Программист десе ноутбуктан бас көтермейтін, тұйық, сөйлеуден гөрі код жазуды құп көретін адамды елестетуіңіз мүмкін. Алайда олардың кейбірі сөйлеуден кенде емес екенін, өз саласын қызық әрі пайдалы етіп айтып бере алатынын дәлелдеп жүр. Baribar.kz ІТ мамандары сөйлейтін қазақстандық жеті подкасты ұсынады.

«Кеше. Бүгін. Ертең»

Айбек Қуатбай
Фото: Podcasts.apple.com

«Кеше. Бүгін. Ертең» — Қазақстандағы ІТ саласы, цифрлы медиа, цифрландыру, кәсіп және экономика сияқты тақырыптар туралы подкаст. Оның авторы — Bugin Holding компаниясының негізін қалаушы Айбек Қуатбай. Жобаның негізгі ұраны — кешегіні ұмытпау, бүгінді бағалау, ертеңіңе жол ашу.

Бүгінге дейін подкастың үш эпизоды жарыққа шықты. Онда қазақша контентті дамыту, ІТ мамандарының қызметі мен табысы туралы сөз қозғалады. Мысалы, подкаст жүргізушісі Daryn Online компаниясының өкілімен сұхбаттасқан.

Бір эпизодтың ұзақтығы — 40 минут-1 сағат.

Qoqys talk

подкаст
Фото: Рodcasts.apple.com

Qoqys talk подкасының әр эпизодында ақпараттық технологиялар саласындағы түрлі маман өз тәжірибесін, лайфхактарын, кеңестері мен ой-пікірін бөліседі. Подкаст қазақ және орыс тілінде. Осы күнге дейін 13 бөлімі шыққан.

Авторы Әлихан Ойтанның айтуына қарағанда, подкастың мақсаты — аудиторияға ІТ бағытына қатысты тақырыптарды қарапайым, түсінікті тілмен айтып беру. Осы күнге дейін эпизод қонақтары атомдық инженериядан жасанды интеллектіге 6 айда көшу, стартап бастау, шетел компаниясында программист болып жұмыс істеу, Қазақстандағы ІТ нарығы, ІТ-дегі білім саласы, қазақ және PUBG сияқты тақырыптарды қозғаған.

Подкаст дизайнері — Жантөре Башембаев, музыка өңдеушісі — Нұрсұлтан Пансат. Авторлар подкасты шай ішіп отырып, тыңдауға кеңес береді.

Narikbi live

подкаст
Фото: Narikbi Live

Кезекті қазақша подкастың бірі — Narikbi live. Онда IT маманы, автор Нәрікби Мақсұт түрлі адаммен сұхбаттасады. Көбіне жаңа технологиялардың мүмкіндігі, оның ішінде TikTok, Instagram, блогер болу, жарнама ісі, «инфоcыған», «инфоманьяк» тақырыптарын көтереді. Сонымен бірге психология, экономика, кәсіпке қатысты мәселелерге де тоқталады. Осыған дейін жобаның 46 эпизоды тыңдарманға жол тартты.

Автор Абай Құнанбайұлының «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар ақылың мен қайратың екі жақтап» деген сөзін подкаст ұраны еткен.

«Карьерные пути программиста» 

подкаст
Фото: Рodparadise.com

«Карьерные пути программиста» жобасының авторы Тілек Мұхитов Google компаниясында жұмыс істеген. Оның компаниядағы қызметіне қызығатындар, оған қатысты сауал қоятындар көп болған. Сол себепті бәріне подкастинг арқылы айтып беруді жөн көрген. Сөйтіп «Карьерные пути программиста» подкасының алғашқы бөлімі өзіне арналса, кейін АҚШ, Канада, Жапония сияқты дамыған мемлекеттердің ең ірі компанияларын қызмет ететін Орталық Азия программистерімен сұхбаттасатын болды.

«Код және кофе»

подкаст
Фото: Kaz.tgstat.com

«Код және кофе» —  қазақстындық Kolesa group-тың жеке жобасы. Бұл подкаст көбіне ақпараттық технология бағытындағы мамандарға немесе осы ортаға енді келіп жатқандарға арналған. Себебі мұнда көбіне ІТ саласына қатысты күрделі әрі пайдалы ақпараттар айтылады. Мысалы, front-end-даму, COVID-19 диагнозын қою үшін Deep Learning қолданбасын пайдалану, ІТ-компаниялардың механизмі туралы сөз қозғалады.

«Успех в деньгах?»

подкаст
Фото: І1.sndcdn.com

Қазақстандық DAR IT компаниясы «Успех в денгах?» подкасын жасап шығарды. Онда әртүрлі маман жұмысындағы тиімді лайфхактарын айтып береді. Подкаст жүргізушісі — Роман Лукьянчиков. Қазір бұл жобаның сегіз бөлімін тыңдауға болады.

Pinemolon.com

подкаст
Фото: Рodparadise.com

Олар жобаны қалай бастады? Қандай қиын жағдайларға тап болды? Нәтижесінде қандай жетістікке жетті?

Pinemolon.com күнделік форматындағы подкасында осы туралы айтылады. Оның тұрақты қатысушылары — Арман Сүлейменов, Алексей Ли және Лариса Пак. Олар жеке ІТ-стартабының алғашқы қаланған кірпішінен бастап бүгінгі жетістігіне дейін қадам-қадаммен баяндайды.