Эльнура Кішкенебаева заңды некеге тұрғаннан кейін алынған кез келген дүние ортақ мүлік болып есептеледі дейді. Үй-жай, көлік, тіпті несиеге дейін заң жүзінде екіге тең бөлінеді. Ерлі-зайыпты ажырасқаннан кейін 6 жылға дейін сотқа мүлікті бөлу туралы шағым түсіре алады. 

Мүлік қалай бөлінеді?

Маман мүлікті бөлу ажырасқаннан да қиын екенін айтады. Тараптар арасында дау-жанжалсыз шешілетін кейстер аз. Ал көбіне зардап шегетін тарап — әйелдер.

Жанжалсыз, мүлік дауынсыз тыныш ажырасатын адам аз. Бірақ мұндай дауда көбіне әйелдер ұтылып, жылап келеді. Өйткені құқықтық сауаты төмен. Олар отбасылы болып, бала көтеріп, оны өсіріп-бағып жүргенде құқықтық сауат арттыруға уақыт таба бермейді, — дейді адвокат.

«Неке және отбасы туралы» кодекс бойынша, неке шарты болмаса, ортақ мүлік ерлі-зайыпты арасында тең бөлінеді. Мүлікті бөлу туралы арыз берген тарап қойылған талап сомасының 1%-і мөлшерінде мемлекеттік баж салығын төлеуге міндетті.

Біздің заңнамада неке қалай бұзылғанына қарамастан, әйел мүліктің 50%-ін алуға құқылы. Заң шығарушы органдар әйелдің дүниеге сәби әкеліп, декрет демалысында болғанын, еңбек қабілетінен айырылған болуы мүмкін екенін, уақыт жоғалтқанын жақсы түсінеді. Сондықтан ол жұмыс істеп-істемегеніне қарамастан, осы үлесін алуға құқылы. Бірақ мүлік неке қиылғаннан кейін алынған болуы керек, — дейді заңгер.

Маман үйленгенге дейін алынған меншік ортақ мүлік ретінде бөлінбейді дейді. Басты талап — мүліктің некеден кейін алынғаны және оның ерлі-зайыптының атына тіркелгені.

Үйленгенге дейінгі нәрсенің бәрі — сіздің жеке меншігіңіз. Мысалы, үйленбей тұрып ер адамға анасы үй сыйлаған болуы мүмкін. Жас жұбайлар сол үйге көшіп барып, бірнеше жыл сонда тұрды делік. Бірақ ажырасқанда әйелі бұл үй үшін дауласа алмайды, — дейді Эльнура Кішкенебаева.

Әйел адамға басымдық беріле ме?

Заңда мүлік тең бөлінуі керек деп көрсетілгенімен, сот кейде әйелге көбірек үлес жазып беруі мүмкін. Адвокат мұндай тұста әйел өз құқығын біліп, талап-арызында алатын мүлкін көрсетіп жазуы керек екенін айтады.

Ажырасып жатқан жұптың тек бір баласы болса, балаға басымдық берілмейді. Пәтер тек ерлі-зайыпты арасында бөлінеді. Бірақ ортада екіден көп бала болса, олар анасымен қалса, әйел соттан мүліктің 70%-ін сұрай алады. Сот бала саны мен олардың әрі қарай анасымен тұратынын, шығын мен ауыртпалықты ескеріп, әйелдің үлесін көбейтіп береді. Бастысы, талап-арыз тапсыру кезінде мұның бәрін жазу керек, — дейді заңгер. 

Ипотекаға алынған үй қалай бөлінеді?

Маман ипотекаға алынған үйді бөлу үшін сотқа ажырасқаннан кейінгі 6 жыл ішінде талап-арыз жазу керек дейді. Кешіксеңіз, сот өтінішіңізді қарамай қоюы мүмкін.

Ипотека құжаттарына ерлі-зайыпты бірге қол қояды. Демек екеуі де — үлескер. Бұл жағдайда тараптар ажырасқаннан кейін 6 жылға дейін үйді бөлу туралы талап-арыз жаза алады. 6 жылдан асып кетсе, сот үй банкке өтіп кетті деп қарамай қоюы мүмкін. Ондай кезде ипотека толық жабылғанша күту керек, — дейді Эльнура Кішкенебаева. 

Заңгер ажырасқан азаматтар кейде мүлікті бөлуді ұмытып, 10 жыл өткен соң еске алатынын сынады. Ол мұндай жағдайда сот тым ұзақ жүруі мүмкін дейді.

Адамдардың басты қатесі — құқық жағынан сауатсыз болғаны. Ажырасқанда мүлік бөлу туралы білмей, 10 жыл өткен соң ес жиып жататындар бар. Мұндай жағдайда дәлел, құжат жинау қиын. Сондықтан сот тым ұзап кетуі мүмкін. Бірақ осы жылдары ауыр сырқаттанып немесе басқа да қиын жағдайда қалсаңыз, сот ісіңізді жеңілдетуі мүмкін. Бірақ оны да құжат негізінде дәлелдеуіңіз керек, — дейді ол.

Ажырасқанда несие мен қарыз қалай бөлінеді?

Заңгер сөзіне қарағанда, ерлі-зайыпты отбасы қажеті үшін қарыз алса, берешек соманы екі жақ тең төлеуге міндетті. Несие немесе қарыз ақша ерлі-зайыптының біреуінің мақсатына ғана жұмсалса, қарызды сол адам өзі жабуы керек.

Көп жағдайда ерлер үй жөндеуге, жиһаз не басқа зат алуға несиені әйелінің атына алады. Мұндай жағдайда ажырасқалы жатқан әйел сотқа “Несиені бөлу” деген талаппен баруы керек. Сот мұның заңды некеде тұрғанда алынғанын растаса, несиені екіге тең бөліп төлеуді міндеттейді. Несиені оны алған адам жабуы керек, ал жолдасы оны тек қарыз ретінде төлеп отырады, — деп түсіндірді заңгер. 

Сот шешімі шыққан соң…

Эльнура Кішкенебаева сот шешімі шыққан соң оның бірден сот орындаушы құзырына түскенін қадағалау керек екенін айтады. Олар жауап беруші қарызын кешіктірмеуін қадағалайды. Маман жалпы мүлікті бөлу туралы шешім шыққан соң да құжат рәсімдеуге асығу керек дейді. Ол үшін бұрынғы жұбайлар ХҚКО-ға баруы керек.

Барлығы аяқталған соң сот тараптарға мүлікті бөлу туралы акт дайындап береді. Бұрынғы жұбайлар құқығын тіркеу үшін кешіктірмей осы құжатты ХҚКО-ға өткізуі керек. Кейде бір тарап құжат рәсімделгенге дейін үйді сатып немесе сыйға беріп жібереді. Мұндай проблема, әрине, шешіледі. Бірақ тағы уақыт кетеді, авдокаттар мен сот ісі үшін қосымша шығындалуы керек болады.  

Өзара келісім

Мүлікті сотқа шағым түсірместен-ақ бөлуге болады. Эльнура Кішкенебаеваның сөзіне қарағанда, тараптар мүлікті бөлу туралы өзара келісімшарт рәсімдей алады. Тек құжатты нотариалды куәландыруды ұмытпауы керек.

Талап-арыз берген соң бейбіт жолмен шешу мақсатында іс әуелі медиациялық сотқа жіберіледі. Сот екі тарапты шақырып, арнайы отырыста өзара келісімге келуді ұсынады. Ерлі-зайыпты келіссе, сот осы кезеңде тоқтатылып, мүлік екіжақты бөлінеді. Тараптар өтініште көлік әйелінде, дүкен күйеуінде қалады деген сияқты ортақ шешімін жаза алады. Бірақ мұны міндетті түрде нотариалды рәсімдеу керек, — дейді маман.

Эльнура Кішкенебаева үйленгенде неке шартын рәсімдегендер де мүлікті сотқа бармай-ақ бөле алатынын айтады. Бұл құжатқа сай, тараптар айырылысып кетсе, қолында не нәрсе қалатынын алдын ала біліп жүреді.

Неке шарты – некеге тұратын адамдардың неке бұзылған жағдайда мүліктік құқығы мен міндетін айқындайтын келісім құжаты. Неке шартында некеде туған немесе асырап алған балалардың мүліктік құқығы да қарастырылуы мүмкін. Меніңше, бұл — біз үшін жаңа дүние. Тараптар ажырасса, қолында не  қалатынын алдын ала біліп жүреді, — дейді заңгер.

Эльнура Кішкенебаева әзірше ажырасуға келгендер арасында неке шарты құжатын әкелгендер көп емес дейді. Бірақ оның сөзіне қарағанда, бұл көрсеткіш болашақта өзгеруі мүмкін.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Тағы оқыңыз:

Арыз, шағым, өтініш: айырмашылығы қайсы?