БҚО-да «Қымызмұрындық» тойы өтті

Шараға қатысқан Теректі ауданының әкімі Тілек Габдушев, Долин ауылдық округінің әкімі Талғат Манатауов этнофестивалдің мән-маңызына тоқталып, сөз сөйледі. Ауыл ақсақалы Адиатолла Жаледдинов жиынға жан-жақтан көптеп келген қонақтар мен жергілікті тұрғындарға амандық тілеп, ақ батасын берді.

Ұлттық салт-дәстүрлерді ұлықтаған дәл осы шара Теректі топырағында 2018 жылдан бастау алған еді. Биылғы этнофестивальға келушілер қымызды қанып ішіп, әжелердің ұршық иіріп, киіз басқанын көзбен көрді. Ит жүгіртіп, тазы салған дала қазағының тіршілігіне куә болды. Тазы жарысында «Текті», «Нөкер» және «Сарыгүл» есімді тазылар қара үзіп, мәреге жетті.

Одан әрі этнофестиваль бағдарламасында «Қымыз – жанға дауа, дертке шипа» атты байқау басталып, тұрғындар қымыз сапасына өз бағаларын берді. Сайысқа Н.Батырғалиева (Сарыөмір), А.Хафизова (Абай), А.Қуанышқалиев (Юбилейный), А.Әбдірахманов пен Ш.Шерқұлов (Долин) қатысты. Нәтижесінде абайлық А.Хафизова жеңіске жетіп, қалған жүлделерді сарыөмірлік Н.Батырғалиева мен Юбилейный ауылынан келген А.Қуанышқалиев өзара бөлісті.

Сонымен қатар этнофестивальге келгендер ұлттық ойындарды тамашалады. Ат бәйгесі, қазақ күресі, асық ату, арқан тарту, қой көтеру секілді спорттық сайыстарға тұрғындар белсене қатысты. Осы жарыстарда жеңімпаз атанып, жүлдегер болғандардың бәріне алғысхат беріліп, ақшалай сыйақы тапсырылды.

Мерекелік шараның концерттік бағдарламасында дәстүрлі ән, терме төгіліп, күмбірлетіп күй шертіліп, әжелер ансамблдері мен эстрада әншілері ән шырқады.

Жалпы, қымызмұрындық деген қандай дәстүр дегенге тоқталатын болсақ, бұл бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы. Бие сауылып оның сүті қорланып ашытылған соң екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші-көлемдер «қымызмұрындыққа» шақырылған. Ақсақалдар үй иесіне рахмет айтып, батасын береді. Бұл дәстүр қонақжайлықты, жомарттық пен мәрттікті, бірлікті меңзейді.