Атырауды түтін басты: министр экологиялық жағдайға қатысты пікір айтты

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова кейінгі күндері Атыраудағы экологиялық ахуалға әсер еткен үш жағдай туралы айтты.

3 сәуірде Атырау облысында бірнеше штаттан тыс оқиға, соның ішінде “Ақ Жайық” мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы қамыстың өртенуі, Атырау мұнай өңдеу зауытының түтіндеуі мен «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС-да факелде газ жағу орын алды. Сол күндері орын алған қолайсыз метеорологиялық жағдайлар мен желдің болмауын қоса алғанда күрделі экологиялық жағдай қалыптасты, — деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта екі кәсіпорынға қатысты тексеруді прокуратураға тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі факті бойынша мән-жай анықталады.

Кәсіпорындардың, әсіресе Атырау мұнай өңдеу зауытының экологиялық көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Табиғатты қорғау заңнамасын бұзу және факелде газды жандыру жүйелі түрде тіркеліп жатыр. Былтыр тиісті экологиялық заңнаманы жүйелі бұзғаны үшін зауыттың экологиялық рұқсатын тоқтата тұру туралы Атырау облыстық экология департаменті материалдарды сотқа жолдаған болатын, — дейді ведомство басшысы.

Зүлфия Сүлейменованың айтуынша, биыл да зауыттың экологиялық көрсеткіштер сапасы жақсармаған.

Осыған байланысты кәсіпорындар экологиялық көрсеткіштерін жақсарту мәселесін бақылауға алып, барлық бұзушылықтарды дереу жоюы қажет. Осы мәселе бойынша министрлік Атырау мұнай өңдеу зауыты мен KPI-нің бас компаниясы – ҚазМұнайГазға (KPI бойынша Самұрық Қазына Өңдеуді қоса) хат жолдамақ, — деп жазды министр.

Еске салайық, атыраулықтар бірнеше күннен бері қаланы қою түтін басқанына шағымданған еді.