Қысқы күйзеліспен қалай күресу керек?

Жер бетіндегі халықтың 40 пайызы мезгілдік күйзеліске тап болады екен. Алайда оны психотерапевт пен дәрі-дәрмектің көмегінсіз-ақ жеңуге болады.

Күннің салқындығынан көңіл-күйдің болмауы, жиі сырқаттану, жылы көрпенің астында жата беру — қысқы күйзелістің алғашқы белгілері. Күн көзінің жетіспеуінен адамдағы ұйқы гормоны мелатонин және бақыт гормоны серотонин балансы бұзылып, ұйқы, тәбетке әсер етеді.

Қысқы күйзеліс тек адамдарда ғана емес, барлық жаратылыс иесінде болады. Өсімдіктердің көпшілігі тіршілігін тоқтатады, құстар жылы жаққа ұшып кетеді, кейбір жануарлар ұзақ қысқы ұйқыға кетеді. Адамдардың басқалардан ерекшелігі — күйзелісті жеңіп, өз қажеттіліктерін басқара білуінде. Сондықтан, қысқы күйзелісті жеңуге тырысу керек.

Вермонт университетінің зерттеушісі Келли Роханның айтуынша, күйзелістен құтылу үшін көп уақытты таза ауада немесе көңіл-көтеретін орталықтар мен түрлі іс-шараларда өткізу керек. Күннің суықтығы, ауа райының бұзылыуы немесе аяз бұған себеп емес. Керісінше, қыс мезгілінде ауа таза болады.

Терезеден сыртқа қарап, қыс мезгілін ұнатпайтыныңызды өзгелерге және өзіңізге айту пайдасыз іс. Қыс мезгілінде де қыдыруға, көңіл көтеруге, белсенді демалыс жасап, достарыңызбен кездесуге болады.

Қысқы күйзеліс кезінде күн көзі жетіспегендіктен жан-жағыңызды жасанды жарықпен қамтамасыз етуге тырысыңыз. Мұндай жағдайда неғұрлым көп жарық беретін шамдарды пайдаланған жөн.

Қысқы күйзеліс
©Zazdorovye.ru

Сондай-ақ, жарқын, ашық түсті киімдер кию, осындай түстегі заттарды жиі пайдалану да күйзелісті жеңуге көмектеседі.

Қыста үнемі тоңып жүретін адамдарға физикалық белсенділік таныту қажет. Күніне жарты сағат жаттығу жасау бойын суық жаулап алған адамның жылынып, бойына қан жүруіне көмектеседі.

«Ауру — астан» дегендей, кез келген аурудың алдын алу үшін дұрыс тамақтану қажет. Мысалы, қара шоколад серотонин гормонының балансын сақтауға көмектеседі. Тәбет тартпаса да ет, балық, жұмыртқа, жаңғақ сияқты тағамдарды тамақтану рационына қосу керек. Бойкүйездікті жеңу үшін көп адамдар күш-қуат беретін энергетикалық сусындар мен алкогольды пайдаланады. Мамандар оның уақытша ғана көмектесетінін, кейін түрлі ауруларға әкеп соғатынын ескертеді.