Өрт сөндірушілер қоңырау түскен соң қанша уақытта жиналады? Олардың бір күні қалай өтеді? Өрт шығуы мүмкін ғимараттар алдын ала қалай зерттеледі? Baribar.kz тілшілері Алматыдағы төтенше жағдайлар департаментіне қарасты №1 өрт сөндірушілер бөлімшесіне барып, қызметкерлердің қызу жұмысын көріп қайтты.

Өрт сөндіру бөлімшесі күннің қай уағы болса да, қоңырау түскен сәтте жолға шығып кетуге әзір тұрады. Бөлімше қызметкерлері ауысыммен жұмыс істейді. Бөлімшеге 8.00 шамасында жеттік. Бізді аға өрт сөндіруші, сержант Дархан Рысбаев пен өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Төлеген Әлжанов күтіп алды. Олар уақыты тығыз екеніне қарамастан, бөлімнің күнделікті жұмысын таныстырды.

көлік жуу, өрт сөндіруші
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Төлеген Әлжанов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сержант Дархан Рысбаевтың айтуынша, №1 өрт сөндірушілер бөлімшесінде жалпы 60 адам жұмыс істейді. Олар төрт қарауыл тобына бөлінген. Бір қарауыл тобы бір тәулік жұмыс істеп, үш күн демалады.

8.30-да алдыңғы ауысымда жұмыс істеген өрт сөндірушілер үйіне қайтуға дайындалып жатты. Олардың жұмыс күні аяқталғанымен, екінші қарауыл тобының қызметі енді басталды. Алдыңғы қарауыл тобы мен жұмысқа жаңа келген қарауыл тобы қарама-қарсы сапқа тізіліп, өткен күннің кезекшілігін қорытындылады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Оған қоса кезекші болған өрт сөндірушілердің формасы мен қызметтік куәлігін де тексеріп шықты.

Алдыңғы қарауыл тобын алмастыратын өрт сөндірушілер жұмысқа 6.30-дан бастап келе береді. Кешігетін қызметкер қарауыл тобының бастығына хабарласып, онысын ескертеді, — дейді Дархан Рысбаев.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Одан соң өрт сөндіруге арналған көлікті тексеріп, қабылдап алды.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Тексерістен өткен соң қызметкерлер жұмысына кірісті. Төтенше жағдай қызметкерлеріне қоңырау күнде таң атпастан түсе бермейді. Мұндай кезде өрт сөндірушілер бөлімше ішіндегі қызметімен айналысады. Мәселен, олар ең әуелі оқу-практикалық сағатын өткізеді. Таңертең ми «таза» кезде теория және практика жүзіндегі білімін қайталап алады. Себебі өрт кезінде олардың әр іс-қимылы, білігі маңызды. Оқу сағаты 12.00-ге дейін жалғасады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Кейін 12.00-13.00 аралығында норматив орындайды. Әдетте бұл кезде олар өрт сөндіруге арналған көлікке су толтырып, құбыршек (шланг) тартып, құтқару арқанын байлайды. Өрт сөндіруші киімін жылдам киіп жаттығады. Оған қоса құрал-жабдығының қайда орналасқанын еске түсіреді. Себебі өрт кезінде қызметкер қай заттың қай жерде тұрғанын бес саусақтай білуі қажет.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дегенмен қазір Рамазан айында қызметкердің бәрі дерлік ораза ұстап жүр. Аға өрт сөндіруші сержант Дархан Рысбаев күні бойы нәр татпаған өрт сөндірушілерге қиын болмас үшін осы айда оларды дене күшін талап ететін нормавтивтің ауыр түрлерінен уақытша босатқан.

Оны орындау оңай емес. Мәселен, өрт сөндірушінің киімінің өзі 30 келі тартады. Оразада олардың күшін бұған емес, шұғыл көмек жағдайына қалдыруды жөн көрдік, — дейді Дархан Рысбаев.

Дархан Рысбаев. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

13.00-14.00 аралығы — түскі ас уақыты. Бір қызығы, қызметкерлер тамақты өзі әзірлейді. Оған да кезекшілік қойған. Кезегі келген адам тамақ жасайды. Қазір ораза болған соң олардың тамақ дайындаған сәтін түсіруге мүмкіндік болмады. Бірақ өрт сөндірушілер бұл уақытты бос өткізбеді. Бірі ауланы тазалады, енді бірі бөлімше көлігін жуды.

көлік жуу, өрт сөндіруші
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Түскі астан кейін, 14.00-15.00 аралығында өрт сөндірушілер тоқ басу үшін әрі миын тынықтыру үшін бір сағат демалады. Олар мұны «ми тынықтыру» деп атайды. Ал 15:00-ден 16:00-ге дейін бөлімшеде спорт шаралары өтеді: футбол, баскетбол, волейбол ойнап, дене қыздырады. 16.00-ден 17.00-ге дейін бөлімшенің ішін жуады.

17.00-18.30 — жедел-тактикалық жаттығуларға арналған уақыт. Өрт — тілсіз жау. Ол кез келген уақытта, кез келген жерден шығуы мүмкін: мектепте, ауруханада, дүкенде және тағы басқа жерде. Өрт сөндірушілер ештеңеге қарамастан әртүрлі жағдайға дайын болуы қажет. Сол себепті олар объектілерді жедел-тактикалық түрде зерттейді.

Бұл үлар басшылық рұқсат берген арнайы ғимаратқа барады. Ғимараттың ұзындығын, енін есептеп, ішін зерттейді. Осы жерде өрт болса, қандай шара қолданатынын, ішінде шамамен қанша адам болатынын анықтайды. Сонымен қатар өртті қалай қауіпсіз әрі дұрыс сөндіру қажет екенін талқылайды. Бұл жаттығу айына үш-төрт рет өтеді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

18.30-дан 19.15-ке дейін кешкі ас ішеді. Ал 20.30-да өрт сөндіруге арналған құрал-жабдықты, көлігін қайта жуады. Қоңырау түсіп, көмекке барған соң олардың құрал-жабдығы, көлігі кірлеп қалады. Сол себепті де олар қайта-қайта жуып, қажет заттарын таза ұстауға тырысады.

Мына нәрсені ескерген жөн. Бұл — өрт сөндіру қызметкерлерінің бөлімше ішіндегі жұмысы ғана. Олардың басты қызметі — қаладағы төтенше жағдайларда көмектесу. Ғимаратта, үйде, орманда өрт шықса, жол апаты болса, тіпті бала үйінде құлыпталып, есігін аша алмай қалса да, өрт сөндірушілер көмекке барады. Олар бөлімшедегі барлық жұмысын тастап, жылдам киініп, екі минутта жиналады.

өрт сөндіруші, киім, форма
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

22.00-22.30 аралығы ешқандай шаруа болмаса, қызметкерлер жуынып, ұйқыға жатады. Оларға кез келген уақытта көмекке мұқтаж адамдар қоңырау шалуы мүмкін. Сол себепті ұйқылары қанғаны жөн.

Осылайша, төтенше жағдай қызметкерлері келесі күннің таңғы 8.30-ына дейін жұмыста болады. Түнгі ауысымнан соң 6.30-да оянып, жуынады, таңғы асын ішеді, кейін келесі қарауыл тобына кезекшілікті тапсыруға дайындалады. 8.30-ға дейін өрт сөндіретін техниканы жуып, әрі жатын бөлмені жинайды. Себебі мұның бәрін келесі қарауыл тобына тап-таза қылып өткізуге тиіс.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Өрт сөндірушілер жұмыс кезінде түрлі қиын жағдайды көреді. Кейде адамды аман алып шығу да мүмкін емес. Ал бұл өрт сөндірушінің психологиясына үлкен соққы. Осындай жағдайда қызметкерлер сынып кетпес үшін арнайы өрт-тактикалық жаттығулары өтіп тұрады. Оған төтенше жағдай қызметінде жарты жылдан астам уақыт жұмыс істеген өрт сөндіруші қатысады. Ол жерде өрт сөндірушінің дене күші әрі психология жағдайы тексеріледі.

Бұл жолы барғанымызда өрт-тактикалық жаттығудың алғашқы күніне дөп түстік. Алматыдағы төтенше жағдайлар департаментіне қарасты өрт сөндірушілер бөлімшелерінің екінші қарауыл топтарымен бірге жаттығу өтетін Алатау ықшам ауданына бардық. Онда үй, турник, көпір және тағы басқа бөгеттер салынған.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жамбыл Жақсылық бес жылдан бері өрт сөндіруші болып жұмыс істейді. Бұл мамандықты Жамбыл мектеп кезінде таңдаған. Арман қуған жас жігіт 2016 жылы әскери борышын өтеп, азаматтық қорғау органына өрт сөндіруші болып кірген. Сөйтіп бала күнгі арманын орындапты. Бүгін ол арнайы оқу-жаттығуынан өтейін деп жатыр.

Жамбыл Жақсылық. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жамбыл және оның әріптестеріне берілген бүгінгі тапсырма — үйдің ішінен адамдарды құтқару. Ұйымдастырушылар үйдің ішінде жасанды түтін жасаған. Оның үстіне айқайлап, жылаған адамдардың даусы естіледі. Жамбыл мен басқа да өрт сөндірушілер тек адамды құтқарып қоймай, мұндай қорқынышты жағдайға қаншалық дайын екенін дәлелдеу қажет.

Ғимараттың іші шағын екен. Оған тек үш адам кіре алады. Сол үш қызметкер іштегі адамдарды аман алып шығуы қажет. Бір аға өрт сөндіруші қауіпсіздік үшін рация арқылы өрт ішінде жүрген қызметкерлердің жайын сұрап тұрады. Меніңше, бүгін біз міндетімізді толық атқардық, — дейді Жамбыл Жақсылық.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жамбыл мұндай жаттығулардың болғаны маңызды екенін айтады.

Өрт кезінде әріптестерімізге барынша көмектесеміз. Кейде баспалдаққа шығудың өзі қиын боп кетеді, — дейді өрт сөндіруші.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл — жаттығудың бір түрі ғана. Өрт сөндірушілерге мұндай тапсырманың сан түрі беріледі. Биыл бұл жаттығу 20 рет өткізіледі деп жоспарланып отыр. 

***

Тағы оқыңыз:

Фоторепортаж. Троллейбус жүргізушісінің бір күні