Қазір елімізде ұлттық мейрамдар, мемлекеттiк мерекелер, кәсiби және тағы басқа мерекелер тойланып жатады. Этнограф Досымбек Қатранұлы қазақ халқының мерекелері бұрын қалай тойланғанын, мерекелерде жасалынатын жөн-жоралғылар мен оның мағынасын түсіндіріп берді.

Наурыз мейрамы

Этнограф Досымбек Қатранұлының айтуынша, бұрын қазақ халқы Наурыз мейрамын 22 наурызда тойламаған. Себебі ол кезде қазақтар ай күнтізбесімен өмір сүрген. Олар жаңа ай туғанда жаңа жыл басталды, күн мен түн теңесті деп Наурыз мейрамын тойлаған. Қазір тойлап жатқан Наурыз мейрамының уақыты күн күнтізбесімен негізделген.

Бұрын қазақта екі мезгіл болған — қыс және жаз. Қыстан аман-есен шығып, жаз басталды. Жылы мезгіл басталды, мал төлдейді  деп қуанып, Наурыз мейрамын тойлайтын. Қазақтар бұрыннан мейрамның басты  тағамы — наурызкөже дайындап, ұлттық ойындар ойнап, дастархан жайып, қонақ күтіп, қонаққа барып тойлаған. Меймандар әуелі әулеттегі үлкен кісілерді құрметтеп, солардың үйіне қонаққа баратын, — дейді Досымбек Қатранұлы.

Этнограф, Досымбек Қатранұлы
Досымбек Қатранұлы Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Маман наурызкөженің бірнеше атауы бар екенін айтты. Мысалы, «тілеукөже» және «көпкөже». Наурыз мейрамында көп тілек айтылғандықтан, тағамды «тілеукөже» деп атаған. Бұған қоса көженің көп болатын уақыты болғандықтан «көпкөже» деп те айтқан.

Бір қызығы, Қазақстанның оңтүстігінде Наурыз мерекесінде күн мен түн, жақсылық пен жамандық — бәрі теңеседі деп есептеген. Сол себепті мейрам кезінде еркек пен әйел теңеседі деп ерлі-зайыптылар әзіл ретінде күресетін.

Қазақтардың ырымы бойынша Наурыз мейрамында өгіздің үстіне табақ, қазан сияқты сылдырлайтын ыдыстарды іліп, таңертең көшенің бойымен балаларды жүгіртеді. Қазақтар «сиыр судан жаралған» деп білген. Оған қоса халық егін егіп, жер жыртуға өгізді пайдаланады. Сол үшін балалар «биыл егін көп болсын» деп өгізді ауыл аралатып жүгірткен, — дейді маман.

Өгіздің үстіндегі заттардың сылдырлаған дыбысын, балалардың күлкісін естіген жұрт мейрам келді деп білген.

Соғымбасы мерекесі

Соғымбасы мерекесі — әр әулетте жыл сайын атап өтілетін отбасылық мереке. Бұл мерекеде отбасы міндетті түрде соғым сойып, меймандарды шақырып тойлайтын. Климаттық жағдайға байланысты мейрам әр өңірде әр уақытта тойланған. Алматы облысында желтоқсанда соғым сойылса, Солтүстік, Шығыс Қазақстан облыстарында соғым қазанның соңында-қарашаның басында сойылады.

Оның айтуынша, Солтүстік Қазақстан өңірлерінде күн суық болатындықтан әрі қыс ұзаққа созылатындықтан, бұл мерекеде соғым көп сойылады. Ал оңтүстікте ауа райы жылы болатындықтан, соғым да аз сойылады. Бай адамдар екі-үш түйе, бес-он жылқы, бес-алты сиыр, жүздеген қой сойып, алыста тұратын туыстарын, жора-жолдастарын, ауылдағы барлық тұрғынды шақырып үлкен той жасайтын.

Бірінші сойылатын малды ырымдап дұға оқытып сояды. Соғымбасы мерекесіне қатысты тағы бір ырым бар — сойылған малдың бас сүйегін алып, мал көп болсын деп үйдің босағасына іліп қоятын, — дейді дейді Досымбек Қатранұлы.

Этнограф, Досымбек Қатранұлы
Досымбек Қатранұлы Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қымызмұрындық және сіргежияр қымызы мерекесі

Маман малға қатысты бірнеше мереке бар екенін айтты. Олардың қатарына Қымызмұрындық және Сіргежияр қымызы деген отбасылық мерекелер бар. Қымызмұрындық мерекесінде әулет бие байлап, жақындарын қонаққа шақырып, оларға бірінші сауылған қымызды ішкізеді.

Қазақтар тақ сандарды жақсы көргеннен кейін, байланатын биелердің саны әрдайым тақ болатын. Көбіне әр әулет 9-11 биенің сүтін алатын. 10-12 күн бойы таңертеңнен кешке дейін екі сағат сайын биелерді сауып, қымызды жиып, ашытады. Сосын қонақ шақырып, дайын қымызды ішіп тойлайды, — дейді ол.

Этнографтың айтуынша, қазақ халқы биеден сүт шықпаса да, қыстан аман-есен шығайық деген ырыммен дастархан жаятын. Ол кезде отбасында байлық, береке-бірлік болсын деп айғырдың жалына май жағады. Көшпенділерде құт-берекенің көзі май болса, отырықшылдарда нан болған. Сол себепті қазақтың дастарханында  нан мен май тұрады.

Сіргежияр қымызы — күзде қымыз бітер алдында әр әулет жақын туған-туысын жинап, соңғы қымызды бөліп ішетін мереке. Келесі Сіргежияр қымыз мерекесіне дейін аман-есен жетейік деген ырыммен өтетін отбасылық мереке.

Этнограф, Досымбек Қатранұлы
Досымбек Қатранұлы Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Тоқымқағар

Тоқымқағар мерекесінде сүндетке отырғызу жасына жақындаған бала атқа отырып, тізгінін өзі ұстап жолаушылап, ауыл аралап жүреді. Бұл — баланың есейіп, ер жеткенінің белгісі. Оған дейін баланы атқа отырғызған кезде оны жасы үлкен адам тізгінін ұстап жетектеп жүрген.

Баланың әжесі атасының ер-тоқымын шешіп, оны сілкіп, үлкен кісінің жолын берсін деп аттың артынан еріп жүреді. Баланың беліне дорба байланады. Атқа мініп келе жатқан баланы көрген жұрт дорбаға көрімдік салады. Одан сон баланың ата-анасы туыстарды шақырып той жасайды, — дейді ол.

Этнограф бұл салт бала өзінің сүндет тойына шақыру ретінде жасалатынын айтты. Қазақтар бала қонақтарды тойына өзі шақыруы керек деп білген. Сол үшін бала аттың үстінде жуырда сүндетке отырамын деп халыққа өзі хабарлағандай болған.

***

Тағы оқыңыз:

Қазақ салт-дәстүрлерінің мәні қандай? Этнограф айтып берді