Астанадағы кофеханалардың бірінде кофені жеуге болатын стақанға құйып сатады. Стақандар толықтай табиғи өнімнен жасалған, денсаулыққа зияны жоқ. Бұл — кофені қалдықсыз ішу үшін жасалған қадам. Қазақстанның кофе нарығына бұл жаңалықты алғаш болып кәсіпкер Асылжан Қази енгізді. Ол Baribar.kz тілшісіне стақандар жайлы айтып берді.
Аз ақшамен жақсы табыс табуға болатын кәсіп туралы
Асылжан Қази кофе бизнесіне 2015 жылы кіріскен. Алғаш ашқан кофеханасы да Астанада болған.
2015 жылы ойда жоқта кәсіп бастап кеттім. Досымның әлеуметтік желідегі «Бүгін өзіңе мақсат қоймасаң, бір күні біреудің мақсатын орындау үшін жұмыс істейсің» деп жазғанын көріп, бірден бір тірлік бастауым керек екенін түсіндім. Google–дан аз ақша салып, көп ақша табуға болатын кәсіп іздегенде бірнеше нұсқа шықты. Ішінен ең ұнағаны — to go форматтағы, яғни «кофені алып кету» форматындағы кофеханалар. Екі айда бірінші нүктемді ашып, кәсіп өзін ақтап, екі жылдан кейін сатып жібердім, — дейді кәсіпкер.
Стақанын да жеуге болатын кофе
Асылжан кейін бұл кәсібін кеңейте түскен. Бес жылда 10 кофехана ашып, оны қайта сатқан. Осы тәжірибесінің арқасында ол кофе нарығын жақсы түсінетінін айтады. Соның арқасында ол алғашқылардың бірі болып Қазақстанға жеуге болатын стақандарды алып келді. Енді Астана тұрғындарының сыртын жеп қоюға болатын, барынша қалдықсыз кофе ішу мүмкіндігі бар.
Қазір елдегі экологиялық ахуал өте нашар. Біз соны жақсартпасақ та, тым құрыса зиянымыз аз болсын деп сыртын жеуге болатын кофелерді сататын болдық. Стақан кәдімгі бидай мен даршыннан жасалған. Бағасы — 790 теңге, — дейді Асылжан.
Кәсіпкердің айтуынша, стақанның құрамында химиялық қоспалар мен бояғыштар жоқ. Құрамы 100% таза мұндай стақандар әзірге тек Ресейде жасалады.
Стақандарды Ресейден алдырамыз. Жалпы бұған дейін жеуге болатын ыдысқа сорпаны құып немесе бургерді салып беретін трендтер болған. Бірақ дәл осы жейтін кофе тренді Ресейден шықты. Өкінішке қарай, стақандар Қазақстанда әзірше өндірілмейді. Біздің елімізде мұндай стақан өндіруді кәсіп ететіндей сұраныс жоқ, — дейді ол.
Асылжан жеуге болатын стақандардың гигиеналық тұрғыдан қаншалық дұрыс тренд екеніне қатысты да пікір айтты. Мұндай стақанмен кофе ішкісі келген адамға бариста санитария талаптарын қатаң сақтай отырып қызмет етеді.
Бұл стақандардың бәрі арнайы бітеу пакеттерде сақталады. Бариста қолына алмас бұрын бірден стақанға қызыл капхолдерді кигізеді де, соның сыртынан ұстайды. Осылай, стақанға ешкімнің қолы тимейді. Сондықтан гигиеналық жағынан ешқандай мәселе жоқ, — дейді Асылжан Қази.
Нарықтағы трендтер мен Қазақстандағы кофе мәдениеті
Ол кәсіпкер ретінде мұндай кофе сатқан аса көп табыс әкелмейтінін айтты. Асылжанның сөзіне қарағанда, бұл тренд елде ары кетсе үш жыл болады.
Кәсіп ретінде бұл маған аса көп табыс әкелмейтіні белгілі. Бұл жай ғана экологиялық қозғалысқа қосқан үлесіміз дер едім, бізден кейін өзге кәсіпкерлер мұны маркетиң амалы ретінде пайдалана алады. Бұл бір тренд болғандықтан, мәзірдің бас жағына бекітіліп кетеді деу де қиын. Кофе ішетіндердің көбі — студенттер. Оларға күн сайын стақанына 790 теңге, ішіндегі кофесіне 800 теңге төлеу қиын. Сондықтан халықтың көп бөлігі қызығып, дәмін көрген соң, сатылымнан шығатын шығар. Бірақ сұранысыһ болса, экологиялық тиімді тауарды қуана-қуана сатар едім, — дейді кәсіпкер.
Асылжан елдегі кофе мәдениеті дами түссе, кәсіпкерлер нарыққа оның өзге түрлерін де ұсына беретінін айтады. Оның айтуынша, Қазақстандағы кофе мәдениеті жылдан жылға дамып келеді.
Расын айтқанда, 2015 жылдары кофе сату, кофехана ашу деген Қазақстан нарығы үшін тиімді емес еді. Қоғамда қазақтар тек шай ішеді деген түсінік болды. Бірақ уақыт өте жақсылап ұсынсаң, қазақтар да кофе ішетінін көрдік. Қазір елдің барлық қаласында кофе ішу мәдениеті қалыптасып қалды деуге болады. Шалғай жатқан кішігірім қалалардың өзінде кофеханалардың болғаны — сөзіме дәлел. Астананың өзінде 700-ге тарта кофехана бар, — дейді ол.
Асылжан алдағы үш жылда тағы 100 кофехана ашуды мақсат етіп отыр. Ол кофеханалары нарықта кәсіп үшін тиімді, халыққа пайдалы трендтерді қалыптастырушы ретінде танылғанын қалайды. Жеуге болатын стақандарға деген қызығушылық басылмас бұрын, кәсіпкер тағы бір экологиялық трендті ұсынбақшы. Жақында Астанадағы кофеханаларда су қайта өңделетін бөтелкеде сатылады.