін ең қиын тапсырмадан бастауға кеңес береді, өйткені адамдардың көпшілігінің өнімділігі таңертең шыңына жетеді. Бірақ бұл күні бәрі басқаша. Бұл күнгі мақсат — жай ғана жұмысты бастау, — дейді ол. 

«Түскі асты әріптестеріңізбен бірге ішіңіз»

Маман бұл күні әріптестермен әңгіме-дүкен құрғанның да пайдасы зор дейді. Тіпті бірінші күні түскі үзіліс уақытын бірге өткізген жөн.

Тамақты көппен бірге жеген дәмдірек. Бұрын соңды жеп көрмеген, көптен жегіңіз келіп жүрген тамаққа тапсырыс беріп, түскі үзілісті әріптестеріңізбен өткізіңіз. Осылай, мерекелік көңіл-күйді шорт кеспей, жұмыс атмосферасына бірте-бірте, жеңіл еніп кетуге болады. Сонымен қатар бірінші жұмыс күні санамызда жағымды эмоция ретінде есте қалады, — дейді ол.

Психолог кешкі уақытты да нетуоркиңге арнаған жөн дейді. Бірінші жұмыс күнінен соң достармен кездесіп, арқа-жарқа болған да бұл күннің күйзеліссіз өтуіне көмектеседі.

Достармен кездесіп, сүйікті спортпен айналысып, театрға, кинотеатрға бару немесе рахаттанатын кез келген іске уақыт тапқан дұрыс. Жұмыс аяқталған соң жағымды іспен айналысатыныңыз туралы ойдың өзі көңіл-күйді көтеріп, жұмыс күнін жақсы өткізуге күш-қуат береді, — дейді Рада Махамбетова.

«Жұмыстан шығу туралы өтініш жазуға асықпаңыз»

Психолог демалыстан кейін жұмыстан шыққысы келетіндер көп екенін байқаған. Ол бұл да мерекеден кейінгі синдром екенін айтады.

Адамдардың мерекелік демалыстардан кейін жұмысқа кірісе алмай, тіпті кейде жұмыстан шығу туралы өтініш жазуды ойлап кететін кездері болады. Мұндайда жұмысыңызды неге сүйетініңізді еске алу керек. Жақсы көрмеген күннің өзінде, сізді осы жұмыста ұстап тұрған, әлі күнге кетпей жүргеніңіздің кемі 10 себебі болуы керек. Өтініш жазбас бұрын, осындай тізім жазып көріңіз. Бірақ тізімге кемі үш-төрт себеп жазуға қиналсаңыз, бұл демалыстан кейінгі күйзеліс емес, басқа нәрсе болуы да мүмкін. Жаңа жылдың жақсы тұсы — осы. Құндылықтарды, мақсатты, жоспарды қайта қарап шығуға ынталандырады, — дейді ол. 

Маман жоғарыда аталған кеңестерді ескерсе, адамдар жұмысқа тез кірісіп, жыл да өнімді, табысты болады дейді. Ол демалыстан кейінгі синдром ең көбі екі аптаға созылуы мүмкін екенін ескертті. Ал қажу, жұмысқа ынтаның болмауы, энергияның жоғалуы, ашушаң болу сияқты белгілер бұдан да ұзақ мазаласа, психолог көмегіне жүгінген дұрыс.

***

Тағы оқыңыз:

Қорытынды. 2023 жыл қалай өтті?