Нұрбол Құсайын — Алматының тумасы, 26 жаста. Қазір ол Лондонда қызмет көрсетумен айналысатын Oakley Capital компаниясында жұмыс істейді. Нұрбол Baribar.kz тілшісіне шетелге қалай тегін баруға болатынын, студенттер үшін шетел компаниялары мен қорлары қандай байқаулар өткізетінін айтып, мұндай байқауларда қалай жеңуге болатыны туралы кеңес берді.

— Нұрбол, қазір Лондонда тұрады екенсіз. Қалай және не үшін кетіп қалдыңыз?

— 2020 жылы Алматыдағы Тұран университетінің «Экономика» мамандығын бітірдім. 2021 жылдан бері Ұлыбританияда, Лондондағы Oakley Capital компаниясында жұмыс істеймін. Қазір орысша сөйлейтін клиенттермен байланыс құруға жауапты маманмын. Бұл компания — Лондондағы мейрамханалардың, жаттығу залдарының, бренд дүкендерінің ірі құрылтайшысы. Компанияның тек орысша сөйлейтін клиенттері көп болғандықтан, олармен сапалы байланыс құру үшін орыс тілін білетін маман керек 

Негізі бакалаврдағы мамандығым бойынша, экономика саласындағы саяси басқару істерімен айналысуым керек еді. Оқуды бітірген соң мемлекетке қызмет етемін, саясаткер боламын деп ойлайтынмын. Себебі университетті жақсы оқыдым, қызыл диплом алдым. 

Өкінішке қарай, Қазақстанда мүмкіндік те, жалақы да өте аз болды. Сондықтан шетелде қандай мүмкіндіктер бар екен деп, іздене бастадым. Магистратураға түскім келіп, түрлі бағдарламаны зерттеп жүргенде LinkedIn деген сайттан шетелден жұмыс қарай бастадым. Магистратура оқуға өтініш жіберген елдің бәрінен жұмыс іздеп отырдым. Білім грантының жауабын күтіп жүргенде бірнеше компаниядан жұмыс бойынша жауап келді. Бес кезеңдік әңгімелесу болды. Бір компанияға кандидатурам ұнап, жұмысқа шақырды. Содан соң оқуды тоқтата тұрайын деп, 2021 жылы Лондонға көшіп келдім. Бес жылға виза алдым, Қазақстанға әзірше тек қонақ болып барып тұрамын. 

Нұрбол Құсайын. шетелде оқу
Фото жеке архивінен

Бірақ топ етіп Лондоннан бір-ақ шықпадым. Айтқанымдай, студент болып жүргенде-ақ өте белсенді болдым. Шетелге шығудың, онымен қоймай, тегін шығудың жолын іздейтінмін. Бакалавр оқып жүргенде Work and travel бағдарламасы арқылы АҚШ-қа бардым. Бұған қоса ғылым және жоғары білім министрлігінің жолақы гранттары бар. Соның арқасында Литвада жарты жыл оқуға мүмкіндік алып, мемлекет 1 500 000 теңге берді. Оған дейін БҰҰ-ның еріктісі ретінде Қазақстан атынан Ресейде болған бүкіләлемдік жастар фестиваліне, Өзбекстан мен Қырғызстанда өткен еріктілер кездесуіне қатыстым. Қай жерге барсам да, шығынымды мемлекет, ұйымдастырғандар өтеп беретін. Осының бәрін көре келе «қарапайым отбасынан шыққан қазақ баласы да Лондонда жұмыс істей алады ғой» деген ой келді.

«Жолақы грантын» табыстау. Фото жеке архивінен.

Көп адам шетелдік бағдарламалар бар екенін білгеннің өзінде, оларға өтініш бермейді. Себебі ондай бағдарламалардан тек ақшасы барлар, сабақты түгел беске оқитындар ғана өтеді деп ойлайды. Тапсырып көрмей жатып-ақ, өтпей қалудан қорқады. Меніңше, жолақы гранты — бакалавр студенті үшін керемет мүмкіндік. Оны пайдаланып қалу керек.

— Жолақы грантына қалай өтініш беруге болады?

Бұл грантқа өтініш жыл сайын қаңтарда қабылдана бастайды. Қазақстандағы кез келген университет студенті қатыса алады. Университетте білім беру бағдарламалары бойынша кеңес беретін арнайы бөлім болады. Сондағы қызметкерлерге барып «Жолақы грантына» тапсырғыңыз келетінін, шетелде оқуға ниетті екеніңізді айту керек. Кейін құжат жинау процесі басталады. Ағылшын тілін білетініңіз туралы сертификат керек. IELTS сертификаты болса, жақсы. Болмаса, ағылын тілі деңгейін көрсететін кез келген сертификат жарай береді. Мысалы, менде ол кезде IELTS сертификаты болмады, ол қымбат тұрады. Сосын университеттегі студенттер орталығы арқылы тест тапсыра салдым. Сондағы жинаған балды IELTS шкаласы бойынша жазып берді. Бұған қоса міндетті түрде мотивациялық хат жазуыңыз керек. Кейінгі семестрдегі бағалардың транскриптін де жіберуіңіз қажет. Белсенді студент болсаңыз, қатысқан шаралаңыздан алған сертификаттарыңызды қоса тіркеңіз. Бұл мүмкіндігіңізді арттырады.

Министрлік ішінен құрылған комиссия бәрін есептеп, ортақ балыңызды шығарады. Әдетте әр университетке бес-алты орын беріледі. Бірақ көп университет басшылығы да бұл грант туралы білмей қалып жатады. Сондықтан студент өзі ізденіп, сұрастырып жүргені дұрыс. Мен тапсырғанда жауабы төрт-бес айдан соң шықты. Комиссия университетке қай студенттері өткенін айтып, хат жазады. Сосын студенттер құжаттарының түпнұсқасын университетке өткізеді, олар оны Астанаға министрлікке жібереді.

Бағдарламаға бакалавриат, магистратура мен докторантура студенттері де қатыса алады. Бұл бағдарламаға 2-3-курстардың өту мүмкіндігі жоғары. Өйткені 1-курстардың ағылшыны жетпеуі мүмкін, студенттік өмірге енді қадам басып жатқандықтан, түрлі іс-шараға қатысып, сертификат жинап үлгермеген де болуы мүмкін.

— Студент жолақы грантын жеңіп алса, шетелге қанша уақытқа жіберіледі?

— Бұл студенттің қай университетті таңдайтынына байланысты. Кейбір университеттің бұл грант аясында ұсынатын оқу бағдарламасы төрт ай болса, енді бір университетте алты ай немесе бір жыл болуы мүмкін. Университет қанша уақытқа шақырса, мемлекет сол уақыт аралығындағы қаражатты төлеп береді. Бірақ көбіне оқу төрт ай болады. Өз басым, Литвада алты айлық бағдарламамен оқып қайттым. Серіктес университеттер арасында өзіңіз қалайтын оқу орны жоқ болса, сол университеттің поштасына өз атыңыздан хат жазып, оқығысы келетінін айтып, шақырту жіберуді сұрай алады. Себебі бұл бағдарлама бойынша мемлекет ақшаны университетке емес, студенттің өзіне береді. Кейін студенттің өзі есеп беруі керек. Ал мемлекет студенттің күнделікті керек-жарағына, жолына, баспана және оқу ақысына ақша береді. Студент баратын университетінде тегін оқыса, мемлекеттің оқу ақысы деп берген ақшасын өз қажетіне жарата алады. Бастысы, түбіртекті көрсетуі керек.

— Бір жылдары Конрад Аденауэр қорының шәкіртақысын алдыңыз. Ал бұл байқаудың талаптары қандай?

— Бұл  қор жыл сайын студенттер үшін шәкіртақы алуға байқау жариялайды. Өз басым, мектепте жақсы оқысам да, бакалаврға мемлекеттік грантпен түсе алмадым. Бірақ 11-класта ғылыми жоба қорғап, Тұран университетінің ішкі грантын ұтып алған едім. Тегін оқысам да, шәкіртақы алмайтынмын. Кейін тобымдағылар ай сайын 20 мың теңге шәкіртақы алғанда қызығатын болдым. Адам өзінде жоқ нәрсені біреуден көргенде қызығады ғой. Таныс балалардан осы Аденауэр қоры туралы естіп, одан шәкіртақы алуға өтініш тапсырып көрдім. Талаптары өте қарапайым. Бұл үшін де мотивациялық хат, ағылшын тілі сертификаты мен белсенді студент екенін растайтын сертификаттар қажет. Құжаттардың ішінде маңыздысы — осы үшеуі. Құжаттарды қордың мына лектрон поштасына жіберу қажет: [email protected]. Жауабы үш айдан кейін шықты. 800 адамның ішінен 40 адамды таңдап алып, қордың Астанадағы офисіне шақырып, әңгімелесті.

шетелде оқу
Фото жеке архивінен.

Студенттерге мынадай жақсы кеңес бергім келеді. Әңгімелесу кезінде бұл шәкіртақыны неліктен дәл сіз алуыңыз керек екенін сұраса, «білім алып, Қазақстанның болашағына, экономикасын көтеріп, елді дамытуға үлес қосқым келеді» деп айту керек. Өзім «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығында оқитынымды, білім және ғылым саласында жұмыс істегім келетінін, осылайша еліме көмектескім келетінін айттым.

Сосын мотивациялық хатты қалай дұрыс жазу керек деп сұрайтындар көп. Кез келген бағдарламаға өтініш бергенде, мотивациялық хатыңыз үлкен рөл ойнайтынын ескерген дұрыс. Бұл хатта «Грант үйлестіруші тарап неліктен сізді таңдауы керек?» деген сұраққа жауап беруіңіз керек. Бірақ асыра сілтеп, өтірік мақтап жазуға болмайды. Әдетте комиссия мұны бірден біліп қояды.

Мен нақты үш кеңес айтайын. Біріншіден, шынайы болыңыз. Шынымен қандай адамсыз, соны жазыңыз. Қарапайым студент екеніңізді, қолыңыздан көп нәрсе келмейтінін қысылмай жаза беріңіз. Бірақ қолыңыздан не келетінін жазуды да ұмытпаңыз. Екіншіден, сізді нақты не ерекшелейтінін белгілі бір оқиға арқылы түсіндіріп беріңіз. Мысалы, бір қиын оқиғаға тап болғаныңызды, оны қалай шешкеніңізді жазып, өзіңіздің қабілетіңізді көрсетіңіз. Қабылдау комиссиясына 500-ден аса хат келуі мүмкін. Соның ішінде ерекшеленіп тұруыңыз керек. Үшінші кеңесім — осы шәкіртақы сізге және қаржыландырушы тарапқа қаншалық пайдалы болатынын талдап жазып беріңіз. Мысалы, «Осы шәкіртақыны алсам, өмірімді өзгерте аламын, түрлі ел көруге мүмкіндік туады. Ал сіздерге пайдасы — жарнама. Сіздер бөлген шәкіртақының арқасында жетістіктерге жетіп, қолдаушы ретінде сіздерді атап жүремін» деп жазуға болады.

Соның арқасында ма, әлде сертификаттарымның арқасында ма, сәтті өтіп, қор тоғыз ай бойы 80 мың теңге шәкіртақы төледі. Меніңше, студент үшін бұл — аз ақша емес. Бұған қоса қор шәкіртақы төледік деп, көп нәрсе сұрамайды. Студент сол тоғыз ай бойы сабағын тек беске оқуы керек. Шәкіртақы мерзімі аяқталғанда студент бір тақырып таңдап, қор мүшелеріне баяндама жасап беруі керек. Қор өзі 110 тақырып ұсынып, соның бірін таңдадық. Өзім Қазақстандағы жұмыссыздықты зерттедім. Бұл шәкіртақының басты мақсаты — Орталық Азия елдеріндегі белсенді студенттерді білім алуға ынталандырып, кішігірім қолдау. Есесіне ол студент ертең жақсы жерге жұмысқа орналасып жатса, қандай да бір жетістікке жетсе, «кезінде осы қордың шәкіртақысын ұтып алғанмын» деп айтып жүреді. Бұл қор үшін де жақсы жарнама деуге болады.

— Жалпы мұндай мүмкіндіктер жайлы ақпаратты қайдан алуға болады?

— Негізі, жастардың көбі еріктілерге арналған мүмкіндіктер, грант пен шәкіртақы, шетелде тағылымдамадан өту бағдарламалары жарияланып отыратын арнайы ресурстар бар екенін біле бермейді. Мысалы, Қазақстанда neupusti.kz деген сайт бар, Қырғызстанда grantium.kg ресурсы бар. Бұған қоса АҚШ бөлетін шәкіртақылар жарияланатын scholarships.com және educationusakazakhstan.kz сайттары бар. Магистранттар Chevening.org сайтынан Ұлыбритания беретін шәкіртақы байқаулары туралы біліп отыра алады. Еуропа елдерінде бір семестр тегін оқығысы келетін магистранттар Еrasmus+ бағдарламасына өтініш берсе болады. Түркияда тегін оқимын дегендер үшін Turkiye burslari бағдарламасы бар. Ал шетелде жұмыс істеп көргім келеді дейтіндер вакансиялардан хабардар болып отыру үшін LinkedIn әлеуметтік желісіне тіркеліп алса болады. Бастысы, адам не қалайтынын түсініп, осы сайттарды үнемі қарап отырғаны дұрыс. Бірден бірнеше жерге өтініш беріп қоюға да болады. 10 бағдарламаға өтініш берсеңіз, әйтеуір екі-үш жерден жақсы жауап келуі мүмкін.

— Бұл бағдарламалардың ішінен қайсын ерекше атап өтер едіңіз?

— Қаржыландыру жағынан Еrasmus+ бағдарламасы — өте жақсы бағдарлама. Біздің «Болашақ» бағдарламасынан еш кем емес. Тіпті артықшылығы бар, себебі бұл бағдарлама шартында үш жыл еңбекпен өтеу керек деген талап жоқ. Бірақ оқудан кейін елге келіп, жұмыс істегісі келетінін, сол қалауына сенімді адамдар болса, «Болашақ» та — керемет бағдарлама. Естуімше, байқау өте әділ өтеді. Осы бағдарлама бойынша грант ұтып алған таныстарым да көп. Бірақ, меніңше, әзірге бұл бағдарлама бойынша түлектер керемет бір нәтиже көрсете алмай жатқан сияқты. Айтпақшы, көбі «Болашақ» байларға арналған бағдарлама деп ойлайды екен. Бұл бағдарлама арқылы мемлекеттен ақша алуға кез келген адамның мүмкіндігі бар.

Бастысы, өтпей қаламын деп қорықпау керек. Бірінші ретке жай ғана «тапсырып көрейін» деген ниет жеткілікті деп ойлаймын. Оның үстіне тапсырмай, өмір бойы өтпей қалғаннан қорқып жүргенше, бір тапсырып, өтпей қалған жақсы емес пе?! Есесіне қай жерден қателескеніңді түсініп, екінші рет тапсырғанда өтіп кету мүмкіндігің әлдеқайда жоғары болады.

Бастапқыда кішігірім бағдарламалардан бастауға болады. Әр бағдарламаны білген сайын жаңа таныс тауып, өзің сияқты ізденімпаз ортаға тап боласың. Өзімде де сондай орта бар, ең бірінші қатысқан бағдарламада танысқан достарымызбен әлі күнге шейін араласып, бір-бірімізге жаңа бағдарламалар болса, сілтемесін жіберіп тұрамыз. Литваға төрт ай оқуға барғанда неше түрлі адаммен танысып, сол достарымызбен қазір өте жақын араласамыз. Сонымен қатар бір Литваға жетіп алғанымыздың арқасында, Еуропаның көп еліне барып көрдік. Қазір санасам, 14 елінде болыппын. Соның ішінде тек Түркияға саяхат деп, өз ақшама бардым, қалғанының шығынын мемлекет төлеп берді. Осының бәрі жай ғана қызығушылық пен шетел көрсем ғой деген бір арманнан басталды. Бірінші Қазақстанның ішіндегі мүмкіндіктерді көруге де болады. Кейін Орталық Азия, кейін АҚШ деп, бір есікті ашқан соң, қалған есіктер өзі-ақ ашыла береді. Қорқыныш та сейіледі. Білім көкжиегің де кеңейеді.

Фото жеке архивінен

Бакалаврға түскен төрт жылда тек мамандық емес, өзіңіз қызығатын кез келген бағыттағы конференция, шараларға қатыса берген дұрыс. Себебі бакалаврға түсетіндердің көбі мамандықты шынымен қалап түспеуі мүмкін. Көбі тек грантқа түссем болды, ата-анамды қинамайын дейді. Бірақ ондай студенттер грантта оқып жүріп, өзін іздеуі керек. Кейін магистратура, докторантура оқығанда тек салалық іс-шаралар мен бағдарламаларды қарастыруға болады.

Instagram–парақшаңызда бала кезде «Оксфорд университетінде оқуды армандадым. Қазір бұл университетке түспес едім» деп жазыпсыз. Ойыңыз Лондонға барған соң өзгерді ме?

— Бала кезде нені армандайтынымды сұраса, Оксфордқа оқуға түскім келеді деп жауап беретінмін. Бірақ, иә, Лондонға келіп, сол оқу орнын бітірген адамдармен, университет студенттерімен танысып, ойым өзгеріп кетті. Қарап тұрсам, ол студенттердің де, менің де білетінім бір нәрсе, бәріміздің мүмкіндігіміз де бірдей. Өзіңе, білім алып, оқитыныңа сенімді болсаң, кез келген университетті бітіріп-ақ керемет жетістікке жетуге болады. Оқымайтын, қолынан түк келмейтін еріншек бала кенет Оксфордқа түсіп, тек сол университет ғимаратында оқығаны үшін керемет адам болып кетеді деген қате пікір. Оның үстіне қазір ел көрдім, жер көрдім, өзімше жетістіктерім бар. Сондықтан қазір Оксфордқа түсетін бір себеп қалмаған сияқты. Мүмкін алдағы жылдары тағы оқимын, білімімді тереңдетемін десем, тағы ойланып көрермін. Оған дейін жұмыс істеп, әлем бойынша тегін мүмкіндік туып жатса,ел аралай бергім келеді.

— Әңгімеңізге рақмет!

***

Тағы оқыңыз:

Тест. Жазды қаншалық тиімді өткізіп жүрсіз?