Жақында Aviasales онлайн-брондау қызметі саяхаттайтындар арасында зерттеу жүргізіп, Қазақстан әйелдерінің көпшілігі жалғыз саяхаттауды жоспарлайтыны анықталды. 2022 жылы мұндай батыл қадамға саяхаттаушы әйелдердің 30%-і ғана бел буған, ал биыл олардың көлемі 38%-ке жеткен. Жалғыз саяхаттағанда нен ескеру керек? Бортта алып кіретін заттар қайсы және жүктің ішін қалай толтыру керек? 35 елге саяхаттаған Әйгерім Райымбекова мен 50 елді көрген Жәмила Отарбаева жалғыз саяхаттауға арналған чек-лист ұсынады.

Әйгерім Райымбекова — гештальт-терапевт. Балаларға арналған кітаптар да шығарады. Осы уаққа дейін 35 елді аралаған. 

Жақында Әйгерім ең ұзақ сапарынан оралды. Ол бес айдың ішінде бес елде болған, әуелі Ыстанбұл ен Нью-Йорктен бастап, әрі қарай Мексикаға, Аргентинаға және Колумбияға барған. Қызығы сол, саяхатшы бір елден екінші елге барғанда онда басқа жыл мезгіліне түсіп отырған. Сондықтан жүгіне салатын заттарды әбден іріктеуіне тура келіпті. Әйгерім көп жылдан бері саяхаттап жүргендіктен, оқырманға соло-триптің қыр-сырын айтып беретін ақпараты жетерлік. 

Әйгерім Райымбекова
Әйгерім Райымбекова. Фото жеке архивінен

Жүк жинау, сақтандыру алу және түсі ашық чемодан

  1. «Бәрінен екі данадан» деген ережем бар: екі шалбар, екі белдемше, екі футболка (біреуі ашық түсті, екіншісі қара түсті) – бәрі кежуал киім. Мен танго билеймін, сондықтан оның арнайы киімі мен аяқ киімі жүктен біраз орын алады. Олар: туфли, белдемшелер, кеудеше мен шалбарлар – оларды да қос-қостан алып жүремін. Әр қаладан милонга билейтін жер тауып алып, рахаттанып билеп кетуге тырысамын. Ал әлгіндей киім жиынтығы бір-бірімен үйлестіріп киіп, әр жолы әртүрлі көрінуге мүмкіндік береді.
  2. Ұзақ сапарға (екі аптадан асатын) үйде жүргендей сезім беретін заттарды ала кетем. Әдетте, бұл кішкентай майшам, үйде киетін аяқкиім немесе көйлек болады.
  3. Міндетті түрде шағын фен алып жүремін, себебі ол барлық жерден табыла бермейді. Чемоданға сыятын артық сөмке аламын. Бұл чемоданға бір зат сыймай қалса, осыған сала салатындай әрі қол жүгі ретінде борт ішіне алып кіретіндей болуы керек. Жүкке де тапсыруға болатынын ескеремін.
  4. Чемоданның пластиктен жасалғаны дұрыс: ол әлдейқайда мықты және көп күтім жасамайссың. Онда чемоданды екі бөлікке бөліп тұратын, сырмамен жабылатын шымылдық болуы керек. Бір мезгілден екінші мезгілге өтіп отыруға тура келген соңғы сапарымда осы шымылдықтың көмегі көп тиді. Киімдерді қысқы және жазғы деп екіге бөліп қоюға ыңғайлы – әр мезгіл киімінің өз орны бар. Чемоданды қопарып, алып-салып жатпайсың.
  5. Әуежайда чемоданды оратпаймын, оның орнына арнайы қабын сатып алам. Бағасы — шамамен 5-10 мың теңге. Әлгі полиэтиленге ораса, жүктің салмағы артады, ал қап жеп-жеңіл. Қапқа кеткен шығынның орны тез толады әрі пластика қалдығын да көбейтпейсіз.
  6. Қап таппасаңыз, чемоданды қалың ашық түсті белбеумен байлап қойыңыз. Осылай, оны жақсырақ сақтайсыз әрі жүк алуға барғанда көзге бірден түседі. Осы үшін де түсі ерекше чемодандар сатып аламын. Ал чемоданым қара болса, түрлі стикер жапыстырып тастаймын.
  7. Чемоданның тұтқасына арнайы тег іліп қойыңыз. Мұндай тегтерді сатып алуға немесе өз қолыңызбен жасап алуға болады. Оған толық аты-жөніңізді, электрон поштаңызды және телефон нөміріңізді жазыңыз. Бұл айдан анық нәрсе, әрине, бірақ мұны істейтін адамдар аз.
  8. Сақтандыру полисін ылғи жергілікті компаниялардан аламын. Өйткені олармен өтемақы мәселесін жылдамырақ шешуге болады. Интернет арқылы сақтандыру алу қолайсыз: компаниялар қоңырауды көтере бермейді әрі дау туындай қалса, интернет арқылы шешіп отыру қиын.

Бортқа керек заттар

  1. Үнемі термос пен шай қалташаларын алып жүремін. Ұшақтың термопотындағы шайды ұнатпаймын. Ал бортта кондиционерден мұздап отырамын. Қайнаған суды күту аймағындағы кофханадан құйып алуға болады. Олар жай суға қарағанда қайнаған суды жылдамырақ береді.
  2. Еуропа мен АҚШ-тың барлық әуежайында дерлік су ішетін фонтан бар, олардан бөтелкеге су құйып алуға болады.
  3. Ең жайлы жастықша — жады әсері бар материалдан жасалғаны. Олар түймеленеді және мойынды жақсы ұстайды.
  4. Бортқа ылғалдандыратын әсері бар косметика аламын: көзге арналған тамшылар, мұрынға арналған тұзды ерітінді, қолға жағатын май (крем — ред.), тамаққа арналған сорғыш дәрі. Кейде көзге арналған ылғал майлық алып аламын, себебі ұшақта терім қатты кеуіп кетеді.
Әйгерім Райымбекова
Әйгерім Райымбекова. Фото жеке архивінен

Тұрғын үй мен қауіпсіздік туралы

  1. 10 күннен астам уақытқа бара жатсам, асханасы бар үйді таңдаймын. Мейрамханалардың тамағынан тез жалығып кетемін. Оның үстіне тамақты үйде істеу — үнемдеудің басты жолы.
  2. Airbnb-де бір айға брондағанда жеңілдік беретін үйлерді ғана таңдаймын. Соның арқасында 25-30%-ке дейін үнемдеймін. Бірақ тұратын ауданды таңдағанда ешқашан үнемдемеймін, қала орталығынан қашық жерден үй жалдамаймын. Өйткені туристердің арасында танымал жерлерден алшақтаған сайын үйдің бағасы төмендей береді. Өткенде Нью-Йоркте үйді Бруклин ауданынан жалдап, тұрғын үй шығынынан 1200 доллар үнемдедім деп қуанып едім. Оным дұрыс болмапты. Өйткені баратын жерлеріме ұзақ жүрдім, кеш батқанда метроға отыру да қауіпті, сөйтіп үйге қайту да қиын болды. Демек, ештеңе үнемдемеген болып шықтым.
  3. Ылғи да екі банк картасын қолданам. Біреуін қонақүйге тастап кетем. Паспортты жанымда алып жүрмеймін, көшірмесін ғана ұстаймын. Сырттағы телефондардан қоңырау шалмаймын. Қолма-қол ақшаны да бірнеше жерге салып қоямын.
  4. Ыстанбұлда Таксим алаңынан бес минут қашық жерден пәтер жалдадым, бұл — қауіпсіз аудан. Бірақ жақында орналасқан Тарлабаши көшесі өңкей нашақорлар мен жеңіл жүрісті қыздардың мекені екен. Жалғыз саяхаттағанда, әсіресе, үлкен қалаға барғанда, тұратын ауданыңызды алдын ала зерттеңіз.
Әйгерім Райымбекова
Әйгерім Райымбекова. Фото жеке архивінен

Жәмила Отарбаева — КИМЭП университетінің қызметкері. Әлемнің 50 елін көрген. 

Ол жолға шыққанда қажет болып қалар деп артық затты көбірек алатынын мойындайы. Ол заттардың жартысы сол күйі қолданылмайды да. Жәмила жақында АҚШ-қа қол жүгімен ғана барып келді. Соның арқасында жеңіл жүріп те саяхаттауға болатынына көзі жетіпті. Соло-триппер саяхаттаудың түрлі қыры туралы кеңес берді. 

Жәмила Отарбаева
Жәмила Отарбаева. Фото жеке архивінен

Жолға алатын заттар

  1. Қазір жолға алатын түрлі косметикалық құралға арналған шағын арнайы құтылар сатылады. Оларды қол жүгіне салып алып, үлкен құтылардағы косметиканы жүкке тапсыруға болады. Парфюмнің де шағын көлемін аламын.
  2. Негізі барлық нәрсені барған жерден де сатып алуға болады. Сондықтан көбіне қол жүгімен кете беруге де болады. Осы жолы АҚШ-қа барғанда сөйттім, тек дүкен аралаған соң, үлкен чемодан сатып алдым.

Экскурсиялар және туристерге арналған кеңестер

  1. Мұражайлар мен қала туризмін жақсы көретіндерге Ұлыбритания мен Ирландияға бару керек. Ондағы мұражайлар әдемі әрі кіру тегін. Аса қызық мұражайларды ақша құртпай-ақ араалуға боалды. Еуропаның көптеген қаласында мұражайға ақы төлеп кіресің.
  2. Лондондағы Әулие Павел соборына немесе Дублиндегі Әулие Патрик соборы сияқты кейбір соборға кіру ақылы. Оның қасында нИталиядағы, Франциядағы және тағы басқа қалалардағы соборға тегін кіруге болады.
  3. Амстердамда I amsterdam city card картасын қолданғаныңыз жөн. Ол арқылы белгілі бір сомаға қоғамдық көлікпен жүруге, каналда қайықпен жүзуге және мұражайларға да кіруге болады. Дегенмен картаның мүмкіндіктерін алдын ала біліп алған дұрыс. 2023 жылы картаға жаңа көрнекі орындар енген, бірақ мен барған кезде біраз орын алынып тасталыпты. Мысалы, бұрын сол картамен Ван Гог мұражайына тегін кіруге болатын еді, енді оған кіру үшін бөлек төлеу керек. Әйтсе де, карта шығыныңызды екі есе дерлік қысқартып беретіні анық.
  4. Маған Maps.me қолданбасы ұнайды. Оның Google-картадан қолайлырақ болатын кездері бар — баратын жеріңнің ең қысқа маршруттарын көрсетіп береді.

Бонустық бағдарламалар және басқа да артықшылықтар

Жәмила Отарбаева
Жәмила Отарбаева. Фото жеке архивінен
  1. Әуе компанияларының бонустарын дұрыстап зерттеп алыңыз, қанша миль жинағаныңыз маңызды емес. Бір билетке жететін миль жинау үшін ұзақ уақыт қажет. Бірақ осы мильді түрлі жақсы нәрселерге айырбастап алуға болады: мысалы, қонақүйде тұруға, әуежайларының бизнес-залдарында болуға және тағы басқа. Мысалы, Lufthansa өз мильді дюти-фриде жұмсауға немесе сатып алынған заттың бонусын миль ретінде шотыңызға аударуға мүмкіндік береді.
  2. Booking.com қолданбасын жиі қолданамын және өзімнің осы сервистегі деңгейімді жоғарылатуға тырысамын. Қазіргі уақытта менің деңгейім көптеген қонақүйде тегін таңғы ас ішуге мүмкіндік береді.
  3. Қонақүйлер көбіне бонустар немесе «бақытты сағаттар», welcome-drinks және басқа да жағымды ұсақ-түйек сыйлықтар береді. Тұрғындарға арналған тегін «қошемет» немесе қалаға қарайтын терассалар болады. Бұл туралы алдын ала біліп алуға тырысыңыз, өйткені қонақүйлер бұл туралы ашып айта бермейді.

Қауіпсіздік туралы

  1. Римде, Барселонада, Парижде және Грекияның көптеген қаласында аса қырағы болу керек. Мұнда туристер әрқашан көп болады, басты көрнекі орындарда адамдар сығылысып жүреді. Ондай жерде қалтаға түсетін ұрылардан бастап нағыз алаяқтарға толы топтар жүреді. Көптеген босқын мен көшіп-қонып жүрген адамдар да жүреді, бірақ олар азығын адал еңбекпен табады. Сондықтан құжат пен қолма-қол ақшаны сейфте сақтап, жаныңызда құжаттардың көшірмесін алып жүрген дұрыс. Киімінің ішкі қалталары болғаны жақсы және сөмкеңіз кросс-боди болғаны дұрыс.
  2. Саяхатқа аз ақшамен шығып, хостелде тұруды жоспарласаңыз, қымбат заттар мен гаджеттерді, әшекей мен қолма-қол ақшаны алып жүрмеген дұрыс. Тіпті, ең жақсы деген еуропалық хостелдердің өзінде сейфтер мен сақтау қызметі жоқ.