Әже тәрбиесін көрген балада қандай артықшылықтар болады?

Алдымен, әже тәрбиесін көрген қазақтың ұлы тұлғаларын еске алып көрейік. Тобықтының анасы саналған Зере әже бүкіл халықтың данасы атанған Құнанбайұлы Абайды өсіріп, жеткізді. Тағылымын берді. Нақты дәлел ретінде ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолынан» үзінді келтіре кетейік. Роман-эпопеяның «Қайт­қанда» дейтін тарауында: «Абай биыл ғана анық бағалады. Бұ­ның әжесі бір түрлі шебер әңгі­меші екен. Қызық сөйлейді. Әң­гіме­сі­нің барлық жерін дәмді ғып, қы­зықтырып айтады. …Әжесі әуелде көп-көп ертектер айтқан. «Еділ – Жайық», «Жұпар қо­рығы», «Құла мерген» – бәрі де ай­тылды. Оның әңгімелерін түсте де, кешке де, тіпті көш бойы да Абай айтқыза беретін болды. Бертін келе, тәуір болып алған соң, әжесінен тағы бір әңгімелер тапты. Ол осы ел іш­ін­де Зеренің жасынан бергі көр­­гені, естігені жайындағы әңгі­ме­лер» делінген.  

Абай Құнанбаев, отбасымен
Абай Құнанбаев, отбасымен ©anatili.kazgazeta.kz

Осылайша Зере әже немересі Ибраһимге қызығы мол әлемнің есігін ашуды өзі бастаған. Ұрпағына деген сүйіспеншілігі әрі ұлттық болмысымен ол тек бір адамның ғана емес, бүкіл қазақтың ұлы анасы атанды.

Айғаным Сарғалдаққызы
©ult.kz

Қазақ әжелері жайлы сөз қозғағанда, қазақтың тұңғыш ғалым, зерттеушісі Шоқан Уалихановтың Айғаным әжесі жайлы айтпау мүмкін емес. Сәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» романында Айғаным ананың парасатты бейнесін шебер жеткізген. Уәли ханның жары Айғаным — текті жерден шыққан, ақсүйек ұрпағы. Әкесі Сарғалдақ Бұқарда білім алған, ғалым-ұстаз болған. Тиісінше ол ұрпағына да тектілікті дәріптей білді.

Айғаным ана Шоқанға қазақтың ежелгі аңыздары мен хикаяларын қызықты етіп әңгімелеп, күні кеше өзі қатысқан тарихи оқиғаларды еске алып отырды. Халықтың озық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын бойына сіңірген әжесінің жарқын бейнесін Шоқан өмірінің соңына дейін ұмытпай есінде сақтады. Шоқан әуелі Құсмұрындағы әжесі салдырған мектептен арабша хат таныды, қарындашпен сурет салуды үйренді, кейін, орысша оқуға аттанды. Әлкей Марғұланның «Айғаным – Шоқан үшін халық даналығының сарқылмас бұлағы болған» деуі тегін емес [1].

Бұл екі мысал арқылы әже тағылымының қандай биік рөл алатындығын дәлелмен түсінуге болады. Ал егер жіктеп қарайтын болсақ, әже тәрбиесінің қандай артықшылықтары бар?

Ойы мен пікірін еркін жеткізетін баланы әже тәрбиелейді

Қазіргі кезде соңына адамды ерткісі келген, халықтың сеніміне кіремін дегеннің көпшілігі түрлі тренингтерді, клубтар мен орталықтардың табалдырығын тоздырып жүр. Себебі оларға батылдық қажет. Бұл қасиетті үйрететін мектеп көп, алайда дәл әженің мектебіндей қуатты орталық жоқ. Себебі бала айналасын алғаш тани бастағаннан оның қабілеті, дарыны қалыптасады. Немересін бәрінен ыстық көрген әже баласының еркін болғанын кішкентайынан өз мойнына алады. Басқа түгілі, өз ата-анасынан да қызғыштай қориды, баласына әр істің оң-терісін, жөн-жосығын өзі айқындайды. Тіпті әке-шешесін «әке», «ана» дегізбейтін, есімдерімен ататын. Мұндай мінезді ата-әжелер әлі де бар.

Еркіндікте өскен бала әдетте өз пікірі мен ойының басшысы бола біледі. «Сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді» деген мақалды да осы кезде еске алған жөн тәрізді.

Әже баласы көпшіл болады

Ана мен бала
©minber.kz

— Қай балаңды артығырақ жақсы көресің? — деп сұрағанда, ана: «Ауырған баламды — жазылғанша жақсы көремін. Шығып кеткен баламды — оралғанша, кіші баламды — өскенше, жақсы көремін. Кеудемдегі жүрегім тоқтағанша, бәрін жақсы көріп өтемін» — депті.

Бұл ана мейірімінің өлшеусіз, әрі барлық баласына тең екендігін байқатады. Оның мейірімі ешқашан тоқтамайды. Әже атанса да. Бұл мейірімді, махаббатты көріп өскен бала ағайын-туысты ешқандай жасандылықсыз жақсы көре біледі, оларды шынайы сыйлауды үйренеді. Әже — ұрпақтар сабақтастығын жалғастырушы қуатты тұлға.

Әже баласының ұстамы мықты

Ұстамы мықты баланы әрине жақсы ұстаз тәрбиелейді. Әже — тәжірибесі мол ұстаз. Ол келініне қарағанда өмірді көбірек көрген. Сол себепті де «көпті білгеннен емес, көпті көргеннен сұраған» қазақ ұлт тәрбиесінде әжені жоғары қоя білді. Ол ашуға да, баласына деген көзсіз махаббатына да тыю сала біледі. Мысалы, мектепте сыныстастарымен төбелесіп қалған қалған баланы анасы жақтап шығуы мүмкін. Екінші балаға ашуын арнап, оны өз баласына жек көрінішті көрсету де қоғамда орын алып жатады. Ал әжелердің ыстық-суығы басылған, әр істің байыбына бара білетін, ақылы толысқан тұлға екенін ескерсек, одан тәрбие көрген баланың да кез келген істі салқынқанды қабылдап үйренетіні сөзсіз.

Дені сау баланы өсіру — әже қолында

Немеренің денсаулығына туған анасындай алаңдайтын адамның бірі — әжесі. Ол — бала денсаулығына құрсақтағы сәтінен қамқор болатын шынайы жанашыр. Келінінің өзін күтінуіне де жағдай жасауы тиіс бірден-бір тұлға — әже. Баласы қырықынан шықпаған анаға ауырды көтерткізбей, суықты ішкіздіртпей қадағалайтын қатал ене. Ана денсаулығы дұрыс болмаса, баласының да денсаулығы жөнді болмайтынын түсінетін «ананың анасы». Бұл — ене мен келін арасындағы сыйластықты берік ететін мейірімділік.

Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы өзінің бір естелігінде: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын. Дәмді, дәстүрді білмейтін балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке-шеше жоқ» деп айтып кетті.

Шынында, қазақ халқы сан жылдардан бері түрлі ауыртпашылықтар, қиындықтар себебінен ұлттық құндылықтарынан қол үзіп қалды. Дегенмен, оларды қайта қалпына келтірудің басты механизмі әр отбасыда сақталған. Соның ішінде әже тәрбиесінің маңызы зор екені даусыз.

Дереккөз:

  1. «Шоқан үшін «Халық даналығының сарқылмас бұлағы» болған Айғаным ханым», Марфуға Шапиян, islam.kz

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.